26 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 26 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1964 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Республика Министрлер Кеңесі Целиноград (қазіргі Астана) медициналық институтын құру туралы шешім қабылдады. 1997 жылы институт академияға айналды. 2009 жылдың 6 қаңтарында Қазақ медицина академиясы «Астана медициналық университеті» АҚ болып қайта құрылып, «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ құрамына кірді.
2010 жылы Мемлекет басшысының Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы және ұсынысы бойынша тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы Іскерлік кеңес құру туралы шешім қабылдады.
2010 жылы Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысының атақты спортшыларының Аллеясы ашылды. Облыстың әйгілі 28 спортшысының есімі жазылған гранит тақталар қаладағы Қажымұқан атындағы орталық стадион алдындағы алаңға орнатылған. Гранит тақталарда боксшы Бекзат Саттарханов, гимнастшылар Нелли Ким мен Әлия Юсупова, палуан Бисолт Дециевтің есімдері жазылған.
2011 жылы Куала-Лумпурда қазіргі Қазақстан суретшілерінің көрмесі өтті. Оны Қазақстан Республикасының Малайзиядағы елшілігі ұйымдастырды. Алматының «Өнер» арт-салоны ұсынған 100 шақты суретте қазақ халқының тарихы, дәстүрлері, ұлттық құндылықтары, дала рухы көрініс тапқан.
2015 жылы ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі Италияның мұрағатынан Дешті Қыпшақ кезеңінде жазылған «Кодекс куманикус», яғни қыпшақ тілі сөздігінің электронды нұсқасын елімізге əкелді.
2015 жылы Варшавада кәсіби футбол лигалары Еуропалық қауымдастығының Бас ассамблеясы өтті. Оның қорытындысы бойынша, ұйымның құрамына Қазақстанның кәсіби футбол лигасын қабылдау шешімі қабылданды.
2017 жылы режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» көркем фильмі Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» («Бүгінгі дін») кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталды. Сонымен қатар, аталған туынды SIGNIS тәуелсіз қазылар алқасының арнайы жүлдесіне қол жеткізді (Коммуникация жөніндегі әлем католиктері қауымдастығының жүлдесі).
2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында «Тарбағатай» Ұлттық паркі ашылды. Ондағы мақсат – биологиялық және ландшафтық әралуандылықты сақтап қалу, арнайы экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар табиғат қорғау мақсаттары үшін мемлекеттік табиғи резервтік қордың бірегей табиғи кешендерін және объектілерін пайдалану. Ұлттық парктің ауданы – 143550,5, қорғау аймағы – 204 602 гектар. Парктің ерекшелігі – онда өсімдіктердің өзге аумақта кездеспейтін «Қызыл кітапқа» енген 35-тен астам түрі бар. Бүгінгі күнге дейін флораның 1640 түрі анықталған. Ұлттық парктің омыртқалы жануарлар фаунасы да бай. Алдын ала алынған деректер бойынша олар 376 түрді қамтиды.
2019 жылы Швейцарияның Трамелан қаласында ауыр атлетикадан өткен 49th «Challenge 210» халықаралық жарысында қазақстандық Раушан Мешітханова 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Спортшы 205 келі (95+110) көтеріп, жарыстың алтын жүлдесін қанжығасына байлады.
2023 жылы итальяндық саяхат блогерлері Damaride және Francesco
Қазақстанға келіп, көргендеріне таңданысын білдірді. Олар әлеуметтік желіде Түркістаннан видео жариялады. Бейнежазбаның түсіндірмесінде атақты саяхатшылар Қазақстанның әлі күнге дейін көптеген сұлулықты қамтитын туристік ел ретінде танымал емес екенін айтты.