25 қыркүйек. Туған күн иелері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 25 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
77 жыл бұрын (1941-2003) техника ғылымының докторы, профессор РАХИМОВ Есентай Рахимұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Көктерек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым Академиясы Мәскеу мемлекеттік машинатану ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің ассистенті болып бастап, өмірінің соңына дейін осы оқу ордасының аға оқытушысы, аға ғылыми қызметкері, доценті, факультет деканы, кафедра меңгерушісі, теоретикалық және қолданбалы математика кафедрасының профессоры болған.
Ғалымның 130 ғылыми еңбегі, оның ішінде 5 монографиясы, 6 оқу құралы және бірнеше ғылыми шығармалары бар. Көптеген шығармалары Ұлыбританияда, Италияда, Испанияда, Югославияда, Үндістанда, Болгарияда, Германияда және ТМД елдерінде жарық көрген. 8 техника ғылымының кандидатын даярлаған.
63 жыл (1955) бұрын Алматы облысы Сарқан ауданының әкімі ҚОШАНБЕКОВ Ерғазы Қошанбекұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Күрті ауданы Қарабек ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мал дәрігерлік институтын «зооинженер» мамандығы бойынша, 2004 жылы Д.Қонаев атындағы университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 1972 жылы Алматы облысы Балқаш ауданы Балатопар кеңшарының жұмысшылар кооперациясында сатушы ретінде бастады. 1973-1975 жылдар аралығында Кеңес Әскері қатарында мерзімді әскери қызметін атқарды. 1975-1978 жылдар аралығында Балқаш ауданы Балатопар ауылындағы кеңшар жұмысшыларының кооперациясында азық-түлік дүкенінің меңгерушісі. 1978-1985 жылдары Балқаш ауданындағы Құйған кеңшарының кадр бөлімінің инспекторы, ферма меңгерушісі. 1985-1992 жылдары Желторанғы кеңшарының бас зоотехнигі. 1992-1996 жылдары Т.Бокин атындағы кеңшарының директоры. 1996-1998 жылдары Күрті, Балқаш аудандарының ауылшаруашылық басқармасының бастығы. 1998-2001 жылдары Балқаш ауданы әкімінің бірінші орынбасары. 2001-2011 жылдары аралығында Балқаш ауданының әкімі. 2011-2014 жылдары «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған.
Қазіргі қызметінде - 2014 жылдан бері.
58 жыл бұрын (1960) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының меццо-сопрано дауысты әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М.Глинка атындағы халықаралық әншілер байқауының лауреаты ИЩАНОВА Сара дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры жанындағы опера студиясын, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы музыкалық училищесін, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1990 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры құрамының соло-әншісі. Осы театрдағы алғашқы партиясы - Любаша (Н.Римский-Корсаков «Патша қалыңдығы»). Бұдан кейін Граф әйелі, Ольга (П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі»,«Евгений Онегин»), Амнерис («Аида» Дж.Верди), Флора («Травиата» Дж.Верди), Азучена («Трубадур» Дж.Пуччини), Кармен («Кармен» Ж.Бизе), Марта («Фауст» Ш.Гуно), Маддалена («Риголетто» Дж.Верди), тағы басқа орыс және шет ел классиктерінің опера партияларын кемеліне келтіре орындап, шығармашылық концерттерге белсене қатысқан. Гастрольдік сапармен Қытай мен Түркияда, Мәскеу, Санкт-Петербург қаларында болып, өнер көрсетті.
34 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры - Министрдің баспасөз хатшысы САДУБАЕВ Алмас Қадырбекұлы дүниеге келген.
Ол Тараз қаласында дүниеге келген. 2001-2005 жылдары М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Журналистика факультетін үздік дипломмен тәмамдаған. 2005-2007 жылдары «Қайнар» университетінде экономика мамандығы бойынша білім алған. 2011 жылы Абай атындағы КазҰПУ-дың «Аймақтану» мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2003 жылы Тараз қаласындағы облыстық радиода жаңалықтар бөлімінің редакторы болып бастаған. 2004 жылдан бастап облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің редакторы, 2005-2008 жылдар аралығында Астана қаласында «Қазақстан» ұлттық арнасы жаңалықтар бөлімінің редакторы, PR-директор қызметтерін атқарған. 2008-2010 жылдары Алматы қаласында Республикалық «Заң газеті» мен «Заң» журналының бас редакторы, 2010 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының баспасөз хатшысы. 2010-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің сарапшысы болып қызмет істеген. 2011-2015 жылдар аралығында «ҚР ІІО Медиа орталығы» ЖШС-нің бас директоры.
Қазіргі қызметінде - 2015 жылдың ақпанынан бастап.