25 жылдың 25 сәті - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 шілде, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасындағы әр жылдарда Нұрсұлтан Әбішұлына әлемнің аймаңдай мықтылары, сонымен қатар, жай қарапайым адамдар сыйлаған кітаптар туралы жазып отыр.
Мысалы, Ұлыбританияның аңызға айналған Премьер-министрі өзінің 1995 жылы шыққан «Билікке жол» атты ғұмырнамалық кітабын «Президент Назарбаевқа ізгі тілектермен. Маргарет Тэтчер» деген қолтаңбасын қойып жазып берген екен. Біршама уақыт өткеннен кейін Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол» атты кітабының ағылшынша басылымының алғысөзінде М.Тэтчер былай депті: «Мемлекеттердің негізін қалаушы-әкелері» әрқашан дарабоз тұлғалар болып келеді, Нұрсұлтан Назарбаев та толықтай нақ осы санатқа жатады. Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі биігіне жеткізу үшін батылдық пен байыптылықты бірдей ұштастырып пайдалана білді. Коммунизм бұғауын сілкіп тастаған ел өзінің ерекше қазақтық қалыбын сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни өзінің кейбір көршілері байбаламдай бас тартқан нәрселерге ұмтылды, сөйтіп, ол халықаралық ұйымдарда Қазақстанға айтарлықтай бедел жинады...».
Басылымның хабарлауынша, сондай-ақ, 2015 жылдың мамырында, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Президент Әкімшілігіне белгілі қазақстандық тарихшы ғалым Ермұқан Бекмахановтың туыстарынан «Ноқталанған тарихшы» атты кітап келіп түсті. Ондағы қысқа ғана аңдатпада былай делінген: «Қазақстан Президенті мырзаға біздің әкеміз есімі Отанымыздың шекарасынан әлдеқашан аттап кеткен Ермұқан Бекмаханов туралы ізгілікті естелік үшін. Құрметпен, Бекмахановтар отбасы» деп қолтаңба қойылған екен. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Авторлық қолтаңба айшықтары» атты мақаладан оқи аласыздар.
Сондай-ақ басылым бүгін Тәуелсіздіктің 25 жылынан 25 айрықша дерек ұсынып отыр. ҚР Президентінің баспасөз қызметімен бірлесе отырып «Егемен Қазақстан» газетінің жүзеге асырған бұл жобасы 1994 жылдың 6 шілдесінен бергі өте маңызды оқиғаларды тізбектеп шыққан. «1994 жыл, 6 шілде. Астана Алматыдан Ақмолаға көшетін болды.
Президенттің таңдауы, Парламенттің шешімі осындай.
Осыдан тура жиырма екі жыл бұрын, 1994 жылдың 6 шілдесінде жаңа астана және елорда деген ұғымдар алғаш рет тарих сахнасына шығып, қазақ санасында мәңгілік салтанат құрды. Дәл сол күні Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Парламент сессиясының жалпы отырысында елорданы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын паш етті. «Менің тапсырмам бойынша, мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы жерді анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы егжей-тегжейлі зерттелді. 32 тұрғыдан жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ішінен ең дұрысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті...», деді Мемлекет басшысы сол бір тағдыршешті тарихи сәтте» деп жазады басылым. Сол 1994 жылдың 6 шілдесінен бергі тарихи сәттерді еске алғыңыз келсе, «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «25 жылдың 25 сәті» атты мақаладан оқи аласыздар
***
«Казахстанская правда» газетінің хабарлауынша, Павлодар облысында иномарка мінген 62 жастағы адам түнгі үште бұлан мен оның төлін қағып кеткен. Жануарлар сол жерде өлген, ал жүргізуші мен оның жолаушысы ауруханаға түскен. Жүргізуші қазір ауыр халде ауруханада жатыр екен. Ал, Павлодар қаласының орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің директоры Аждар Жүсіповтің айтуынша, екі бұлан үшін жүргізуші екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Оқыс оқиға туралы газет бетіндегі «Погибли лоси, пострадали люди» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
«Экспресс К» газетінің хабарлауынша, Ресей Федерациясында Қазақстанда туған 25 жастағы жігіт өзінің туған ұлын бір жарым миллион рубльға сатпақ болған. Ол ақшаға үй алуды армандаған ер адам бұл пиғылы туралы Интернетке жарнама беріпті, сол кезде полиция қызметкерлері сатып алушының кейпіне еніп, жігітті қылмыс үстінде ұстаған екен. Басылымның хабарлауынша, жас әке бұл әрекетке шарасыздықтан бардым деп түсініктеме берген. Оның әйелі жас баласы мен күйеуін тастап, Қазақстанға тайып тұрған екен. «Балам дұрыс отбасында өссін деп ойлап, оны жағдайы жақсы отбасыға бергім келді» деген жас әке. Енді ол 4,5 жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы мақаала «Меняю сына на хату» деген тақырыппен беріліп отыр.