26 маусым. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 26 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

60 жыл бұрын (1964) «Казахстанская правда» республикалық газетінің бас редакторы Сәбит Ғалымұлы МАЛДЫБАЕВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. 1990 жылы Қостанай педагогикалық институтын филолог мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолы: 1980-1983 жылдары Сергеевский Мәдениет үйінің басшысы қызметін атқарды, 1983-1985 жылдары Қостанай педагогикалық институтында оқыды, 1985-1987 жылдары Кеңес Армиясы қызметінде болды, 1987-1990 жылдары Қостанай педагогикалық институтында оқуын жалғастырды. 1990-1998 жылдары Сергеевск аудандық «Новатор» газетінде журналист, бөлім меңгерушісі, бас редакторының орынбасары, 1998 жылы Сергеевск аудандық «Новатор» газетінің бас редакторы, 1998-2000 жылдары «Кешкі Астана» газетінің тілшісі, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы, «Аграрлық Қазақстан» республикалық газетінің бас редакторының орынбасары, 2006-2008 жылдары Батыс Қазақстан облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы, Орал қаласы, 2008-2009 жылдары арнайы тілші, «Казахстанская правда» ААҚ-ның экономика бөлімінің редакторы, 2009-2011 жылдары «Казахстанская правда» газетінің бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. 2011 жылдан бастап «Казахстанская правда» республикалық газетінің редакторы болды.

2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

50 жыл бұрын (1974) Қостанай қаласының әкімі Марат Қонысбайұлы ЖҮНДІБАЕВ дүниеге келді.

ЖУНДУБАЕВ Марат Кунисбайулы
Фото: Қостанай қ. әкімдігі

1997 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетін, 2002 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, 2009 жылы Халықаралық бизнес университетін бітірген. Саяси ғылымдар кандидаты.

Еңбек жолы: 2013-2015 жылдары Лисаковск қаласының әкімі, 2015-2020 жылдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2020-2022 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы лауазымында қызмет етті.

2022 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

49 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы және Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Оңалбекұлы СӘПИЕВ дүниеге келді.

САПИЕВ Еркебулан Оналбекович
Фото: ҚР Түркия Республикасындағы Елшілігі

Мәскеу қаласында туған. 1998 жылы Анкара университетін, 2017 жылы Айдын Ыстанбұл университетін Экономика бакалавры, саясаттану және халықаралық қатынастар магистрі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Қаржы министрлігінде жетекші экономист болып бастады және басқарма бастығы лауазымына дейін қызмет етті. 2003 жылы Алматы қаласының «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып жұмысқа ауысты. 2004-2006 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі болды. ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесіндегі дипломатиялық мансабын 2006 жылғы маусымда Түркия Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі қызметінен бастады. Кейіннен осы Елшіліктегі кеңесші-уәкілі болып тағайындалды. СІМ Орталық аппаратында 2011-2014 жылдары Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Түркия департаменті директорының орынбасары, сондай-ақ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарды. 2014-2018 жылдары Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы (Түркия) Бас консулдығын басқарды. 2018 жылдың қыркүйек айында Түркістан облысының әкімдігіне ауысып, онда 2019 жылдың наурызына дейін әкімнің кеңесшісі қызметін атқарған. 2019-2022 жылдары Қазақстанның Түрікменстандағы Елшісі болды.

2022 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.