25 Отан қорғаушы: Капитан-лейтенант Самат Дастан
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Қарулы күштерінің 25 жылдық мерейтойына орай «ҚазАқпарат» ХАА еліміздің Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, оқырман назарына «25 Отан қорғаушы» атты арнайы жобаны ұсынады.
Онда қазақстандық армиядағы қызметін күнделікті іс емес борышым деп санайтын қазақстандық әскери қызметшілер жайында сөз қозғалады.
№29011 әскери бөлімі оқу орталығының бастығы, капитан-лейтенант Самат Дастан Тәуелсіздік жылдарының ішінде Қазақстанның әскери-теңіз күштері жемісті дамып келе жатыр деп санайды.
«2001 жылы Республикалық әскери мектеп-интернатқа оқуға түсіп, оны 2003 жылы бітірдім. Осыдан кейін Түркияның Әскери-теңіз училищесіне түсіп, 2008 жылы оны «инженер-кеме жасаушы» мамандығы бойынша тәмамдадым. Сол уақытта бері Қазақстан Республикасының Әскери-теңіз күштері қатарына қызмет етудемін. Қазіргі уақытта Ақтаудағы №29011 әскери бөлімнің оқу орталығына басшылық жасаймын. 2013-2015 жылдары Түркия Республикасының Әскери-теңіз күштері академиясында «әскер басқаруды әкімшілеу» мамандығы бойынша білім алдым», - деді Дастан.
Оның айтуынша, өзі басқаратын оқу орталығында кіші кеме мамандары үш айлық курста білім алады. Олар дайындықтан өткеннен кейін Әскери-теңіз күштерінің №21814 әскери бөлімінің кемелерінде қызмет ететін болады.
Самат Дастанның айтуына қарағанда, бүгінде жастардың бойынан Әскери-теңіз күштерінде қызмет етуге деген құлшыныс байқалады. Дегенмен Әскери-теңіз күштері қатарына негізінен бұған дейін армияда әскери борышын өтеген азаматтар алынады.
«Мемлекет басшысының қамқорлығы арқасында Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Әскери-теңіз күштері үнемі даму үсінде. Қазіргі уақытта заманауи кемелеріміз бар. Олардың қатарында Оралдағы «Зенит» кеме жасау зауытында құрастырылған және Ресейден сатып алынған кемелер бар. Сәуірде Оралда 4 кеме суға түсірілді. Өткен жылы Ресейден мина сүзетін кеме сатып алынды. Алдағы уақытта әскери флотымызды толықтыра түсу жоспарда бар», - деді капитан-лейтенант.