26 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 26 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

26 қыркүйек, СӘРСЕНБІ
Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні
Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні алғаш рет 2011 жылы Индонезияда тойланды. Индонезиялық белсенді студенттер осы мерекеге гимн жазып, оны мейрамның ашылу салтанатында орындады. 2012 жылы атаулы күнді Африка мен Еуропаның көптеген елдері атап өтіп, 2013 жылы Канада, Аустралия, Америка, Азия белсенділері де осы мейрамға үн қосты.
Еуропадағы шет тілдер күні
Жаңа мыңжылдық басталысымен ЮНЕСКО 21-ші ғасырды полиглоттар ғасыры деп жариялады. 2001 жыл Дүниежүзілілік тілдер жылы деп жарияланды.
Халықаралық ядролық қаруды толығымен жою үшін күрес күні
БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарымен 2013 жылдың желтоқсанында бекітілді.
Йеменде Қыркүйек төңкерісі күні
Йеменде бұл күні Йемен Араб Республикасының құрылуына жағдай жасаған 1962 жылғы әскери төңкеріс болған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1970 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен Алматы жалпы әскери командалық училищесі құрылды. Ол кейіннен Құрлық әскерлерінің әскери институтына айналдырылды. Институттың басты міндеті - құрлық әскерлерінің жоғары білікті офицерлерін дайындау. Ұжымдық Қауіпсіздік туралы келісім аясында мұнда Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері де білім алады.
1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен «Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді.
2000 жылы «Қазақстан-Сорос» қоры «Шетелде білім алу» атты алғашқы білім жәрмеңкесін өткізді. Онда әртүрлі халықаралық елшіліктер мен донор ұйымдар білім гранттарын ұсынды.
2001 жылы Республика тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы өтті.
2002 жылы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілетін ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениет пен ғылым өркендеген көне Тараздың 2000 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталды. Орталық алаңда Бәйдібек Қарашаұлының үлкен ескерткіші ашылып, Мұражай мен Тараз университеті жанынан сәулет өнерінің соңғы жетістіктері үлгісімен салынған Мұхаммед Қайдар Дулати атындағы Жастар сарайы пайдалануға берілді. Бұрынғы Химиктер сарайы жаңғыртылып, Баласағұн атындағы сарай болып қайта ашылды. Осы күні қойылған театрландырылған көрініске қаланың 6 мыңнан астам өнерпазы қатысты.
2003 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне ұлттық мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінгі таңда университеттің 10 факультетінде 63 мамандық бойынша кадрлар даярланып, 14 мыңнан астам студент, 650 аспирант, докторанттар және ғылыми ізденушілер дәріс алады. 63 кафедрада 1100 оқытушы бар, оның 226-ы ғылым докторы, профессоры, 550-і ғылым кандидаттары мен доценттер.
2005 жылы Атырау мұнай өндеу зауытының есімі ғаламшарға берілді.
«Рос Астро» аспан денелер тізімдемесінде Атыраудың мұнай өндеуші зауытының есімі Бикеш шоқжұлдызының тоғызыншы көлеміндегі жұлдызға берілді. Галактикалық координаттар бойынша ол Күннен 281 жарық жыл ұзындығында орналасқан. Халықаралық нөмірі - FE 095-259.
2006 жылы Лондондағы танымал концерт залдарының бірі - Барбикан-Холлда Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Студенттік симфониялық оркестрінің концерті өтті.
2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің, сондай-ақ Зорлық пен зомбылыққа және басқа да ауыр, адамгершілікпен сыйыспайтын немесе кемсіту түріндегі жазалауларға қарсы Конвенцияның факультативті хаттамаларына қол қойды.
Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық келісім 1996 жылы Бас Ассамблеяның қарарымен қабылданған болатын. Оның факультативті хаттамасы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеттің құзыреті салаларын анықтайды. Зорлық пен зомбылыққа және басқа да ауыр, адамгершілікпен сыйыспайтын немесе кемсіту түріндегі жазалауларға қарсы Конвенция 1984 жылы қабылданды. Оның факультативті хаттамасы БҰҰ сарапшыларына Конвенцияның қатысушы-елдеріндегі түрмелер мен тергеу оқшауландыру орындарында болу мүмкіндігін беріп, зорлық-зомбылықтарды болдырмауға бағытталған ұлттық тетіктерді құруға шақырады.
2012 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Аңшы бала» кинокартинасы ХХІ ашық фестивалі аясында «КиноМалыШок» байқауында «ең үздік» фильм атанды.
2012 жылы Халықаралық көрмелер бюросының Париждегі штаб-пәтерінде Қазақстан, Бельгия, Бразилия, Ресей, Таиланд, Түркия елдері делегацияларының EXPO-2017 және EXPO-2020 көрмелерін өткізу құқығы талқыланған достық кездесуі өтті.
2014 жылы «Қайрат» клубының жастар академиясына аты аңызға айналған қазақ футболшысы, КСРО спорт шебері, Қазақ ССР және Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Темір Сегізбаевтың есімі берілді.
2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясына қатысу үшін Нью-Йорк қаласына барды. Шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев көптеген мемлекеттер мен үкіметтердің, сондай-ақ АҚШ-тың бірнеше ірі компанияларының басшыларымен кездесті.
2015 жылы Миланда өткен «ЭКСПО-2015» көрмесінің Қазақстан павильонына келгендердің саны 8 миллионнан асты. Соның 9000-ы ерекше маңызды тұлғалар болды. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Монако князы ІІ Альбер, Қытай Халық Республикасы премьер-министрінің орынбасары Ван Янг, Қазақстанның «Astana PRO Team» кәсіпқой велокомандасы, сондай-ақ ЭКСПО-2015 көрмесіне қатысқан елдердің министрлері келгенін ерекше атап көрсеткен жөн.
Отандық павильонға «Тақырып пен контентті үздік ашу» аталымы бойынша награда табысталды. «ЭКСПО-2015» көрмесінің тақырыбы: «Ғаламшарды азықтандыру. Өмір үшін энергия» болды. Қазылар алқасының пікірінше, қазақстандық павильонның мазмұнды бөлігі көрме тақырыбын ашып, сондай-ақ келушілерді елдің агромәдениеті, географиясы, дәстүрлері, азық-түлікпен қамтамасыз ету ерекшеліктері және ұлттық асханасымен жеткілікті таныстыра алды. Біздің еліміздің павильоны көрме бойы келушілер саны ең көп болып, көрме комитетінің ұйымдастырған дауыс беру қорытындылары бойынша көш бастап тұрды. Күн сайын мұнда шамамен 5 мың адам келді, павильонға келуге ниет білдірген қонақтардың кезегі ол жабылғанша азаймады.
2016 жылы Шынжаң өнер театрының сахнасында Astana Opera балет труппасының екі күндік гастролі басталды.