26 қыркүйек. Туған күн иелері
ЕСІМДЕР
113 жыл бұрын (1908-1965) ақын Таир ЖАРОКОВ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Ленинградтың тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген.
1932-1942 жылдары жаңадан құрылған Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, халық ақыны Ж. Жабаевтың әдеби хатшысы қызметтерін атқарған. 1946-1965 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы» баспасы) жауапты қызметте болған.
Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1932 жылы «Жұлдыз жарығы» деген атпен басылып шыққан.
Әр жылдарда «Нефстан», «Коммунизм таңында», «Мотор жыры», «Күн тіл қатты», «Мұз тұтқыны», «Тасқын», «Отан дауысы», «Нарын», «Тастағы жазу», «Совет сұңқарлары», «Бақыт жырлары», «Жапанды орман жаңғыртты», «Костер басында», «Қырда туған құрыш», «Жыр қанаты», «Құмдағы дауыл», «Тау жырлайды», «Теңіз баласы», «Тасқынға тосқын» атты кітаптары жарық көрген.
Көркем аударма саласында А. Пушкиннің «Цыгандар», «Кавказ тұтқыны», «Коломнадағы кішкене үй», «Ағайынды қарақшылар», М. Лермонтовтың «Черкестер», Грибоедовтың «Ақылдың азабы», М. Алигердің «Зоя» және басқа туындыларды қазақ тіліне тәржімалаған.
Бірнеше орденмен марапатталған.
64 жыл бұрын (1957) қазақ тромбоншысы, композитор және музыкалық педагог, дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қанат Мұғынұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.
Қарағанды қаласының тумасы. Мәскеу мемлекеттік консерваториясының оркестрлік факультетін (тромбон сыныбы бойынша, 1981 жылы) бітіріп, Ресей мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі құрамында стажировкадан (1987 – 1988 жылдары) өткен.
1994 жылы Қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасын бітірді. 1982 жылдан осы консерваторияда педагогикалық қызметпен (2000 жылдан профессор) айналысты.
1990 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясына қарасты Үрмелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып, оркестрдің көркемдік-шығармалық деңгейін көтеруге елеулі еңбек сіңірді.
Үрлемелі оркестр құрамында гастрольдік сапармен Испания, Франция, Ресей және Тайваньда (1998 жылы), т.б. елдерде болып, халықаралық фестивальдар мен конгрестерде өнер көрсетті.
Халықаралық тромбоншылар ассоциациясы (ІTA) мен ЮНЕСКО-ның қолдауындағы дүниежүзілік үрлемелі аспаптар оркестрі ассоциациясының (WASBE) мүшесі. 1995 жылы «Абылайдың жорығы» және «Азия дауысы» атты компакт-дискілері, ал 1996 жылы үрмелі аспаптар оркестрі бойынша қазақ композиторлары шығармаларын оқу орындарында өтуден жазған еңбегі Австрияда басылып шықты.
44 жыл бұрын (1977) Қаақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысының орынбасары Шалқар Мұқашұлы ҚОЖАЕВ дүниеге келді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық журналистика маманды,ы бойынша, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін бизнес әкімшілік мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолы: Семей қаласының жергілікті телеарнасының журналисті; «Қазақстан-Семей» ҚТРК тілшісі, ШҚО (2005-2011); «Еуразия» телеарнасының тілшісі; «Хабар» арнасының бас редакторы, жаңалықтар қызметінің бас редакторы (2012-2017); «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы (2017-2021).
2021 жылдың ақпанынан бастап қазіргі қызметінде.