26 НАУРЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 26 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.
26 НАУРЫЗ, СӘРСЕНБІ
Бангладеш Халық Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1971 жылғы наурыздың 26-да азаттық қозғалысының басшысы Муджибур Шейх Тәуелсіз Бангладеш Республикасының құрылғаны туралы Декларация жариялады. Пәкістан үкіметі 1974 жылы Бангладеш тәуелсіздігін мойындады. Бангладеш - Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет. Астанасы - Дакка қаласы. Мемлекеттік тілі - бенгал тілі. Ақша бірлігі - така. Қазақстан Республикасы мен Бангладеш Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 4-де орнатылды.
Украинаның ІІМ ішкі әскерінің күні. Украинаның Жоғарғы Радасы «Украинаның Ішкі Істер Министрлігінің ішкі әскері туралы» Заңын қабылдаған күннен бастап жыл сайын аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
7 7 жыл бұрын (1937) 1936 жылы желтоқсанның 5-дегі КСРО-ның жаңа Конституциясы қабылдануына және Қазақ Автономиялы КСР-нің Қазақ КСР одақтас республика болып қайта құрылуына орай Қазақстан Кеңестерінің төтенше X съезі өтіп, Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясы қабылданды.
2 3 жыл бұрын (1993) Қызылорда қаласында Арал теңізі проблемалары бойынша мемлекетаралық келісімге қол қойылды. Келісімге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан Республикаларының Президенттері қол қойды. Келісімнің арнайы баптарында Арал теңізі айдынындағы экологиялық дағдарысқа байланысты негізгі мәселелер нақты қаралды. Апаттың алдын алуға, қоршаған ортаны сауықтыруға және Арал аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, денсаулық сақтау, т.б. шараларға тікелей назар аударылды. Келісімді орындаудың алғышарты ретінде Халықаралық Арал қоры, Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес құрылып, олардың ұйымдық мәселелері шешілді.
2 2 жыл бұрын (1992) ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ұйытқысымен Қазақстан темір жолдарының қаржы операторы ретінде «Темірбанк» ААҚ-ы құрылды. Құрылтайшылар қатарына 20 ірі мемлекеттік кәсіпорын кірді.
1 3 жыл бұрын (2001) Атырауда Каспий құбыр желісі консорциумын мұнаймен толтыру рәсімі өтті.
9 жыл бұрын (2005) Алматыда «LG Electronics Қазақстан» компаниясының демеушілігімен корей фильмдерінің фестивалі өтті.
6 жыл бұрын (2008) Алматыда Өзбекәлі Жәнібеков атындағы көшенің ашылу рәсімі өтті. Новая көшесіне Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру туралы шешімді Алматы әкімі мен қалалық мәслихат шығарды.
Өзбекәлі Жәнібеков (1931-1998) - мемлекеттік қайраткер, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті) бітірген.
Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары, Қазақстан мәдениет министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды.
Ұлттық мәдениеттің, ана тілінің, қазақ халқы дәстүрлерінің өркендеуі мен дамуына үлкен үлес қосты. ХХ ғасырдың 70-ші жылдары Ахмет Яссауидің кесенесін қайта қалпына келтірудің бастамашысы болды. Қазақстан мәдениет министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған кезде Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық мұражайының дамуына айтарлықтай үлес қосқан.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды.
5 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының Киото хаттамасын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
5 жыл бұрын (2009) Алматыда «Дінмұхамед Қонаев» атты Қазақстан Республикасына кеңес жылдарында басшылық еткен атақты мемлекет және қоғам қайраткері туралы фотоальбом жарық көрді.
Кітапта Дінмұхамед Қонаевтің (1912-1993) өмірі мен тағдырын бейнелейтін жастық шағынан өмірінің соңғы күндеріне дейінгі суреттері жиналған. Танымал саясаткердің суреттерін Мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс баспаларының орталық мұрағаты, Д.Қонаевтің үй-мұражайы, туған-туыстары, әріптестері және достары берді.
Көптеген суреттер бірінші рет жарияланып тұр. Фотоальбомның негізін 1992 жылы Алматыда басып шығарылған Д.Қонаевтің «О моем времени» атты кітабынан алынған үзінділер құрайды. Фотоальбом өзінің мазмұнымен ғана емес, сонымен қатар көлемімен де таң қалдырады. Ол 600 беттік кітап А3 форматында жасалған, қабын былғарыдан өрнектеп алтынмен жазған. Бір кітаптің салмағы - 8,5 кг. Жобаның бастаушысы және бастырушысы - Вагиф Гаджиев, құрастырушы - Мұрат Мусин. Фотоальбом 2012 жылғы қаңтарда тойланған Дінмұхамед Қонаевтің 100 жылдық мерейтойына арналған.
4 жыл бұрын (2010) Астананың сол жағалауында онкологиялық және басқа да сырқаттарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін Позитронды-эммисиондық томограф орталығы ашылды.
Позитронды-эммисиондық томограф сәулелер арқылы ішкі ағзалардың суретін ғана емес, сонымен қатар олардың функионалдық жұмысын көруге мүмкіндік береді. ПЭТ-тің басты ерекшелігі, онкологиялық және басқа да ауруларды, олардың клиникалық белгілері көрінбей тұрған кезде анықтай алады.
Позитронды-эммисиондық томограф ядролық диагностиканың бұл түрінің дәрігерлер мен науқастардың ағзасына еш қаупі жоқ. Ядролық медицина орталығы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ақысыз, сондай-ақ таяу және алыс шет елдерден келген науқастарға ақылы негізде қызмет көрсететін болады.
ЕСІМДЕР
12 4 жыл бұрын (1890-1954) халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БЕКЕЖАНОВ Нартай дүниеге келді.
Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған.
Әлеуметтік мазмұндағы өлең-толғауларымен («Сараң байға», «Мырзалық емес», «Жесір дауы», «Бір қойшыға», «Сүйінші», «Сыр», «Ақ алтынды аймағым», «Колхозшыларға», «Мұзбалақтар») Сыр бойына жас кезінен танымал болады.
Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу құрметіне арналған этнографиялық концертке, қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, республикалық ақындар айтыстарына қатысқан Ұлы Отан соғысы жылдарында арнаулы концерттік бригада ұйымдастырып, халықтың рухын көтеруге белсене ат салысты.
Бекежанов сырнаймен, домбырамен ән, терме, толғау, жыр айту, айтыс дәстүрін дамытқан, өзінің бірегей ән-жыр мектебін қалыптастырған сазгер, ақын, халық әндерін және өз әндерін орындау шеберлігімен қазақ өнерінің тарихында қалған. Оның «Толқын», «Нартай сазы», «Ахау, жалған», «Нартайдың әні», т.б. әндері ұлттық ән өнерінің алтын қорына қосылды. Шығармалары «Домбыра сазы», «Өлеңдері мен айтыстары», «Өсиет», «Аманат» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. Қызылорда облысының қазақ драма театрына Бекежанов есімі берілген. Осы облыстың Шиелі ауданында Бекежанов ауылы бар.
11 1 жыл бұрын (1903-1986) биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері УДОЛЬСКАЯ Надежда Львовна дүниеге келді.
Ресейде туған. Иркутск институтын бітірген. 1937-1938 жылдары - Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1938-1954 жылдары - Алматы селекция стансасы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1954 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры болған. Негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктер физиологиясына арналған. Өсімдіктердің қуаңшылыққа төзімділігінің жаңа теориясының негізін қалыптастырған. Ол бидай мен сұлы сорттарының минералды тыңайтқыш сіңуі нәтижесінде қанша қосымша өнім беретінін анықтаған. Жаздық бидайдың 4 сортын шығарған.
«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
10 8 жыл бұрын (1906-1983) геолог-ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕСПАЛОВ Вениамин Федорович дүниеге келді.
РФ-ның Сызрань қаласында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1928-1931 жылдары - Ленинград қаласындағы Геологиялық карталар институтының кіші ғылыми қызметкері. 1931-1941 жылдары - Қазақстанның Орталық және Оңтүстік геологиялық-түсіру партиясының бастығы. 1943-1955 жылдары - Қазақстанның, Оңтүстік Қазақстанның геологиялық-түсіру, іздестіру партияларында қызметтер атқарды. 1955-1968 жылдары - С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің, Қазақ политехникалық институтының доценті, 1968-1983 жылдары - Қазақ КСР-і Ғылым академиясы геологиялық ғылымы институтының Тектоника секторының жетекшісі қызметтерін атқарған. Ғылыми еңбектері аймақтың геология мен техтоника мәселелеріне арналған. Ол Орталық Қазақстандағы прекембрий мен төменгі палеозой құрылымдарының ара жігін көрсетті, бірінші вольфрамит кен орнын ашқан. Сондай-ақ Қазақстанның көптеген аймақтарының геологиялық карталарының авторы және редакторы болды. «Джунгаро-Балхашская герцинская геологическая провинция. Вопросы геологии Азии», «Геологическая карта Казахской Советской Социалистической Республики и прилегающих территорий союзных республик», «Геологическое строение Казахской ССР» атты шығармалары жарық корген.
Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
91 жыл бұрын (1923-1989) диктор, Қазақстанның халық әртісі, Ұлы Отан соғысының ардагері БАЙЖАНБАЕВ Әнуарбек Нығметжанұлы дүниеге келді.
Семей қаласында туған. 1944 жылы соғыстан оралғаннан кейін, Қазақ радиосына диктор болып орналасқан. Алғаш эфирге шағын хабарландыру оқудан бастап, өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында, теледидарында диктор, аға диктор қызметтерін атқарған. Эфир арқылы берілген республиканың тыныс тіршілігі жайлы әртүрлі жаңалықтар, саяси хабарлар ұзақ жылдар бойы мыңдаған тыңдаушыларға Ә.Байжанбаевтың ашық та әуезді, кең тынысты үнімен жетті. Ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған.
1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.
6 6 жыл бұрын (1948) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы ВАЛИЕВ Хусаин Хасенұлы дүниеге келді.
Қостанай облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Инженер-металлург, т.ғ.д., профессор, философия докторы (PhD). А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры болып қызмет атқарған. «Құрмет» орденімен, ТМД ПАА кеңесінің Құрмет грамотасымен, тоғыз медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен көтермеленген. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері.
60 жыл бұрын (1954) өнертанушы, өнертану ғылымының докторы, Халықаралық көркемөнер сыншылары қауымдастығының мүшесі ЕРҒАЛИЕВА Райхан Әбдешқызы дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербор) Кескіндеме, мүсін және сәулет институтын, Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген. Оның көптеген ғылыми зерттеулері республикалық және шет елдерде жарық көрген ұжымдық жинақтарда, кітаптар мен каталогтарда, журналдар мен газеттерде жарияланды. Р.Ерғалиева - Қазақстан және Орталық Азияның бейнелеу өнері туралы монографиялық еңбек пен жүзге тарта мақалалардың авторы.
5 1 жыл бұрын (1963) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы ЕҢСЕГЕНОВ Сәрсенбай Құрманұлы дүниеге келді.
Атырау облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Гурьев педагогика институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. Тарих, қоғамтану және совет құқықтану пәндерінің оқытушысы, заңгер. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған. «Құрмет» орденімен, төрт медальмен марапатталған.
49 жыл бұрын (1965) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі БЕКЕНОВ Асхат Сахибеденұлы дүниеге келді. Атырау облысында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Институтты бітіргеннен кейін Гурьев қаласының Петровский атындағы зауытының инженер-технологы, құрастыру учаскесінің шебері болып жұмыс істеді. 1987-1990 жж. Гурьев қаласында Петровский атындағы зауытта комсомол ұйымының хатшысы болып жұмыс істеді. 1990-1993 жж. - Гурьев ауыл шаруашылығы сынақ станциясы машина-трактор шеберханасының меңгерушісі. 1993-1995 жж. - «Қожа» шағын кәсіпорнының директоры. 1995-1996 жж. - Атырау қаласының облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы маркетингтік қызмет және инвестициялық саясат бөлімінің бас маманы. 1996-2000 жж. - Атырау қаласындағы «Дана» ЖШС директоры. 2000-2006 жж. - Атырау қаласындағы «Дана СаудаҮйінің» директоры. 2006-2007 жж. - Атырау облысы Жылыой ауданы Сарықамыс кентінің әкімі, Атырау қаласы әкімінің орынбасары, Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі. 2007-2011 жж. - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
4 8 жыл бұрын (1966) Астана қаласы әкімнің орынбасары ХОРОШУН Сергей Михаилұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген.
1984-1986 жылдары - КСРО Қарулы күштер қатарында қызметте болған. 1990-1995 жылдары - «Целинограджилстрой» өндірістік құрылыс ұйымында, 1995-1998 жылдары - Целина теміржол басқармасында, 1998-2000 жылдары - «Қалалық коммуналды қожалық» МКК КҚБ-ның бөлім бастығы, бастығының орынбасары. 2000-2005 жылдары - Коммуналды қожалық департаментінің директоры. 2005-2006 жылдары Астана қаласы Энергетика және коммуналды қожалық департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
2006 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.
40 жыл бұрын (1974) ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі ӨМІРИЯЕВ Мүсілім Тайырұлы дүниеге келді.
Жамбыл қаласында туған. 1995 жылы Мәскеу тұтыну кооперациясы университетін бітірді, мамандығы - әлемдік экономика, экономика ғылымдарының кандидаты. Университтетті бітірген соң «Тұранбанк» акционерлік банкінің сыртқы экономикалық қызметті ұйымдастыру басқармасында халықаралық байланыстар бөлімінің экономисі болды. 1995-1996 жылдары - Мәскеуде (РФ) «Тэст-марка» ЖШС қаржыгер-талдамашысы. 1996-2000 жылдары «Русские фермы» халықаралық қоры бас директорының қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі, бас директордың орынбасары (қаржы менеджері), корпоративтік қаржы менеджері, қаржы директоры. 2000-2005 жылдары - «Дмитровское село» ЖШҚ бас директоры. 2006-2008 жылдары - ҚР Президенті Іс басқармасының Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» РМКК директоры. 2008-2009 жылдары- ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары. 2009-2010 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі. 2010-2011 жылдары - «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2011 жылғы қыркүйектен бері. «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
55 жыл бұрын (1959) «Delta Bank» АҚ басқарушы директоры ЕСЕНОВ Сұлтанбек Шахмарданұлы дүниеге келді.
Жезқазған қаласында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген, кен инженері-геолог. 1981-1984 жылдары - Оңтүстік Қазақстан өндірістік-геологиялық бірлестігінің инженер-геологы. 1984-1989 жылдары - Алматы қаласы ішкі істер басқармасында ішкі істер органдарында қызметте болды. 1989-1990 жылдары - «Алтек» ГХО жетекші инженері. 1990-1991 жылдары - «Қазақстанстрой» күрделі құрылыс бөлімінің бастығы. 1991-1992 жылдары - ҚР экологиялық жаңғырту халықаралық консорциумының директоры. 1992-1993 жылдары - «ПромстройҚазақстан - коммерция» фирмасы бас директорының орынбасары. 1993-1997 жылдары - «Butya» автоорталығының директоры. 1997-1998 жылдары - ҚР Бас көлік инспекторының орынбасары. 1999 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында - ҚР Көлік, коммуникация және туризм министрлігінде көлік бақылауы комитетінің төрағасы. 1999 жылы қыркүйек-қараша айларында - ҚР Премьер-Министрі Кеңесесінің «Қару-Жарақ» РМК бас директорының орынбасары. 1999-2001 жылдары - ҚР Табиғи монополияларды реттеу, шағын бизнестің бәсекеге қабілеттілігін қорғау және қолдау агенттігінің бақылау-инспекторлық басқармасының бастығы. 2001-2003 жылдары - «Қазаэронавигация» РМК бас директорының бірінші орынбасары. 2003 жылдан - «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ бірінші вице-президенті, «SAT Airlines» АҚ бас директоры, «Атыраубалық» АҚ басқарма төрағасы, «Шугар Продакшн ЛТД» ЖШС директоры. 2009 жылғы сәуіәрден - «Алматы қант» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2011 жылдан бері.
63 жыл бұрын (1951) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, Ресей халық әртісі Алексей БУЛДАКОВ дүниеге келді.
2 9 жыл бұрын (1985) британ актрисасы Кира НАЙТЛИ дүниеге келді.
7 6 жыл бұрын (1938) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, РСФСР халық әртісі Алексей ПЕТРЕНКО дүниеге келді.