26 наурыздан бастап «Үйлесім сабақтары» фильмі Францияда көрсетіле бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Үйлесім сабақтары» фильмі 26 наурыздан бастап Франция кинотеатрларында көрсетіле бастайды.
None
None

Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

Айта кетерлігі, бұл туынды өткен жылдың 26 қыркүйегінде Австрия, 6 наурызда Португалия кинотеатрларында көрсетілген еді.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған режиссер Эмир Байғазиннің «Үйлесім сабақтары» фильмі Базель қаласында мамырдың 29-ы мен маусымның 2-і аралығында өткен «Bildrausch Film Fest Basel» атты Халықаралық кинофестивалінде үздік деп танылып, фильмнің аты мен жас режиссердің есімі жазылған сақинамен марапатталды. Аталған кинотуынды өткен жылдың басында қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет Халықаралық Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп алынып, «Күміс аю» жүлдесіне және немістің ірі «Morgen Post» газеті тағайындаған арнайы сыйлыққа қол жеткізген. Сондай-ақ, «Үйлесім сабақтары» фильмі Нью-Йорк қаласында өткен Трайбека фестивалінде «Ең үздік режиссерлік дебют» атты арнайы дипломмен марапатталды.

Жалпы, аталған фильм 50-ден астам кинофестивальге қатысып, 25-тен астам жүлдеге ие болған.

Соңғы жаңалықтар