26 қарашада мұсылмандардың һижри күнтізбесі қайта басталады
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында хабарланды. Ислам тарихында Мұхаррам айы һижри жыл санауының бастауы саналады. Сондықтан бұл айдың мұсылмандар үшін маңызы ерекше. Сондай-ақ осы айда ораза тұтудың да сауабы мол.
Пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеден Мәдина қаласына көшкен - 622 жыл Мұхаррам айының бірінші күні, айдың да, жылдың да басы еді. Мұсылмандар Мәдинаға келгенде иаһудилердің мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстайтынын байқайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл оразаның мәнісін білу мақсатында: «Бұл қандай ораза?» деп сұрады. Сонда олар: «Бұл күннің біз үшін маңызы зор. Өйткені, Аллаһ тағала бұл күні Мұсаны (ғ.с.) дұшпаннан құтқарған. Перғауынның көзін жойған. Мұса (ғ.с.) да осы күні шүкіршілік ретінде ораза тұтқан», - деп жауап берген екен.
Сонда Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «Мұсаға (ғ.с.) сендерден біз жақынырақпыз», - деп мұсылмандарға Мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстауға өсиет етті. Ол кезде әлі Рамазан оразасы парыз етілмеген еді. Келесі жылы Рамазан айының оразасы парыз етілді. Ал Ашура күні тұтылатын оразаны әр адамның еркіне қалдырды. Осылайша Ашура күні ораза ұстау мұстахаб сауапты амал болып есептеледі.