256 млн. теңгені қолды еткен ҚР Көлік министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сот үкімі шықты

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы 14 маусымда Көлік және коммуникация министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты Қаржы полициясы агенттігімен қозғалған және тергелген қылмыстық істің сотта қаралуы аяқталды.

256 млн. теңгені қолды еткен ҚР Көлік министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сот үкімі шықты

Бұл туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Астана қаласының Есіл аудандық сотымен бұрынғы көлік және коммуникация вице-министрі Д. Күтербеков, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Н. Өмірбаев «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасау жұмыстарын мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде мемлекетке 126,8 млн.теңге залал келтіріп, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғанына кінәлі деп танылды.

Оған қоса Күтербеков концессиялық жобалар бойынша кеңес беру жұмыстарын мемлекеттік сатып алу кезінде мемлекетке 129,2 млн.теңге залал келтіре отырып қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған деп танылды. 

Күтербековке 3 жылға бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы тағайындалды.

Өмірбаев 3 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды, алайда «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жиырма жылдығын тойлауға байланысты рақымшылық туралы» заңының 4 бабына сәйкес ол жазадан босатылды.

Азаматтық авиация комитетінің бұрынғы төрағасы М. Кубаев ҚР азаматтық авиация саласының еуропалық стандарттарға өту бойынша іс-шаралар жоспарының 2-кезеңін жүзеге асыру жұмыстарын мемлекеттік сатып алу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған деп танылып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жиырма жылдығын тойлауға байланысты рақымшылық туралы» заңының 4 бабына сәйкес ол жазадан босатылды.

Сонымен бірге «АзияМегаТранзит» ЖШС басшысы Б. Сыздықов пен «Legal EXPERT KAZAKHSTAN» ЖШС басшысы Б. Айтукенова «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасауға, ҚР азаматтық авиация саласының еуропалық стандарттарға өту бойынша іс-шаралар жоспарының 2-кезеңін жүзеге асыру және концессиялық жобалар бойынша кеңес беру мен салалық мастер-жоспарларды жасауға бөлінген жалпы соммасы 575 млн.теңге бюджет қаражатын алаяқтық жолмен ұрлаған деп сотпен танылды.

Сыздықов пен Айтукенова әрбіреуі мүлкін тәркілеумен 6 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.