250 мың көрермен: Қазақстан тарихындағы ең ауқымды Шахтерлер күні Қарағандыда аталып өтті
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – 29 тамызда Қарағанды Қазақстандағы Шахтерлер күнін мерекелеу тарихындағы ең ірі музыкалық шаралардың біріне куә болды. Облыс орталығында Qarmet компаниясы ұйымдастырған ауқымды мерекелік концерт өтіп, оған алдын ала мәлімет бойынша шамамен 250 мың адам қатысты.
Шахтерлер күнін атап өту тарихында алғаш рет жаңа алаң Қарағанды өңірінің тұрғындарын ғана емес, еліміздің өзге облыстарынан келген қонақтар мен шетелдік меймандарды да бір арнаға тоғыстырды. Жүздеген мың адам Қарағандыға кеншілер шаһарлары үшін айрықша мәні бар мерекені бірге атап өтіп, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды Шахтерлер күнінің куәсі болу үшін жиналды.
Бірнеше сағат ішінде Қарағандының жаңа алаңы алып концерт сахнасына айналды. Бір сахнада Dequine, Moldanazar, Қайрат Нұртас, Дима Билан және Димаш Құдайберген өнер көрсетті. Әр буынның талғамынан шығатын әртүрлі музыкалық бағыттағы өнерпаздар мерекелік кештің мазмұнын байытып, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.
Заманауи сахна, қуатты дыбыс, жарық пен мультимедиялық шешімдер концерттің жоғары деңгейде өтуіне мүмкіндік берді. Алайда кештің ауқымын айқындаған басты көрсеткіш – көрермен саны. Шамамен 250 мың адам бір мезетте концертті тамашалап, тарихи мерекелік шараның бір бөлігіне айналды.
Көрермендердің ерекше ықыласына Дима Биланның өнер көрсетуі бөленді. Танымал әнші қарағандылықтарға ыстық ықыласы мен жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, алаңдағы ерекше көңіл күйге тоқталды.
– Бұл алаңдағы ерекше энергияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осындай ауқымды әрі ыстық ықыласпен қарсы алған Қарағандыға және барша көрерменге алғысым шексіз. Шахтерлер күні құтты болсын! – деді Дима Билан.
Бұл кеште көрермендердің тағатсыздана күткен сәттерінің бірі – әлемге танымал қазақстандық өнерпаз Димаш Құдайбергеннің сахнаға шығуы болды. Оның өнерін тамашалау үшін алаңға жиналған мыңдаған көрермен ерекше ықыласын білдірді.
– Көп рақмет, құрметті ағайын! Бұл өте керемет! Кеншілер күні құтты болсын! – деді Димаш Құдайберген.
Мұндай ауқымды шараны Қарағанды бұрын-соңды көрген емес. Бір мезетте шамамен 250 мың адам елдің ең ержүрек әрі жауапты мамандықтарының бірі – кенші еңбегіне арналған ұлан-асыр мерекенің ортасында бас қосты.
Мерекелік шаралар өндіріс орындарының жұмысшыларын, сала ардагерлерін, олардың отбасыларын, өңір тұрғындары мен қонақтарын бір шаңырақ астына жинады. Бұл кештің мәні рекордтық көрсеткіштермен ғана өлшенген жоқ. Ең бастысы – елдің өндірістік әлеуетін қалыптастырған және бүгінде де еселеп отырған еңбек адамдарына деген құрмет пен жұртты ұйыстырған бірлік рухы айқын сезілді.
Кен өндірісімен біте қайнасқан Қарағанды үшін Шахтерлер күнінің орны бөлек. Ондаған жылдар бойы еліміздің кеншілер астанасы деп аталып келе жатқан шаһарда бұл мереке еңбек дәстүрі мен ұрпақ сабақтастығының символына айналған. Сондықтан биылғы ауқымды мерекелік бағдарлама өңір тұрғындарының бірнеше буынын ортақ қуанышқа біріктірген айтулы оқиға болды.
Айта кету керек, жергілікті атқарушы орган, полиция, құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің жұмыла жасаған жұмыстарының арқасында мерекелік кеш оқыс оқиғаларсыз, ойдағыдай өтті.
Кештің шарықтау шегі ауқымды отшашумен жалғасты. Түрлі түске боялған отшашу Қазақстанның шахтерлер астанасы атанған Қарағандының түнгі аспанын жарқыратып, ширек миллионнан астам адамды біріктірген тарихи мерекеге әсерлі нүкте қойды.
Жүздеген мың көрермен. Бір қала. Бір алаң. Бір үлкен мереке. Шахтерлер күні Қарағандыда алғаш рет дәл осындай кең көлемде аталып өтті.
Осылайша Қарағанды Қазақстанның басты шахтерлер орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады. Ал Шахтерлер күні өңірдегі ғана емес, ел көлеміндегі мәні зор, жұртты ортақ қуанышқа ұйыстыратын ауқымды мерекелердің бірі екенін көрсетті.
Qarmet компаниясы барша шахтерлерді, сала ардагерлерін және Қарағанды облысының тұрғындарын Шахтерлер күнімен құттықтайды!