«25 пайыздық өсімді қаңтардан бастау керек. Неге?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қазанның 2-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 2-сі, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Мемлекет басшысының Атырау облысындағы екі күндік жұмыс сапары «Егемен Қазақстан» газетінде жан-жақты баяндалған. «Қазыналы өңір өркендей береді» атты мақалада осы өңірде қазіргі уақытта атқарылып жатқан игі істерге толық шолу жасалынған. Сондай-ақ жарияланымда телекөпір арқылы Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган темір жол желісін іске қосқан Елбасының «Қазір құрылысы басталған темір жолымыз өңірдің, Қазақстанның болашақтағы жол-көлік мәселелерін шешуге көп септігін тигізеді. Біз Ресей, Түрікменстан, Иран президенттерімен осы мәселеге келісіп, келісімге қол қойдық. Бұл темір жол Түрікменстан, Иран арқылы Парсы шығанағына шығатын болады», деген сөзі келтірілген.
Елбасының Атырау өңіріне сапары жайында «Айқын» басылымы да «Атыраудағы жобалар ел игілігіне қызмет етеді» деген тақырыппен берген.
«Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөміріндегі «Үкімет» апталығында «Агроөнеркәсіптік кешеннің даму болашағы», «Күн тәртібінде - тау-кен металлургиясы», «Заман талабы өскелең», «Теңдестірілген бағаның тиімділігі мол» атты топтама мақалалар беріліп, «Ақдаладағы айшықты жоба» деген тақырыппен «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басшысы Руслан Әзімовпен арадағы сұхбат жарияланған.
Осы басылымда таяуда ғана көрермендердің назарына ұсынылған Досқан Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильмінен алған әсерін ақ қағаз бетіне түсірген Сенатор Әбіш Кекілбайұлының «Еркіндікпен қоштасқан еркін дәурен» («Біржан салды» көргенде) атты мақаласы жарық көрді. Автор мақаланы «Еркіндікпен қоштасқан есіл дәурен... Көзден бұл-бұл ұшқан салдық пен серілік дәурен жайлы еліге де, еліте де әңгімелейтін бұл фильм ұлттық кинокеңістігіміздің ел сенімін молынан арқалай алатын тағы бір тұрлаулы тұлғаға байығанын баяндайды. Бұл бір өнерпаздың екінші өнерпаз жан дүниесін қалай ұққандығы туралы жан толғанысы. Жан тебіренісі. Авторлық фильм. Фильм-монолог. Тұтас та сом туынды. Ойланта да, толғанта алады. Көбейе бергей, көркейе бергей. Іске сәт!», деп аяқтапты. Сенатордың бұл мақаласын «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі санынан толық оқи аласыздар.
«Біржан сал» фильмі туралы мақала кеше, қазанның 1-інде шыққан «Түркістан» халықаралық саяси апталығында да жарық көрген. Мақала барысында тілші фильмнен алған әсерін баяндай келе осы өнер туындысының сценарийін жазған Таласбек Әсемқұловтан сауалдарына жауап алыпты.
***
«Банк басшыларын күндіз - күлкіден, түнде - ұйқыдан айырған жаңа талап кешегі күннен бастап күшіне мінді. Банктердің төл капиталын арттыру туралы норма өткен жылы қабылданған-тын. Бірақ оны орындауға қазақстандық банк секторындағы ұйымдардың көпшілігі қауқарсыз болғандықтан, тетікті іске қосу кейінге қалдырылыпты. Енді міне, банкирлер үреймен күткен күн де келіп жетті», деп жазады «Айқын» газеті. «Үш банкке жабылу қаупі төніп тұр» деген тақырыбындағы мақалада осы жайт төңірегінде егжей-тегжейлі жазылған.
«25 пайыздық өсімді қаңтардан бастау керек. Неге?». Осы тақырыппен «Айқын» басылымында мақала жарық көрді. Мақалада Елбасының жолдауында атап көрсетілген зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы секілді бюджеттік міндетті төлемдер өсімінің екінші кезеңі 2010 жылғы қаңтардың 1-інде басталуы керектігі айтыла келіп, лауазымды тұлғалардың аузынан «жалақының өсімін 2010 жылдың 2-ші жартысынан бастаймыз» деген сөзіне тоқталады да, осы 25 пайыздық өсімді кешіктірген жөн бе, жөн емес пе деген сауалға жауап іздейді.
«Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Ақ сөйле!» айдарының қонағы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зейнолла Алшымбаев. «Бізге Қазақстан брендін жасайтын кез келді» деген тақырыппен берілген екеуара әңгімені толығымен басылымның 4-ші бетінен оқи аласыздар.
***
«Бұқаралық ақпарат құралдарында көптен бері кеңінен талданып жазылып келген - оқу ақысын төлей алмай, оқудан шығып қалған студенттердің жағдайы Елбасының араласуының арқасында ғана оңтайлы шешімін тапты», деп жазады «Түркістан» газеті.
«Оқу ақысы өсті, ал сапа ше?» деген тақырыппен жарияланған мақаламен басылымның бейсенбілік санынан толық таныса аласыздар.
Осы басылымда «Самұрық-Қазына» бір жылда не тындырды?» атты мақала жарық көрді. «Жүние жүзі қаржылық дағдарыстан дағдарған сәтте әр мемлекет тығырықтан шығудың оңтайлы жолын өз бетінше қарастыруға кірісті. Қазақ билігінің осыдан тура 1 жыл бұрын екі мемлекеттік қордың басын біріктіру арқылы құрған «Самұрық-Қазына» қоры 3 трлн. теңгеден астам халықтың қаражатын тиімді әрі мақсатты түрде жұмсау арқылы дағдарысты еңсеруге міндетті болатын. Он екі айда қордың тындырған шаруасы қандай? Оның халыққа тигізген пайдасы қаншалықты?», деп жазады «Түркістан» газеті.
«Жас қазақ» газетінің бүгінгі санында экс-вице-премьер, бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, бұрынғы Қостанай облысының әкімі, дипломат, қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаевтың сұхбаты жарық көрді. «Біздің түбімізге жететіні - көктен «түскен» көк қағаздар» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында қоғам қайраткері қазақтың аграрлық жерлерін шет елдіктерге жалға берілуіне байланысты «Бұл - үлкен қателік. Биліктегі азаматтар қазақтың жерін жалға беріп, шекеміз шылқып, шелпектей боламыз деп ойлап қалды. Бірақ олай болмай шықты. Шетелде қалай? Мәселен, Израиль, тіпті ұлтарақтай жерін ешкімге берген емес. Ауыл шарушылығының «анасы» саналатын Голландияңыз да өз жерін кім көрінгеннің қолына ұстатқан жоқ. Канада да солай. АҚШ-та халықтың жеті пайызы ауылда тұрады екен. Сол жеті пайыз халық Американы, одан қалды дүниежүзін асырап отыр...» деп өз пікірін білдірген.
Осы басылымда белгілі ақын Аян Нысаналиннің «Азаткер. Пугачёв көтерілісіне қатысқан қазақ қызы хақында» атты тарихи мақаласы жарияланды.
«Көкпарға түскен Шыңғысхан». Осы тақырыппен «Жас қазақ» газетінде басылған мақалада «Қазақ қоғамында Шыңғысханға қатысты түрлі айтыс-тартыстың ілкіде бір «бұрқ» етіп тұратыны бар. Соғды жерінің емшегін ерте емген ағайындар көшпенді жұртпен етене араласқан туыстарының бұл қылығына айран-асыр. Кезінде өркениеті мен мәдениеті гүлденген Самарқан, Бұқара, Үргеніш қалаларын күл еткен жабайы моңғол тайпаларына деген өкпесі әлі басылмағандай. Ал Шыңғысханды «көкпарға» салып әуреленген қазақ қоғамы бір пікірге тоқтаған жоқ. Өзара қырықпышақ» дей келіп, өзбекстандық сайттағы авторы көрсетілмеген мақаланы ықшамдап ұсынған.
«Казахстанская правда» газеті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылғы ауа райының қолайсыз жағдайларына қарамастан 21 миллион тоннадан астам астық жинаған диқандарға құттықтауын жолдады.
Елбасының құттықтауында «Жоғары өнімділік пен астық сапасына қол жеткізу - ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің және әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында дәнді дақылдардың егіс алқабын көбейтуге, өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға, ылғал ресурстарын сақтау технологиясына жаппай көшуге мүмкіндік берген астық өндірісін дамытуды жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі», делінген.
ҚР Президентінің осы құттықтауы ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында да жарияланды.
«Мемлекет басшысы Атырау облысына жасаған жұмыс сапары барысында дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың тиімділігіне көз жеткізді», деп жазады «Литер» газеті.
Басылымның жазуынша ҚР Президенті республикамыздың мұнайлы астанасында қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған перзентханада, қысқа мерзімде іске қосылған мұз айдынында болып, жылу-электр орталығын жаңғырту жұмыстарымен танысып, 25 мВт қуат беретін газтурбиналы стансыны арнайы тетік арқылы іске қосқан.
«Казахстанская правда» газеті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгін Әзірбайжанға ресми сапары басталатындығын жазған.
Бакуде екі мемлекеттің басшылары экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бір қатар құжаттарға қол қояды. Осы кездесудің алдында ғана экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-әзірбайжандық үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өткен болатын.
«Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі БТА банкін қайта құрылымдау жоспарын мақұлдады», деп жазады «Панорама» газеті.
Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі банкке кредиторлармен келісімге қол қою үшін 2009 жылғы желтоқсанның 7-іне дейін уақыт берді. Ал келесі, «Альянс» банкті қайта құрылымдау үрдісін ағымдағы жылы қарашаның ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр.