2,5 миллионнан астам қазақстандық зейнетақы төлемдерін алады
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі аға буынды қолдау болып қала береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақылардан тұратын зейнетақы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
— Бүгінгі таңда 2,5 млн-нан астам қазақстандық зейнетақы төлемдерін алады. Жыл сайын зейнетақы мөлшері индекстеліп отырады және әлеуметтік көрсеткіштер мен инфляцияны ескере отырып жоғарылатылады. Ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарды және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарын қоса алғанда, азаматтардың 18 санаты арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады, — деп хабарлады Министрлер кабинетінен.
Осылайша, Қазақстанның әлеуметтік саясаты бүгінде адам өмірінің барлық кезеңін қамтитын қолдау жүйесі ретінде қалыптасып келеді. Оған медициналық көмек көрсету, ана мен баланы қорғау, отбасыларға қолдау, мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек беру, білім алу мүмкіндіктерін кеңейту, ғылымды дамыту және тұрақты зейнетақы жүйесін қамтамасыз ету кіреді.
Бұл әлеуметтік мемлекет қағидаттарының және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жөніндегі бағытының нақты көрінісі. Мұндағы басты құндылық — адам, оның әл-ауқаты мен өмір сапасы.
Айта кетейік, Қазақстанда зейнетақы тағайындау және төлеу тәртібі өзгереді.