26 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 26 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
64 жыл бұрын (1960) ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Әкебайұлы ЖӨРГЕНБАЕВ дүниеге келді.
Алматы облысында туған. 1987 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (ҚазПТИ) «инженер машина жасаушы» мамандығы бойынша, Бүкілодақтық «Мемагропром» басшы қызметкерлер институтын, 1997 жылы Д.А. Қонаев атындағы мемлекеттік университетті «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1992 жылы Қарқара совхозының жұмысшысы, 1992-1993 жылдары Алматының Талғар ауданы бордақылау совхозында инженер, жылу инженері, егін өсіру бригадирі, аға инженер болды. 1993 жылы «Дулат» МГП директорының орынбасары, 1993-1997 жылдары Киров ауылдық кеңесі төрағасының орынбасары, Талғар ауданы Киров ауылдық округінің әкімі, 1997-1999 жылдары Талдықорған қаласының әкімі, 1999-2001 жылдары Қапшағай қаласы әкімінің бірінші орынбасары, 2001-2003 жылдары Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, 2003 жылы Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2003-2005 жылдары «Идиль-Ақсу» консорциумы ЖШС жоба жетекшісі, 2005-2006 жылдары «Ақсу» АҚ вице-президенті, 2006-2009 жылдары «Ақсу» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, 2009 жылы «Қарасай Құрылыс» ЖШС кеңесшісі, құрылтайшысы, бас директоры болды. 2019-2021 жылдары «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2021-2022 жылдары Алматы облысы мәслихатының хатшысы қызметін атқарды. 2022 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі болды.
«Құрмет» орденімен, ҚР мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
63 жыл бұрын (1961) қоғам және мемлекет қайраткері, экономист Ораз Әлиұлы ЖАНДОСОВ дүниеге келді.
Алматыда туған. 1987 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетін «экономист-кибернетик» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1987-1991 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының экономика институтының кіші ғылыми қызметкері, 1991-1993 жылдары ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің консультанты, басшының орынбасары, 1993-1996 жылдары шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік төрағасы – ҚР экономика министрінің бірінші орынбасары, 1996-1998 жылдары ҚР Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарған. 1998-1999 жылдары ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – ҚР инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, 1999-2000 жылдары «KEGOC» ААҚ Президенті, 2000-2001 жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары,
2001-2002 жылдары «Сана-Консалтинг» ЖШС серіктесі, 2003 жылы ҚР Президентінің көмекшісі, 2003-2004 жылдары ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы лауазымын атқарды. 2008 жылдан – «РАКУРС» экономикалық талдау орталығының директоры. 2022 жылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар жәнне аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Еділ Құламқадырұлы МАМЫТБЕКОВ дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолы: 1991-1996 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушылық және әкімшілік қызмет атқарған. 1996-1998 жылдары Үкімет Аппаратының, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкері болды. 1998-2007 жылдары ұйымдастырушылық-бақылау бөлімінің бас эксперті, әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас эксперті, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, Президент Әкімшілігінің экономикалық саясат басқармасының бас инспекторы, 2007-2008 жылдары Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2008-2009 жылдары ҚР Индустрия және сауда вице-министрі, 2009-2014 жылдары Еуразия Экономикалық Қауымдастығы жанындағы Кедендік одақ комиссиясының жауапты хатшысының орынбасары, 2014-2015 жылдары Астана қаласы әкімшілігі аппаратының жетекшісі. 2015-2017 жылдары "Нұр Отан" партиясының Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасарықызметін атқарған. 2017-2023 жылдары Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болды.
Ғылыми басылымдардың, математика мен экономика мамандығы бойынша студенттерге арналған оқу құралдарының авторы.
«Құрмет» грамотасымен, медальдармен марапатталған.
53 жыл бұрын (1971) Астана қаласы сотының төрағасы Ақан Маратұлы ЖҰМАҒҰЛОВ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. 1994 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, құқықтанушы.
Еңбек жолы: 1988-1989 жылдары Зайсан автокөлігі кәсіпорнының слесарі, 1993-1994 жылдары Шығыс Қазақстан облысы көлік прокуратурасының тергеушісі, прокурордың көмекшісі, аудан прокурорының орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының прокуроры, 1994-1996 жылдары Өскемен қаласы Октябрь ауданы прокуратурасының аға тергеушісі, 1996-1997 жылдары ШҚО прокуратурасы тергеу басқармасының прокуроры, 1997 жылы Өскемен қаласы прокурорының көмекшісі болды. 1997-1998 жылдары ШҚО прокуратурасы тергеу басқармасының прокуроры, 1998-2000 жылдары ШҚО Катонқарағай ауданы прокурорының орынбасары, 2000-2001 жылдары Өскемен қаласы прокурорының көмекшісі, 2001 жылы Семей облысы бойынша қаржы полициясы басқармасы анықтама бөлімінің бастығы, 2001-2003 жылдары ШҚО бойынша қаржы полициясы департаменті анықтама бөлімінің бастығы, 2003-2004 жылдары ШҚО бойынша қаржы полициясы департаменті экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы, 2004-2005 жылдары ШҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ішкі істер бөлімінің аға инспекторы, 2005-2010 жылдары Өскемен гарнизоны әскери сотының судьясы, 2010-2013 жылдары ШҚО Риддер қаласы сотының төрағасы, 2013-2015 жылдары Семей қаласы сотының төрағасы, 2015-2017 жылдары Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, 2017-2020 жылдары БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 2020-2022 жылдары Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 2022 жылы Астана қаласы сотының төрағасы қызметін атқарды.
2022 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
120 жыл бұрын (1904-1989) мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы ОҢДАСЫНОВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданында туған. 1920-1926 жылдары Ташкенттегі қазақ мектеп-интернатында тәрбиеленіп, Түркістан орман техникумында оқыған. БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1926-1930 жылдары Қызылорда облыстық орман шаруашылығы орманшысының көмекшісі, су шаруашылығы бөлімінің статисті, Жамбылдағы Талас зерттеу партиясының кіші технигі, Шымкент облыстық су шаруашылығы бөлімінің технигі болған. 1931-1938 жылдары Ташкент ирригация институтының бөлім меңгерушісі, кеңшар директорларын даярлайтын курс директорының орынбасары, Қазақ орман шаруашылығы тресі директорының орынбасары, директоры, Қазақ КСР Жер халкоматы басқармасының бастығы, 1938 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1938-1951 жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы. 1954-1962 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Гурьев (Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет етті.
Ұлттық кадрлар дайындауға зор көңіл бөлген. 1946 жылы Қазақ КСР-нің Ғылым Академиясын құруға атсалысқан. 1962 жылдан Мәскеуде ғылыми жұмыстармен айналысты. Араб-қазақ, парсы-қазақ түсініктеме сөздіктерінің авторы.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, үш мәрте Ленин орденімен марапатталған. Туған ауылына, ондағы орта мектеп пен көшелерге есімі берілген.
2021 жылы Алматы қаласында Нұртас Оңдасыновқа ескерткіш орнатылды.