25 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 25 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

25 желтоқсан. ДҮЙСЕНБІ

Рождество

Христиандардың ең басты мерекелерінің бірі. Әлемнің 100-ден астам елінде мемлекеттік мейрам дәрежесінде. Еуропаның көптеген елдерінде бұл мереке - нағыз отбасылық мейрам болып саналады. Рождествоны тойлау екі-үш күнге созылады да дәстүрлі бірінші жұлдыз жанған сәтте кешкі асқа отырудан басталады.

Қытайда Конституция күні

1946 жылы Қытай Республикасының Конституциясын қабылдау күнінің құрметіне құрылды. Конституция әлемдегі ең көп халқы бар - сол уақытта шамамен  450 миллион адам тұратын елдегі демократияны қағаз жүзінде бекітті.

Қытай Республикасының Конституциясы  1946 жылдың 25 желтоқсанында қабылданып,  заңды күшіне енген 1947 жылдың 25 желтоқсанынан бастап едәуір өзгерістерге ұшырамай келді: соңғы өзгертулер 2000 жылы енгізілген.

Пәкістанда Мұхаммад Әли Джиннаның туған күні

Мұхаммад Әли Джинна 1876 жылы 25 желтоқсанда туды және ол Пәкістанда ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретінде саналады. Ол Британдық Үндістан бөлімінің белсенді қатысушыларының бірі болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1979 жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік қорық-мұражайы құрылды. Оның құрамына Ежелгі Тараз қаласының жұрты, Айша бибі, Қарахан, Бабажы қатын, Дәуітбек (Шамансұр) кесене ғимараттары, Қали Жүніс моншасы, Әбдіқадыр мешіті, сақтардың Үштөбе қорғаны, төменгі Барысхан, Атлах, Адахкет, Хамукет, Жікіл қалаларының жұрты, т.б. тарихи және мәдени ескерткіштер біріктірілген. 

1982 жылы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі құрылды.

1990 жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы 2-СЭС-інің бірінші энергоблогы іске қосылды.

1995 жылы Елбасы Н.Назарбаев Конституциялық заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық бойынша сот жүйесінің құрылымы және оны қалыптастырудың тәртібі, барлық деңгейдегі соттардың өкілеттіктері, соттардың мәртебесі мен олардың тәуелсіздігінің кепілдігі, оған қойылатын талаптар, судьяларға өкілеттік беру мен оны тоқтату тәртібі, судьяларды жауапқа тарту, оларды материалдық және әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету белгіленген.

2000 жылы Алматыда отандық өндірістің тұңғыш троллейбусы жасалды.

2006 жылы Алматыда «Ахмет Жұбанов» атты деректі фильмнің премьерасы болды. Авторы - танымал режиссер Қалила Омаров. Фильмнің сценарийін музыкант Жұбановтың қызы Ажар Ахметқызымен бірге жазған. Фильмде кейіпкердің танымал және белгісіз өмірінің көріністері пайдаланылған. А.Жұбановтың туған жері - Ақтөбе облысында және Алматыда, Астанада және Париждегі мерейтойлық шаралар өткен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде түсірілген. Мәскеу мұрағаттарынан материалдар пайдаланылған. Фильмде Жұбановтар әулетінің көптеген мүшелері және оның шөбересі, жас танымал дирижер Алан Бөрібаев та қатысқан.

2006 жылы Семейде алғашқы рет Қазақстандағы дөңгелекті тракторды ТТЗ-80.10. құрастыру конвейерлік желісі іске қосылды. Бұл Беларусь, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан қатысқан бірлескен кәсіпорын.

2009 жылы Атырауда Қазылар сарайы ашылды. Мұнда облыстық және ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттар орналасқан. Жаңа ғимаратта судьялардың жұмыстары үшін барлық жағдай жасалған. Инновациялық телекоммуникациялық технологиялармен жабдықталған, сот отырыстарын өткізуге арналған бірнеше зал жұмыс істейді. Мәжіліс залы, судьяларға арналған қолайлы бөлмелер бар.

2012 жылы Астана ТМД және ЕурАзЭҚ қалалық тәжірибелерінің «Тұрғың келетін қала» V көрме-байқауының лауреаты атанды. Аталған байқау Мәскеуде «Мегаполис: XXI ғасыр: Қала және балалар» атты IV халықаралық форум аясында өтті.

Қазақстан астанасының атынан келген делегаттарға Ресей муниципалдық академиясының наградалары мен Астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық ассамблеясының дипломдары табысталды.

Астана қаласы мұндай абыройлы наградаға жастардың еңбекпен қамтылуы саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған «Жасыл ел» жалпыұлттық бағдарламасын жасап, іске асырғаны үшін қол жеткізді.

2012 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Astana Solar» ЖШС-нің ұжымын фотоэлектрлік модульдердің өндірісі бойынша зауытта іске қосу-жөндеу жұмыстарының басталуымен құттықтады.

2012 жылы Алматыда «Құлагер» жыл сайынғы ұлттық кинематографиялық сыйлықты тапсыру рәсімі өтті.

2014 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» байқауының арнайы сыйлығын табыс етті. «Үздік индустриялық жоба» номинациясында - «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» лауреат атанды. «2014 жылғы өндірістегі үздік инновация» номинациясында - ШҚО «Посук Титанум» ЖШС лауреат атанды.

2014 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үш дәрежеден тұратын арнайы Еңбек даңқы орденін тағайындады. Үш дәреже иегері Еңбек батырына теңеседі. Еңбегімен еленген жұмыскерлер, шаруаларға ғана беріледі.

2014 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күні аясында жалпыұлттық телекөпір өтті. Президентке Индустрияландыру картасының 15 жаңа жобасы таныстырылды.

1991 жылы КСРО басшысы М.Горбачев телеарна арқылы сөз сөйлеп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғанына байланысты КСРО басшысы ретіндегі қызметін тоқтататындығын мәлімдеді. Сол түні Кремль күмбезінен Кеңес Одағының алқызыл туы алынып, орнына Ресейдің үш түсті туы ілінді.

ЕСІМДЕР

null 128 жыл бұрын (1889-1941) Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист МҰСТАФА Шоқай дүниеге келді.

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. Сұлутөбе стансасындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді. Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. 1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-ші съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, қарашаның 15-22-інде өткен кеңестердің 3-ші съезі қабылдаған «өлкедегі барлық билік еуропалық нәсіл өкілдерінен кұралған Түркістан Халық комиссарлар кеңесіне көшеді» деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына байланысты Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қоқанға көшіп, онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісін қолға алды. 1917 жылы қарашаның 28-інде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің төралқасына басшылық етті. Осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланды. Ол сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру мәселесін қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады. Онда: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айрылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз делінген еді. Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады. Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы мамырда Шоқай Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге келді. Мұстафа Шоқай онда 1921 жылғы ақпанның 25-іне дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде істеді. 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды. Сонымен бірге ол «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысып, «Туркестан милли бирлиги» («Түркістан ұлттық бірлігі») ұйымына жетекшілік етті. Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топчибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді. 1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді. Францияның Ножан-сюр-Марн (Валь-де-Марн департаменті) қаласында қазақ ұлт өкілдерінің қатысуымен ескерткіш тақта орнатылған. Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескерткіші қойылған.

null 109 жыл бұрын (1908-1974) жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЕСЕНЖАНОВ  Хамза Ихсанұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Мемлекеттік өнертану институтының аспирантурасын бітірген. 1932-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы әдебиет пен фольклор секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1937 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясының, кейін Қазақ опера және балет театрының директоры қызметін атқара жүріп, Қазақ педагогикалық институтында орыс әдебиеті тарихынан сабақ берді. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары республикалық басылымдарда қаламгердің «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ», «Күшке - күш» сияқты әңгімелері мен «Жер шарында» атты пьесасы жарияланды.
1938 жылы жалған саяси айып тағылып, 20 жылға жуық уақыт сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын тартты. Елге оралған соң, 1956 жылдан өнімді шығармашылық еңбек жолын бастады. Жазушының басты шығармасы - «Ақ Жайық» трилогиясы. Бұл үлкен еңбекте жазушы Батыс Қазақстан өңіріндегі революциялық қозғалысты, Кеңес өкіметінің қалай орнағанын суреттейді. Жазушының ұзақ жылдар бойғы еңбегі кезінде әдеби ортада лайықты бағасын алды. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов трилогияға «Еуропа үлгісінде жазылған тұңғыш шығарма» деп баға берді. Автор отарлық езгіден қиналған халық бостандығы мен бақыты үшін күрескен ерлердің жиынтық бейнелерін (Хакім, Әлібек, Әділбек, Шолпан, Нұрым) жасаумен қатар, нақты тарихта болған адамдардың (Дмитриев, Әйтиев, Қаратаев, Белан, т.б.) өмір жолын шебер суреттеді. 1963 жылы трилогияның заңды жалғасы болып табылатын «Көп жыл өткен соң», ал 1970 жылы «Ағайынды Жүнісовтер» романдарын жазды. Соңғы екі кітапта жаңа өмір құрған елдің сан қырлы тұрмыс-тіршілігі мен әділет үшін күресі, адамның азамат ретінде қалыптасуы бейнеленген. «Ақ Жайық» трилогиясы мен «Көп жыл өткен соң» роман-дилогиясы 5 кітаптан тұратын тұтас эпопея іспетті. Жазушы өмірінің соңғы жылдары «Қарт қазақ», «Жайын ілерде», «Жар», т.б. әңгіме, очерк, әдеби-сын мақалалар жазды. 1978-1981 жылдары жазушының 6 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Жазушы көркем аударма саласында да өнімді еңбек етіп, М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының 1-ші және 4-ші кітаптарын, И.Тургеневтің «Рудин», И. Шуховтың «Өшпенділік» романдарын, А.Пушкиннің «Дубровский» повесін, т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар бастауыш, орта мектептер үшін оқулықтар жазды.

Ақын Сағат Әбдуғалиевтің «Хамза Есенжанов» атты өлеңінде зұлмат жылдардың құрбаны болған қаламгердің тартқан азабы, көрген қиындығы, сатқындардың құнсыз тірлігі баяндалған. Орал қаласындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына қаламгердің есімі берілген.

null 78 жыл бұрын (1939-2014) қазақтың ақын қызы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының халық жазушысы ОҢҒАРСЫНОВАФариза Оңғарсынқызы дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Атырау мемлекеттік педагогика институтын бітірген. Ауылдық мектептің мұғалімі қызметін атқарған. 1966-1969 жылдары - «Коммунистік еңбек» облыстық газетінің әдеби қызметкері. 1969-1977 жылдары - «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің Атырау, Ақтөбе, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі, «Қазақстан пионері» газетінің редакторы. 1978 жылы - «Пионер» журналының бас редакторы. Алғашқы кітабы «Сандуғаш» 1967 жылы жарық көрген. «Мелодия», «Беспокойная пора», «Гордое поколение», «Көгершіндерім», «Тревоги», «Ожидание солнца», «Озарение» жыр жинақтарының, «Биіктік» очерктер жинақтарының, «Біздің Кәмшат» повесінің, Ә.Тәжібаев, М.Мақатаев, чили ақыны Пабло Неруданың шығармашылықтары туралы әдеби-сын мақалалардың авторы. С.Вангелидің «Приключения Гугуце», «Дедушкин министр» балаларға арналған повестерін, С.Капутикянның, Е.Евтушенконың, Р.Казакованың, араб ақыны Әбдурахман әл-Хамисидің өлеңдерін, П.Неруданың кітаптарын қазақша тәржімалаған. Ақынның көптеген шығармалары шет тілдерге аударылған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымының депутаты болды. «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

null 57 жыл бұрын (1960-2003) ақын МӘУКЕНҰЛЫ Нұрлан дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы менеджмент басқару және болжам институтын (КИМЭП) бітірген.

Еңбек жолын құрылысшы болып бастаған. 1984-1986 жылдары - Зайсан аудандық «Достық» газетінің тілшіcі. 1986-1988 жылдары - Зайсан аудандық комсомол комитетінің хатшысы. 1988-1989 жылдары - Зайсан аудандық баспахананың директоры. 1989-1990 жылдары - Зайсан аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1990-1991 жылдары республикалық «Жас қазақ» газетінің бөлім меңгерушісі, бас редакторы қызметтерін атқарған. Кейінгі жылдары «Ана тілі» - «Жалын» бірлескен басылым бас редакторының орынбасары болып жұмыс істеген.

«Аудитория», «Қарлығаш» жыр топтамаларында өлеңдері жарияланған. 1955 жылы «Бойтұмар» жыр жинағы жарық көрген. Бірнеше мүшәйраның, Алматыда өткен Түрік дүниесі поэзиясы фестивалінің жүлдегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Зайсан ауданындағы бір көшеге ақын аты берілген.

null 57 жыл бұрын (1960) ҚР энергетика министрінің бірінші орынбасары ДОСМҰХАМБЕТОВ Махамбет Жолдасқалиұлы дүниеге келді.

Атырау облысында туған. 1983 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын «Геология және мұнай-газ кен орындарын барлау» мамандығы бойынша бітірген, 2016 жылы - Қазақ мемлекеттік заң университеті, іскери әкімшілік ету магистрі болған.

Еңбек қызметін 1983 жылы "Ембімұнай" бірлестігінің Балықшы барлау бұрғылау басқармасының геологы ретінде бастаған.

Түрлі жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да бас геолог, геология және геофизика бойынша бас директордың орынбасары, геология және өңдеу бойынша бас директордың орынбасары, бас директордың бірінші орынбасары - басқарма мүшесі болған. Қазіргі қызметінде 2016 жылдың қарашасынан бастап.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.

Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, соңғы жылдары «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы), «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ геология бойынша басқарушы директоры - бас геолог, ірі жобалар бойынша басқарма төрағасының орынбасары және ірі операциялық емес активтер және теңіз жобалары бойынша бас вице-президенті лауазымдарын атқарған.


null 45 жыл бұрын (1972)  Ақтөбе облысы, Қобда ауданының әкімі  ШЕРМАҒАНБЕТ Мейрамбек Зинабдинұлы  дүниеге келді.

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының, Кеңес ауылында туған.

1994 жылдан - №239 ОМ мұғалімі (Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Кеңес ауылы). 1995 жылдан - №163 ОМ мұғалімі, директорының орынбасары (Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы). 2000 жылдың сәуірінен - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының жетекшісі - ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі. 2001 жылдан - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының әкімі аппаратының жетекшісі. 2005 жылдан - Қызылорда облысының әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары. 2007 жылдан - Қызылорда облыстық Білім беру департаментінің директоры. 2009 жылдың маусымынан бері - Қызылорда облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы. 2016  жылдан бастап қазіргі қызметінде.

Соңғы жаңалықтар