26 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 26 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.
26 қаңтар ЖЕКСЕНБІ Кеденшілердің халықаралық күні. 1983 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл мерекені бүкіл әлемде 800 мың адам тойлайды. 1950 жылғы желтоқсанның 15-інде Кедендік ынтымақтастық кеңесін құру туралы конвенцияның негізінде Бүкіләлемдік кеден ұйымы (WCO) құрылды. Бүгінде ұйымға 162 мемлекет мүше. Үндістан Республикасының мемлекеттік мейрамы - Республика күні (1950). Үндістан - Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ауғанстан, Қытай, Непал және Бутанмен, шығысында Бангладеш және Бирмамен, батысында Пәкістанмен шектеседі. Астанасы - Нью-Дели. Ақша бірлігі - үнді рупийі. Қазақстан Республикасы мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 23-інде орнатылды. Австралия күні. Бұл мереке еуропалықтардың Жасыл құрлықты зерттей бастауымен байланысты. 1788 ж. 26 қаңтарда капитан Артур Филипп Сиднейге тоқтап, британдық туды көтеріп, Жаңа Оңтүстік Уэльс колониясын қалады.
Халықаралық ғаламторсыз күн. Жыл сайын қаңтар айының соңғы жексенбісінде тойланады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 90 жыл бұрын (1924) «Ақ жол» газетінде Ж.Аймауытовтың «Әйелді мектепке алыңдар» деген мақаласы жарық көрді. 33 жыл бұрын (1981) Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Сәулетшілері - О.Баймырзаев, А.Қайнарбаев, М.Жақсылықов (жоба авторлары 1982 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды). 22 жыл бұрын (1992) Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Жапония арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хат алмасу рәсімі өтті. 21 жыл бұрын (1993) Алматы қаласында Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің халықаралық конгресінің ассамблеясы өтті. 21 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев Жапон-Ресей сауда қауымдастығының президентін, Жапонияның шетелдермен экономикалық және мәдени байланыс қауымдастығының тұрақты мүшесі Тэцуо Сатоны қабылдады. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда екі жақты кәсіпкерлік форумда қала әкімшілігі мен Корея кіші және орта кәсіпкерлігі федерациясының арасындағы Өзара ынтамақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 9 жыл бұрын (2005) Павлодарлық соғыс және еңбек ардагерлерінің «Павлодарлықтар ерлігі халық жадында» («Подвиг павлодарцев в памяти народной») атты кітабы жарық көрді. Бұл жинақта ардагерлердің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы бастан кешкен ауыр азаптарын бейнелеген әңгімелер мен естеліктері суреттелген. 8 жыл бұрын (2006) Қазақстанда Еуразиялық мәдениет қорының бастамасымен «Ұлт байлығы» атты сыйлық бекітілді. Бұл сыйлық әлемде және өз еліміздегі қызметтері көпшілікке танылған Қазақстан азаматтарына мемлекеттік, экономика, ғылым және мәдениет саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін беріледі. Сыйлықты мемлекеттік, қоғам, діни, сонымен бірге ғылым, экономика, әдебиет, өнер, білім бері және спорт саласының қайраткерлері ала алады. Сыйлықты беру туралы шешімді Еуразиялық мәдениет қорының кеңесінде қабылданады. Алдын ала талдау жұмыстарын өткізу үшін сарапшы комиссиясы құрылады. «Ұлт байлығы» атты сыйлық жыл сайын беріледі. 7 жыл бұрын (2007) Румынияның Бая Маре қаласында бірлескен «Ромалтын» қазақстан-румын компаниясының таныстырылымы өтті. Жаңа компания «Қазақголд» компаниясының британдық «Oxus Gold Plc» компаниясымен бірлесіп Бая Маре өңірінен алтын өндіру кешенін сатып алуының нәтижесінде құрылған. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына республиканың еңбек сіңірген дәрігері, денсаулық сақтау үздігі Изатима Жекенованің есімін беру рәсімі салтанатты түрде өтті. И.Жекенова қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында бас дәрігері болып 30 жыл қызмет атқарды. Үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң Құрмет грамоталарымен марапатталған. 6 жыл бұрын (2008) Екібастұздағы «Богатырь Аксес Көмір» ЖШС көмір кәсіпорнында техникалық қызмет көрсететін «Pit-stop» жаңа пункті пайдалануға берілді. Онда үлкен жүк таситын автомобильдер, бульдозерлер мен «Богатырь» разрезінің жүк артқыш көліктері сервистік тексерістен өтеді. «Имсталькон-Проект» фирмасы жасаған алғашқы техникалық пункт Солтүстік кешендегі көмір өндірушілердің тапсырысымен салынып, жұмыс орнында қуатты техника сервисінің жоғары тиімділігін көрсетті. «Pit-Stop» кешенінің алып жатқан жер ауданы 1,5 гектардан асады. Онда бір мезгілде 4 үлкен жүк таситын автомобиль алдын ала тексеріліп, жөндеуден өтеді. «Ground fohce», «Hormann», «Caterpillar» сияқты танымал шетелдік фирмалардың автоматтандырылған құралдары алып көліктерге тез, әрі кепілді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. 4 жыл бұрын (2010) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан Қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі институт Жоғары оқу орнының ғылыми кеңесінің шешімімен құрылды. Институт Ұлттық қауіпсіздік және халықаралық ынтымақтастық мәселелерімен айналысатын білікті саясаттанушы, экономист, социолог және басқа да мамандардан ұйымдастырылған. Институт үш бөлiмнен тұрады: iшкi саясат, экономикалық талдау және болжау, халықаралық бөлiм. Институт зерттеулерінің негізгі бағыттары Қазақтанмен және шет елдердің ішкі саясаттың және әлеуметтік-экономиканың дамуы, қауiпсiздiк сұрақтарының, әлемдiк экономикамен және саясаттың даму тенденцияларының зерттелуi, олардың Қазақстан экономикасының дамуы және оның халықаралық бірлестіктегі рөлінің ықпалдығын талдау. 75 жыл бұрын (1939) Нильс Бор Вашингтондағы теориялық физика конференциясында уранның бөлінуі жаңалығын жариялады. Бұл ХХ ғасырдағы ғылымдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі болып танылды. ЕСІМДЕР 74 жыл бұрын (1940) Геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик БЕРІКБОЛОВ Бақытжан дүниеге келді. 66 жыл бұрын (1948) Қазақстан фантаст-жазушылары қауымдастығының президенті, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты КЕНЖЕҒҰЛОВА Нарбин дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналының бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің жетекші маманы, Республикалық кітап палатасы директорының орынбасары, Жазушылар одағында көркем аударма және әдеби байланыстар алқасының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1994 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұстаздық қызметте болған. Шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде жазады. «Мойылқара», «Қиын шешім», «Жерұйыққа саяхат», «Қызыл сәуле», т.б. фантастикалық шығармалар жинақтарында оның әңгіме-повестері жарияланған. Кейінгі жылдары «Дорогу осилит идущий» ғұмырнамалық хикаяты, Т.Айтбайұлынан тәржімалаған «Мың бір түн және мың бір күн» романы жарық көрген. 66 жыл бұрын (1948) ҚР Мұнай және газ министрлігі бюджет және қаржы департаментінің директоры ҚАСЫМОВА Татьяна дүниеге келді. 60 жыл бұрын (1954) Қазақстан немістері республикалық бірлестігінің - Қазақстан немістері қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының төрағасы ДЕДЕРЕР Александр Федорович дүниеге келді. Қарағанды қаласында туған. Қарағандық политехникалық институтын бітірген. 1976 жылдан - ҚПТУ инженері. 1979 жылдан Қостанай ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының инженер-технологы. 1980 жылдан - ҚПТУ аға шебері. 1983-1992 жылдары - Қостанай дизель двигательдері зауытының бөлім бастығы - директордың әлеуметтік даму жөніндегі көмекшісі. 1989 жылдан бастап - Қостанай облыстық немістердің қоғамдық-саяси қоғамын құру бастамашысы. «ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, медальдармен, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 58 жыл бұрын (1956) Техника ғылымдарының докторы, профессор, академик, Минералды шикізаттарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың бас директоры ЖӘРМЕНОВ Әбдірәсіл дүниеге келді. 53 жыл бұрын (1961) Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі МӘКЕЖАНОВ Сұлтанбек Алмасбекұлы дүниеге келді. Жамбыл облысы Мерке ауданында туған. Целиноград инженер-құрылыс институтын, Халықаралық еңбек академиясын бітірген. 1993-1998 жылдары - «Астана-банк» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, «Қазақинвест» корпорациясының вице-президенті. 1998-2002 жылдары кәсіпкерлікпен айналысқан. 2002-2004 жылдары - Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі, аппарат басшысы. 2004-2006 жылдаары - « Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Алматы қаласы әкімі аппаратының жетекшісінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2006-2010 жылдары - Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығы. 2010 жылдың желтоқсанынан бері - қазіргі қызметінде. 52 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының директоры МЫҢБАЙ Дархан Қамзабекұлы дүниеге келді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі (2012 жылдан бастап). Дархан Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. 1985 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін (1985) журналист мамандығы бойынша бітірді; 2006 жылы Шымкент университетін экономист мамандығы бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты. 1978-1979 жылдары - Шымкент облысы Сайрам ауданы «Қайнарбұлақ» ұжымшарының В.И. Ленин атындағы бөлімшесінде жұмысшы. 1985 жылдан - Одақтық және шетелдік баспаға арналған Бас ақпарат редакциясының (ҚазКСР Министрлер Кеңесі жанындағы Ақпараттық агенттік- ҚазТАГ) редакторы, 1986 жылдан - аға редакторы, 1989 жылдан - одақтық баспаға арналған ақпарат редакциясының аға бақылаушы әдеби редакторы. 1990 жылдан - ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Актілерді жариялау бөлімінің аға кеңесшісі. 1992 жылдан - ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің редакциялық-баспа бөлімінің аға референті. 1994 жылдан - «Өркен- Горизонт» республикалық газетінің бас редакторы. 1996 жылдан - «Қазақстан теледидары және радиосы» Республикалық корпорациясының вице - президенті. 1997 жылдан - Шығармашылық қызметті және облыстық телерадиокомпаниялармен жұмысты үйлестіру жөніндегі басқарманың бастығы. 1997 жылдан - ОҚО әкімінің орынбасары. 2002 жылдан - ОҚО жастар ісі және ішкі саясат департаментінің бастығы. 2004 жылдан - ОҚО Түлкібас ауданының әкімі. 2006 жылдан - ОҚО әкімнің орынбасары. 2008 жылдан - ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2008-2012 жылдара аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болған. 2012 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. 2013 жылғы қаңтар айынан - қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен (2009); «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006) медальдарымен марапатталған. 44 жыл бұрын (1970) "Қазақстан темір жолы" ҰК атқарушы директоры ЖУСАНБАЕВ Еркін дүниеге келді. 124 жыл бұрын (1890-1950) кеңес радиохимигі, КСРО ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО-да алғашқы радиохимиялық мектептің негізін қалаушылардың бірі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының үш мәрте иегері ХЛОПИН Виталий Григорьевич дүниеге келді. Ресей Федерациясының Пермь қаласында туған. Гёттинген және Петербор университеттерін бітірген. Ресей Ғылым академиясының Радиологиялық зертханаларында жұмыс істеген. Академик В.Вернадскиймен бірге Радий институтын құрып, осы институт директорының орынбасары, директоры болды. 1941-1945 жылдар аралығында КСРО Ғылым академиясы Химиялық ғылымдар бөлімінде академиктің орынбасары-хатшысы, 1942-1950 жылдары «Успехи химии» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. КСРО-да Радий және гелий өнеркәсібін құрып, сәулеленген ураннан плутонийді бөлу бойынша алғашқы радиохимиялық технологияны жасау жұмыстарынының жетекшісі болған. 1950 жылы КСРО Министрлер Кеңесі В.Хлопин атындағы сыйлық тағайындады. Екі рет Ленин орденімен, медальдармен марапатталған. 96 жыл бұрын (1918-1989) Румынияның тұңғыш президенті Николае ЧАУШЕСКУ дүниеге келді. 93 жыл бұрын (1921-1999) Sony компаниясының негізін қалаушы Акио МОРИТА дүниеге келді. 54 жыл бұрын (1960) ресей журналисі, тележүргізуші, бірқатар танымал тележобалардың авторы ПАРФЕНОВ Леонид Геннадьевич дүниеге келді. Ресей Федерациясының Вологда облысында туған. Жданов атындағы Санкт-Петербор университетін бітірген. КСРО Мемлекеттік телерадио Орталық комитеті жастар бағдарламасы редакциясының арнайы тілшісі, «Мир и молодежь», «Пресс-клуб» бағдарламаларында, «Авторское телевидениеде» (ATV), «Телекомпания НТВ» АҚ-ның бас продюсері болған. ОРТ телеканалында «Старые песни о главном» және «Старые песни о главном-2», «НТВ - Новогоднее телевидение» жаңа жылдық бағдарламалары сценарийлерінің, ATV-дағы «Намедни» бағдарламасының, ресей ақша купюраларының авторы. 1994 жылы «Ең әдемі жүргізуші» болып танылған. Ресей Федерациясы Журналистер одағы сыйлығының иегері. 53 жыл бұрын (1961) канадалық хоккейші, Ұлттық хоккей лигасында талай рекордтың иегері, орталық шабуылшы Уэйн ГРЕТЦКИ дүниеге келді.