25 Отан қорғаушы: Лейтенант Асан Жұмаділдаев
«2016 жылы ағам Үсен екеуіміз Құрлықтағы әскер институтын бітірген едік. Оқу бітіргеннен кейін Шығыс округке жіберіп, қазіргі уақытта екеуіміз де №27946 әскери бөлімінде 4-ші механизацияланған бригаданың взвод командирі лауазымында қызмет етудеміз. Бала кезімнен әскери болуды армандап, соғыс туралы фильмдерді зор қызығушылықпен көретінмін. Атам Жұмаділдә Жүсіпов 1945 жылы Жеңіс шеруіне қатысқан. Ағам екеуіміздің де жолымыз болып, 2015 жылы Қызыл алаңдағы әскери шеруге қатысу мүмкіндігін алдық. Бұл да менің армандарымның бірі еді. Әрине, басты арманым әскери қызметші болу еді. Ағам екеуіміз де жауынгерлік және саяси дайындық жағынан үздікпіз, қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберлігіне кандидатпыз», - деді Асан Жұмаділдаев.
Оның айтуынша, ағасы екеуі де әскери мансап жолында үлкен жетістіктерге жетуді алдарына мақсат ретінде қойып отыр. Сондықтан олар үнемі өздерінің дайындық деңгейлерін шыңдап отырады. Армиядағы әскери қызметке қатысты ол бүгінде көптеген жастың әскер қатарында болуға құлықтары жоқ екендігін атап өтті және мұның дұрыс еместігін баса айтты. Жұмаділдаевтың пайымынша, әскери қызмет бұл әрбір азаматтың Отан алдындағы борышы саналады.