26 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 26 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік ақпарат күні
1994 жылдан бері жыл сайын атап өтіледі. Бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесінде бас консультативтік мәртебесі бар Халықаралық ақпараттандыру академиясы мен Дүниежүзілік ақпараттану парламенті көтерген. Атаулы күн 1992 жылы алғаш рет өткен Халықаралық ақпараттандыру форумының құрметіне белгіленген.
Дүниежүзілік тұрақты көлік күні
Қауіпсіз, арзан, баршаға қолжетімді әрі тұрақты көлік жүйесі экономиканың тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ елдер арасындағы халықаралық ынтымақтастық пен сауда байланыстарын нығайтуға ықпал етеді. Осыны ескере отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 26 қарашаны Дүниежүзілік тұрақты көлік күні деп жариялады.
Халықаралық етікшілер күні
Бұл мереке аяқ киімнің дизайнын әзірлеп, оны тігумен және өндірумен айналысатын шеберлер мен қолөнершілерге, сондай-ақ аяқ киім өндірісі мен жөндеу саласының мамандарына арналған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1924 жылы белгілі мемлекет қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың бастамасымен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылымның тарихы «Ақ жол» газетінен бастау алады. Оның беттерінде Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды көрнекті тұлғалардың қайталанбас жазу мәнері сақталған. Газеттің бас редакторлары қатарында Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Бейсенбай Кенжебаев болды. Айта кетейік, «Оңтүстік Қазақстан» – қазақ журналистикасының өзіндік мектебіне айналған іргелі басылым. Мұнда талай талантты ақын, көрнекті жазушы мен журналист түлеп ұшты.
1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында Төле бидің ескерткіші ашылды. Бұл қазақ жүздерінің басын қосуда айрықша рөл атқарған Төле биге орнатылған алғашқы ескерткіш еді.
Төле би Әлібекұлы (1663-1756) – Ұлы жүздің биі, мемлекет қайраткері, шешен, Тәуке ханның кеңесшісі. Жамбыл облысындағы Шу өңірінде дүниеге келген. Ұлы жүздің Дулат руынан шыққан. Өз заманының білімді адамы болған, сөз өнерін жетік меңгерген. Он бес жасынан ру арасындағы дауларға араласып, әділдігімен би атанған. Қазыбек және Әйтеке билермен бірге қазақ жүздерін бірлікке шақырып, «Жеті жарғы» заңдар жинағын әзірлеуге қатысқан.
1997 жылы Алматы қаласындағы Гражданская көшесіне қазақ әдебиеттанушысы, мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, аудармашы Мүсілім Базарбаевтың есімі берілді. Ғалымның зерттеу еңбектері қазақ әдебиетінің көркемдік ерекшеліктері мен әдебиеттану мәселелеріне арналған. Ол Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын зерттеп, Иван Тургеневтің туындыларын қазақ тіліне аударған. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және «Парасат» орденімен марапатталған.
2005 жылы Қазақстанға кеңінен танымал «Ұлытау» тобы «Жұмыр қылыш» атты тұңғыш альбомын шығарды. Жинаққа Махамбеттің осы аттас күйінің негізінде орындалған 10 жеке шығарма енді. Альбом Мәскеуде Владимир Осинскийдің студиясында жазылып, Лос-Анджелестегі Paramount Records студиясында өңделді. Еуропа елдері мен ТМД нарығына арналған диск ағылшын және орыс тілдерінде безендірілді.
2013 жылы Қазақстанда Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мен Еңбек күні мерекелері белгіленді. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы заңның 4-бабына сәйкес, Мәдениет және өнер қызметкерлері күні 21 мамырда, ал Еңбек күні қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
2017 жылы 21 жастағы Жалғас Тайкенов параканоэден Азия чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық спортшы болды. Таиландта өткен жарысқа Азияның 10 елінен 75 спортшы қатысты. KL-3 санаты бойынша 200 метр қашықтықтағы финалдық жарыста қазақстандық спортшы ирандық қарсыласынан озып, алтын медаль жеңіп алды.
2018 жылы «Мерейтойлық және атаулы күндер» сериясымен «Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі» пошталық маркасы айналымға шықты.
Марка офсеттік әдіспен төрт түсте басылып, он маркадан тұратын парақ түрінде шығарылды. Жалпы таралымы 20 мың дана болды. Бір марканың құны 250 теңгені құрады.
2017 жылғы қаңтарда Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғаш болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға арналған тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Дауыс беру кезінде Қазақстанның кандидатурасын БҰҰ-ға мүше 138 мемлекет қолдады.
2019 жылы Семей қаласының тұрғыны Болат Қабжанов Испанияның Торревьеха қаласында алғаш рет өткен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы халықаралық шахмат турнирінде топ жарды.
Жарысқа әлемнің 8 елінен 20-дан астам спортшы қатысты. Чемпионат швейцариялық жүйе бойынша екі санатта өтті. Болат Қабжанов екі санатта да қарсыластарынан озып, бірінші орын иеленді.
2021 жылы Астрахан қаласындағы Құрманғазы атындағы облыстық мәдениет орталығында қазақтың көрнекті күйші-композиторы, Қазақ КСР халық әртісі Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына орай «Түркі әлемінің ұлы композиторы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерінде жарық көрген жинаққа күйші өміріне қатысты бұрын жарияланбаған тың деректер мен құнды мәліметтер енген.
2022 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі өтті. Ант қабылдағаннан кейін Мемлекеттік Әнұран орындалып, 21 мәрте зеңбіректен оқ атылды. Сондай-ақ Ақорда резиденциясының үстінде Мемлекеттік Ту көтерілді.
2023 жылы Taraz және Liwa танкерлерін Ақтау портына тіркеу рәсімі өтті. Мұнай тасымалдауға арналған кемелер «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Abu Dhabi Ports Group компаниясының ынтымақтастығы аясында сатып алынды. Жүк көтерімділігі 8 мың тонна болатын танкерлердің иесі – «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны «Қазтеңізкөлікфлоты» ЖШС мен Abu Dhabi Ports Group құрамындағы International Maritime Investments Ltd компаниясы құрған Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd бірлескен кәсіпорны.
2024 жылы «Қазпошта» Қазақ КСР және КСРО халық әртісі, Қазақ КСР және КСРО мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Отан» орденінің иегері, академик, әйгілі опера әншісі Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына орай арнайы пошта маркасын шығарды.
2025 жылы Цифрлық штаб отырысында экономиканың барлық саласын жаңғыртуға бағытталған Digital Qazaqstan ауқымды цифрландыру және ЖИ технологияларын жаппай енгізу стратегиясын іске асыру моделі мақұлданды. Модель басқарудың стратегиялық деңгейін Цифрлық штабқа, ал операциялық деңгейін Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға жүктеуді көздейді. Аталған комиссия Цифрлық трансформацияны жеделдету жөніндегі комиссия болып қайта құрылады. Құжат Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес әзірленеді.