25 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

25 тамыз, ДҮЙСЕНБІ
Шығыс Уругвай Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1825). Уругвай - Оңтүстік Америка құрлығы орталық бөлігінің шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігі және шығысында Бразилиямен, батысында Аргентинамен, шығысы мен оңтүстігінде Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Монтевидео қаласы. Мемлекеттік тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - уругвай песосы. Парагвайдың Конституция күні. Парагвай - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі мен солтүстік-батысында Боливиямен, шығысында Бразилиямен, оңтүстігі мен оңтүстік-батысында Аргентинамен шектеседі. Астанасы - Асунсьон қаласы. Мемлекеттік тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - гуарани. Бразилия солдаттарының күні. Бразилия армиясының бас қолбасшысы, маршал Луис Альвес де Лима э Сильваның туған күніне орай жыл сайын атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 9 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан энергетиктерінің алғашқы кеңесі болып өтті. Оған Қазақстанның барлық өңірінен келген өнеркәсіптік кәсіпорындардың 100-ден астам өкілдері, жақын және алыс шетелдерден келген энергетикалық жабдықтарды шығаратын кәсіпорындар басшылары, сондай-ақ еліміздің бірқатар министрлері қатысты. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда «Жеті Жарғы» баспасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдық мерейтойына орайластырған заңнамалық актілер жинағын және Қазақстан Республикасы Конституциясының кәдесый жиынтығын басып шығарды. Заңнама актілер жинағының құрастырушысы - белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ғайрат Сапарғалиев. Жинақ қазақ және орыс тілінде жарық көрді, оның таралымы - 2500 дана. Қазақстан Республикасы Конституциясының кәдесый жиынтығы қазақ және орыс тіліндегі кішкентай кітапшадан тұрады, оның таралымы - 2000 дана. Кәдесый жиынтығына қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі кітаптар кіреді, 1000 дана. «Жеті Жарғы» баспаханасы заң әдебиеттерін басып шығарады. Оның қызметінің негізгі бағыты - жаңадан қабылданған заңдарды, толықтырулар мен өзгертулерді, бұрын шыққан заңнама актілеріне толықтыруларды жедел түрде шығару және заңгерлердің практикалық қызметінде қолданылатын нормативтік-құқықтық актілер жинағын дайындау. 2002 жылы баспахана Франция өнеркәсібін қолдайтын қауымдастықтың Алтын медалімен марапатталды. 5 жыл бұрын (2009) Астанада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орталық аппаратында Қазақстан әйелдері ұйымдарының форумы өтті. Аталмыш шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, сондай-ақ Парламент депутаттары, мәдениет, өнер саласының майталмандары, әйелдер ұйымдарының өкілдері қатысты. «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылып, Қазақстан әйелдері ұйымдарының альянсын құру жөніндегі қарар қабылданды. 17 жыл бұрын (1997) Түркияның Ізмір қаласында Түркі халықтары Ассамблеясының IV құрылтайы өтті. ЕСІМДЕР 96 жыл бұрын (1918-1974) ақын, әдебиет зерттеушісі ЖАРМАҒАМБЕТОВ Қайнекей дүниеге келді. Қостанай облысы Жангелдин ауданы Шиелі ауылында туған. Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1941-1948 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан Лениншіл коммунистік жастар одағы Орталық комитетінің хатшысы. 1948-1958 жылдары - Қазақ педагогикалық институтының аға оқытушысы, директордың орынбасары. 1958-1964 жылдары - «Жұлдыз», «Ара», «Шмель» журналдарының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, әдеби кеңесшісі. 1964 жылдан шығармашылық жұмыста болған. Ақын қазақ поэзиясындағы баллада жанрының дамуына елеулі үлес қосқан. «Заман біздікі», «Адам туралы аңыз», «Балладалар», «Сырлы тал», «Шыңдағы шамшырақ» жыр жинақтарының, Ә.Қашаубаев өмірі туралы «Әнші-азамат» повесінің авторы. Көркем аударма саласында И.Шиллер, А.Барто, Б.Ершов шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. 3 мәрте «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 95 жыл бұрын (1919-1987) жазушы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері МАЦКЕВИЧ Олег дүниеге келді. Ресейдің Калуга қаласында туған. 1937 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Алматы жоғары партия мектебін бітірген. «Пионер Казахстана», «Ленинская смена» және «Казахстанская правда» газеттерінде қызмет атқарған. 1952 жылы натуралист-жазушы М.Зверевпен бірігіп, алғашқы «Голубая пещера» кітабын жазған. 1959-1966 жылдары Алматы мен Мәскеуде шыққан «Дороги и встречи», «Огни Казахстана», «Сердце каменных гор», «Мангышлак - полуостров сокровищ», «Дорога через столетия» және тағы басқа кітаптары бар. 1968-1985 жылдары «Путь в страну Семи рек», «Страница жизни генерала Лукача», «Самые светлые ночи», «Вечно живые родники», «Жажда открытий», «Автограф на память», «Три цвета радуги», «Розы черных гор», тағы басқа прозалық кітаптары шыққан. Бірнеше медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 91 жыл бұрын (1923-1978) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері АМАНОВ Төлеубай Ыдырысұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей педагогикалық институтын, КСРО Ғылым академиясы В.Стеклов атындағы математика институтының аспирантурасын бітірген. 1953-1963 жылдары - Семей педагогикалық институтының проректоры және жоғары математика кафедрасының меңгерушісі. 1969-1970 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институты директорының орынбасары және Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі. 1970 жылдан математика және механика институтының директоры қызметін атқарған. Ғылыми-зерттеу еңбектерінде функционалдық кластарды іштестіру теориясы және оның қолданылатын мәселелері қарастырылған. Докторлық диссертациясында функциялардың SB класының тұйық теориясын құрып, кейін сол класқа байланысты мәселелер туралы монография жазған. Амановтың жетекшілігімен 10 ғылым кандидаты дайындалды. 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Семей қаласының орталық көшелерінің бірі және ондағы №16 мектеп, туған ауылындағы орта мектеп және бір көше Аманов атымен аталады. 76 жыл бұрын (1938-1996) белгілі журналист, жазушы, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарын ұйымдастырушы ӘУБӘКІРОВ Мақсұтжан Қозыбайұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде, Қазақстан теледидар және радиохабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетінде «Құрдастар» бағдарламасының бас редакторы, комитет төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінде істеген. 1994-1996 жылдары «Қазақстан» баспасының бас редакторы қызметін атқарған. Ол «Өнер» және «Қаржы-қаражат» баспаларын ұйымдастырып, басқарушылық қызметте болған. Кітап шығару ісінде 10 жылдай еңбек еткен және кино өнеріне де мол үлес қосқан. 60 жыл бұрын (1954) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ИЛЯЕВ Сұлтан Ғаниұлы дүниеге келді. Шымкент қаласында туған. Шымкент педагогикалық институтын бітірген. Қылқалам шеберінің «Бақ», «Жанұя», «Кешкі сарын», т.б. туындылары, «Менің ауылым» гобеленәі бар. 130 жыл бұрын (1884-1964) итальяндық органшы, композитор ФЕРРАРИ-ТРЕКАТЕ Луиджи дүниеге келді. Парма консерваториясын бітірген. 1914 жылдан Римини музыкалық мектебіне басшылық жасаған. 1929-1955 жылдары Парма консерваториясының директоры болған. композитордың 13 операсы, оның ішінде Ла Скала театрында қойылған «Гирлино», «Король-аю» опералары бар. 89 жыл бұрын (1925) жазушы, драматург, Ұлы Отан соғысына қатысушы ИСАБАЙ Қалмұқан дүниеге келді. Павлодар облысындағы Баянауылда туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. 1955-1985 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, Қазақстан жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросының директоры қызметтерін атқарған. 1985 жылдан бастап шығармашылық жұмыспен айналысады. Алғашқы әңгімелер жинағы «Баян» атты әңгімесі 1959 жылы жарық көрді. Бұдан соң «Ажал құрсауында», «Жұмбақ үй», «Бетпе-бет», «Соңғы тәулік» повесть, әңгіме, очерктер жинақтары, «Cұнқар самғауы», «Айқыз», «Жолдас комендант», «Көгілдір қазына», «Серт», «Арна» т.б. романдары басылды. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы, Құрмет ордендерімен, және көптеген медальдармен марапатталған. 84 жыл бұрын (1930-1992) геолог-ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЛИМАНОВ Есенғали дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында туған. Мәскеу геологиялық барлау институтын бітірген. Лисаков, Адай темір кенінде және Алакөл титан кен орнында, Қазақ КСР Геология министрлігінде, Қазақ минералды шикізат ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген. 1967 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ политехника институтында қызмет атқарды. Ғылыми жұмыстарының бағыты ұңғымаларды бағыттап бұрғылаудың теориясы мен практикасына және бұрғылаудың тиімді әдістерін жасап, өндіріске енгізуге арналған. Оның басшылығымен қойтасты-малтатасты түзілімдердің өнімділігін 12-15 есе арттыруға бағытталған пневмосоққылы бұрғылау жасалған. 200-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 19 монографияның, 38 авторлық куәліктің, 3 патенттің авторы. «Қазан төңкерісі», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 78 жыл бұрын (1936) ақын ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты АЙТҚОЖИНА Марфуға дүниеге келді. Құлжа (ҚХР) қаласында туған. Құлжа әйелдер гимназиясын, Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚҰУ), Мәскеуде жоғарғы әдеби курсты бітірді. 40-тан астам жинақтың, оның ішінде «Балқұрақ» (1962), «Шындықты жазу» (1964), «Жастық» (1968), «Аққуым менің» (1971), «Қаракөз айым» (1973), «Баянжүрек» (1974), «Көзімнің қарасы» (1975), «Ақ бесігім» (1978), «Жарқыра, менің жұлдызым» (1980), «Қыран жеткен» (1985), «Тандамалы» (1986), «Сағыныш сазы» (1990), «Жапырақ сілкінген кеш», «Аңсау» (2001), «Аққу жүрек» (2001), «Жапырақтар жауғанда» (2002), «Алатаудың ақ батасы» (2005), «Таңдамалы» (2 том), «Тобылғы бүрлегенде» (2008) кітаптарының авторы. Орыс тілінде 7 кітабы жарық көрген: «Горсть земли» (Мәскеу қаласы, 1975), «Утверждение» (Мәскеу қаласы, 1985), «Струна степей» (Мәскеу қаласы, 1978),«Укрощение коня» (Мәскеу қаласы, 1985), «Художественная литература» (1985), «Летние росы», «Советский писатель». Өлеңдері мен поэмалары 40-тан астам шет тілдеріне аударылып, жарияланған. Өлеңдерінің көбі Қазақстан және басқа елдердің композиторларымен музыкаға салынған. Шетелдік журналдардың, антологиялар мен альманахтардың тұрақты авторы, оның ішінде «Молодая гвардия» (Мәскеу қаласы), «Поэзия антологиясы» (Париж қаласы), «Лотос» халықаралық журналы (Каир қаласы, 1973); неміс, француз, араб және басқа шет тілдеріндегі басылымдар. Қазақ, орыс және түрік тілдерін біледі. 1956-1958 жылдары - Құлжа қаласындағы қыздар гимназиясының оқытушысы. 1961-1968 жылдары - «Қазақ әдебиеті», «Учитель Казахстана» газеттерінде жұмыс істеген. Әлем қазақтарының көптеген халықаралық форумдарының, конференцияларының, съездерінің, мәжілістерінің, байқауларының, семинарларының, құрылтайларының белсенді қатысушысы. Мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. ҚР Президенті аппаратының жанындағы Республикалық әйелдер құқықтары және демографиялық саясат жөніндегі кеңесінің басқарма мүшесі (1995-1998). Республикалық Әйелдер кеңесінің мүшесі (1991 жылдан). «Достық» халықаралық қоғамының басқарма мүшесі (1977-1998). Алматы қалалық Халық депутаттары кеңесінің депутаты (1981-1985). Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1968 жылдан). «Құрмет белгісі» (1986), «Парасат» (1998) ордендерімен; көптеген медальдармен және грамоталармен; «Исламабад аспаны» өлеңдер мен романстар циклы үшін Пәкістан мемлекетінің Құрмет грамотасымен (1998) марапатталған. «Көгілдір Дунай» өлеңдер кітабы үшін Николай Васпаров сыйлығының (1979), «Аңсау» өлеңдер жинағы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының (2002) лауреаты. Қазақ әдебиетіне қосқан қомақты үлесі үшін Кембридж университетінің «2007 жылдың халықаралық кәсіпқойы» атағына ие. 484 жыл бұрын (1530-1584) бүкіл Ресейдің алғашқы патшасы (1533-84) ИВАН IV ГРОЗНЫЙ дүниеге келді. 178 жыл бұрын (1836-1902) американдық жазушы, Калифорния туралы неоромантикалық новеллалардың, «Габриел Конрой» романының авторы ГАРТ Фрэнсис Брет (Брет Гарт) дүниеге келді. 173 жыл бұрын (1841-1917) швейцариялық дәрігер, қазіргі асептикалық құрсақ қуысы хирургиясының негізін салушылардың бірі, Нобель сыйлығының лауреаты КОХЕР Теодор дүниеге келді. 152 жыл бұрын (1862-1934) атақты сабын қайнатушы, Procter & Gamble сабын қайнату мануфактурасының негізін қалаушы ПРОКТЕР Уильям Купер дүниеге келді. 98 жыл бұрын (1916) американдық вирусолог, Нобель сыйлығының лауреаты, полиомиелитке қарсы вакцина жасаушылардың бірі РОББИНС Фредерик Чапмен дүниеге келді. 72 жыл бұрын (1942) Ресей актрисасы, театр және кино режиссері, РФ халық әртісі Маргарита ТЕРЕХОВА дүниеге келді. 44 жыл бұрын (1970) неміс топ-моделі Клаудия ШИФФЕР дүниеге келді. Клаудияның суреті журналдардың мұқаба бетінде 900 рет басылып шықты. Неміс БАҚ-тары оны Германияның ең бай адамдарының тізіміне енгізеді. 1995 жылы Paris Match журналының нұсқасы бойынша ол әлемдегі ең сұлу әйел деп танылды. 1997 жылы Клаудия француздың L'Oreal фирмасымен шашқа күтім жасайтын өнімдерді алға жылжыту жөнінде келісімшарт жасасты. Модель бизнесінен басқа бірнеше фильмдерге түсті, қоғамдық қызметпен айналысады, Ұлыбританиядан ЮНИСЕФ-тің ерікті елшісі.