25 шілдеден бастап Мемлекет басшысының www.akorda.kz ресми сайтының жаңарған нұсқасы ашылады
АСТАНА. 24 шілде. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 25 шілдесінен бастап Мемлекет басшысының www.akorda.kz ресми сайтының жаңарған нұсқасы ашылады.
Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметінен хабарлады.
Енді порталда Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтымен қатар, жаңа ресурс - Нұрсұлтан Назарбаевтың дербес парақшасы да болмақ.
Жаңарған портал қарапайым да ыңғайлы интерфейске ие. Сайтта қазіргі мультимедиалық технологиялар қолданылған. Мысалы, Қазақстан, Астана, Ақорда резиденциясы бойынша бейнетурлар, Елбасы қатысуымен өткен өзекті шаралардың бейнерепортаждары берілген.
Дербес парақшада Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тұлғасына қатысты ерекше фотосуреттер, аудио және бейнематериалдар, мақалалар мен кітаптар жиынтығы орналастырылған. Бұл парақшадан Елбасының бейнесұхбаттарын және оның қызметі туралы деректі фильмдерді де көруге болады.
Нашар көретін адамдар үшін ресми сайттың арнайы нұсқасы жасалған. Сондай-ақ, ресурсты кез келген қалта телефоны мен Android және iOS сияқты танымал операциялық жүйелер негізінде жұмыс істейтін планшет арқылы да пайдалануға болады.
Порталда Қазақстан Президенті Баспасөз қызметінің твиттер-каналының (twitter.com/AkordaPress) арнайы қызметі де іске асырылмақ. Ол Мемлекет басшысының маңызды іс-әрекеттері мен шешімдері жайлы шұғыл хабарлап отыруға мүмкіндік береді.