26 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 26 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік қоршаған ортаның саулығы күні

2011 жылы Индонезияда алғаш рет қоршаған орта саулығы күні мерекеленді. Осыған байланысты Индонезияның белсенді студенттері мереке гимнін шығарып, оны ашылу рәсімінде орындады. 2012 жылы бұл шара Африка мен Еуропаның бірқатар елдерінде аталып өтті. 2013 жылы мерекеге канадалық, британиялық, австриалиялық, америкалық, азиялық белсенділер қосылды.

Дүниежүзілік контрацепция күні

2007 жылы 26 қыркүйекте репродуктивті денсаулық мәселелерімен айналысатын бірқатар ұйымның бастамасы бойынша Дүниежүзілік контрацепция күні алғаш рет аталып өтті. Оның мақсаты – жоспарланбаған жүктіліктің жоғары деңгейін төмендету.

Халықаралық ядролық қаруды толығымен жою үшін күрес күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарымен 2013 жылдың желтоқсанында бекітілді.

Бүкіл әлемде ядролық қаруды толығымен жою БҰҰ 1946 жылы құрылғаннан бері оның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады және Бас Ассамблеяның алғашқы қарарының тақырыбы болды.

Еуропа тілдері күні

2002 жылдан бастап аталып келеді. 2001 жылдың 6 желтоқсанында Еуропада тілдер жылы аясында бұл мерекені Еуропа кеңесі жариялап, Еуропалық кеңес қолдауына ие болды. Еуропа тілдері күнінің міндеті – оны сақтап қалу мақсатында тілдерді оқу, меңгеру мәселесіне қоғамның назарын аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді.

Бағдарлама республиканың денсаулық сақтау жүйесінің импорттық дәрі-дәрмектерге тәуелділігін жүйелі түрде азайту, өзіндік өндірістік қуаттарын, шикізатын, ғылыми-техникалық әлеуетін толығырақ пайдалану және заманауи технологияларға негізделген жаңа фармацевтикалық өндіріс орындарын құру мақсатында іске қосылды.

2002 жылы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтетін ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениет пен ғылым өркендеген көне Тараздың 2000 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталды. Орталық алаңда Бәйдібек Қарашаұлының үлкен ескерткіші ашылып, Мұражай мен Тараз университеті жанынан сәулет өнерінің соңғы жетістіктері үлгісімен салынған Мұхаммед Қайдар Дулати атындағы Жастар сарайы пайдалануға берілді. Бұрынғы Химиктер сарайы жаңғыртылып, Баласағұн атындағы сарай болып қайта ашылды. Осы күні қойылған театрландырылған көрініске қаланың 6 мыңнан астам өнерпазы қатысты.

2003 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне ұлттық университет мәртебесі берілді.

2005 жылы «Роc Астро» аспан денелерінің тізілімінде Бикеш шоқжұлдызында үлкендігі бойынша тоғызыншы жұлдызға «АНПЗ» – Атырау мұнай өңдеу зауытының аты берілді. Жұлдыз Күннен 281 жарық жылы қашықтықта орналасқан, халықаралық нөмірі — FE 095-259.

2011 жылы танымал қырғыз ғалымы Максут Сартбаев Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығына отбасылық ғылыми еңбектерін берді. М.Сартбаев – геология мен металлогения саласындағы танымал ғалым әрі көрші мемлекеттегі қазақ диаспорасы туралы еңбектердің алғашқы авторы.

2012 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Аңшы бала» кинокартинасы ХХІ ашық халықаралық фестиваль аясында «КиноМалыШок» байқауында «ең үздік» фильм атанды.

2014 жылы «Қайрат» клубының жастар академиясына аты аңызға айналған қазақ футболшысы, КСРО спорт шебері, Қазақ ССР және Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Темір Сегізбаевтың есімі берілді.

2015 жылы Миланда өткен «ЭКСПО-2015» көрмесінің Қазақстан павильонын көруге кіргендер саны 8 миллионнан асты. Соның 9 мыңы ерекше маңызды тұлғалар болды. Олардың ішінде Монако князы ІІ Альбер, Қытай Халық Республикасы премьер-министрінің орынбасары Ван Янг, Қазақстанның «Astana PRO Team» кәсіпқой велокомандасы, сондай-ақ ЭКСПО-2015 көрмесіне қатысқан елдердің министрлері болды.

2021 жылы Астана маңындағы жасыл белдеу аумағында «Туристік маршрут» ат спорты кешенінің құрылысы аяқталды. Бағдар атпен жүруге арналған соқпақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орындардың біріне айналды.

2022 жылы Абай облысындағы Үржар ауылының маңында археологтер XII-XIII ғасырларға тән көне қаланы анықтады. Олардың айтуынша, бұл Ертіс өңіріндегі 12 қаланың бірі болуы мүмкін.

2024 жылы Қазақстан World Boxing ұйымына қосылуға ресми өтінім берді. Бұл шешім қазақстандық боксшылардың Олимпиадалық болашағымен тікелей байланысты. Боксты Олимпиада бағдарламасында қалдыру мәселесі ХОК деңгейінде талқыланды.

World Boxing – Халықаралық бокс федерациясы. Бұл ұйым 2023 жылдың сәуір айында құрылған. Қазіргі уақытта оның құрамына 44 елдің ұлттық федерациялары кіреді.

2025 жылы Астанадағы Kulanshi Art галереясында әйгілі суретші Пабло Пикассоның бірегей туындыларының көрмесі ашылды. Көрмені халықаралық Lumiere-Hall мұражайы ұйымдастырды. Көрмеде Германия, Бельгия және Франциядағы жеке коллекциялардан алынған шебердің 51 литографиясы қойылған. Lumiere-Hall негізін қалаушы Максим Егарминнің айтуынша, мұражай бұл туындыларды жалға беру үшін бір жылға жуық уақыт күтті.

2025 жылы Мемлекет басшысы Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебесін беру туралы жарлыққа қол қойды.

2025 жылы Алматы хайуанаттар бағында көптен күткен оқиға болды: Амур жолбарыстары Бентли (6 жаста) мен Айканың (5 жаста) екі сарымағы дүниеге келді. Бұл Қызыл кітапқа енгізілген осы сирек кездесетін түрді сақтауға қосылған маңызды үлес болды.