26 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА.26 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 26 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

26 СӘУІР, ЖҰМА

Халықаралық зияткерлік меншік күні. Білімнің барлық саласындағы өнертапқыш және шығармашыл адамдардың мерекесі.

Радиациялық апат құрбандарын еске алу күні. 1986 жылғы сәуірдің 26-да Чернобыль атом электр стансасында апат болды. Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1993 жылғы сәуірдің 22-дегі қаулысына сәйкес атап өтіледі.

Танзания Біріккен Республикасының ұлттық мейрамы - Одақ күні (1964). Танзания - Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Материктік (Танганьика) және аралдық (Занзибар мен Пемба) бөліктерден тұрады. Солтүстігінде Угандамен, солтүстік-шығысында Кениямен, оңтүстігінде Мозамбикпен, оңтүстік-батысында Бурунди, Руандамен шектеседі. Шығысында Үнді мұхиты, батысында Танганьика, солтүстігінде Виктория көлдерімен шектеседі. Танзания әкімшілік-аймақтық жағынан 20 провинцияға және 1 республикаға бөлінеді. Астанасы - Додома қаласы. Ақша бірлігі - шиллинг. Мемлекеттік тілі - суахими тілі, сонымен қатар ағылшын, итальян тілдері де қолданылады. Елді 5 жылға сайланған президент басқарады. Жоғары атқарушы органы - Үкімет. Жоғары заң шығарушы органы - Ұлттық жиналыс.

Бүкілдүниежүзілік бауырлас қалалар күні. Бүкілдүниежүзілік бауырлас қалалар федерациясының шешімімен, жыл сайын сәуірдің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. 1943 жылы Сталинград қаласына Англияның Ковентри қаласынан хат келді. Ковентри тұрғындары 1940-1941 жылдары жау қолында қалған батыр қаланың қаһармандығына таң қалып, Сталинградпен достастық комитетін құрған екен.

1992 жылы Халықаралық «Бауырлас қалалар» қауымдастығы құрылды. Бұл ұйым ТМД ауқымындағы қалалардың байланысын дамытып қана қоймай, серіктестік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік жасайды.

2000 жылы бауырлас қалалар қауымдастығы 160-тан астам мемлекеттің 3500-ден аса қаласын біріктірді.

Қазақстан Елордасы - Астанамен әлемнің 12 қаласы бауырласқан, олардың арасында - Берлин, Мәскеу, Киев, Қазан, Тбилиси, Сеул, Пенсильвания штатындағы Питсбург, Италияның Мантуя сияқты қалалары бар.

ЮНИСЕФ Білім саласындағы әрекеттерінің жаһандық аптасы (сәуірдің 26-30 аралығында).

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1996) Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің президенттері Шанхай келісіміне қол қойды.

19 жыл бұрын (1994) Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімге қол қойылды.

18 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев бірінші рет «Алтын алқа» белгісін табыс етті.

«Алтын алқа» - 1993 жылы бекітілген орден. Көп балалы аналарға беріледі.

13 жыл бұрын (2000) Алматыда Давос аясындағы Еуразиялық экономикалық саммит ашылды. Басқосуға әлемнің 37 елінен 500-дей саяси басшылар, жетекші бизнесшілер мен халықаралық сарапшылар қатысты. Форумның төралқасын Әзірбайжанның, Арменияның, Грузияның, Тәжікстан мен Өзбекстанның мемлекет пен үкімет басшылары құрады. Форумда Қазақстан, Грузия, Қырғызстан президенттері, Әзірбайжанның Премьер-Министрі сөз сөйледі. Мемлекеттер жетекшілері Еуразия өңірін дамыту мәселелерін, оның мүмкіндіктері мен проблемаларын, өңірдің инвестициялар үшін тартымдылығы мен оның әлемдік аренада атқаратын рөлін талқылады.

13 жыл бұрын (2000) Атырауда халық ақыны Фариза Оңғарсынованың мерейтойына арналған мерекелік шара өтті.

4 жыл бұрын (2009) Алматыда Чернобыль атом электр станциясындағы апат қалдықтарын жойған қазақстандық жауынгерлердің ерен еңбегіне арналған граниттен жасалған ескерткіш тақта орнатылды.

3 жыл бұрын (2010) Амманда Иорданияның Сауда дамыту орталығын Астанада ашу туралы құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Орталықты ашу туралы шешім екіжақты экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай тереңдету және экономикалық-сауда қатынастарын нығайту мақсатында қабылданған болатын.

47 жыл бұрын (1966) Ташкентте Рихтер бағамы бойынша қуаты 8 балдық ірі жер сілкінісі болды. Жер дүмпуі салдарынан 236 әкімшілік ғимарат, 700-ге жуық сауда және қоғамдық тамақтану орыны, 26 коммуналдық кәсіпорын, 181 оқу орны, 36 мәдени-тұрмыстық мекеме, 185 медициналық және 245 өндірістік ғимарат қирады. 78 мыңға жуық отбасы немесе 300 мың адам баспанасыз қалды. Осы зілзала зардаптарын жою үшін бүкілодақтық құрылыс жарияланды. Алғашқы сәттен-ақ апат орын алған қалаға Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен мыңдаған жастар келе бастады.

27 жыл бұрын (1986) әлемдегі ең жойқын техногендік апаттардың бірі - Чернобыль атом электр стансасында орын алды. Бұл датаны БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық радиациялық апат құрбандарын еске алу күні ретінде таныды. Өткен жылдар ішінде апаттың жойқын салдарын еңсеру үшін көп күш-жігер жұмсалды. Апат салдарын жоюға Қазақстан Республикасының 30000 өкілі қатысты. Қазіргі таңда олардың шамамен 6000-ға жуығы тірі. Чернобыль, сондай-ақ Семей ядролық полигоны мұндай ауқымдағы апаттың салдарын жою ондаған жылдарды әрі халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорларының бірігуін қажет ететіндігін көрсетті.

ЕСІМДЕР

40 жыл бұрын (1973) бессайысшы, 26-шы Олимпия ойындарының чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері ПАРЫГИН Александр Викторович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақтың дене тәрбиесі институтын бітірген. Азия чемпионының күміс жүлдегері, 12-ші Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы, Әлем кубогының күміс жүлдегері атанған.

«Парасат» орденімен марапатталған.

79 жыл бұын (1934) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы ЛИТВИНОВ Николай Юрьевич дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. «Лениногорец», «Алтай» спорт клубтарының бокстан жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы жаттықтырушысы болған. Оның шәкірттері арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кикбоксингтен кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы Е.Шідербаев бар.

Медальдармен марапатталған.

54 жыл бұрын (1959) пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері БОХОНОВ Валерий дүниеге келді.

Қарағанды облысының Саран қаласында туған. 1988-1993 жылдары КСРО, Азия чемпионы, КСРО кубогының жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Әлем және Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері болған.

49 жыл бұрын (1964) боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушысы ҚЫЛЫМОВ Асылбек Сақтапбергенұлы дүниеге келді.

Ресейде туған.

1979-1982 жылдары Еуропаның, КСРО-ның жастар арасындағы біріншілігінің, оқушылар спартакиадасының, КСРО жасөспірімдері арасында бокстан өткен біріншіліктердің жеңімпазы атанған. 1983-1986 жылдары КСРО-ның, КСРО Кубогының чемпионы, Тайланд, Индонезия, Франция, Түркия, Солтүстік Корея, Финляндия, Болгария, Германия, Румыния, Польшада өткен халықаралық турнирлерінің, КСРО-АҚШ кездесулерінің жеңімпазы атанған. 1984 жылдың көрсеткіші бойынша А.Қылымов Еуропаның ең үзік және 75 кг салмақ дәрежесіне дейінгі әлемнің үшінші боксшысы атағына ие болған.

92 жыл бұрын (1921-2010) Даңқ орденінің толық иегері ВЕЛИЖАНЦЕВ Александр Федорович дүниеге келді.

РФ-нің Курган облысында туған. 1943 жылы армия қатарына шақырылған. Орал әскери аймағында өз міндетін атқара жүріп, жүргізуші-механик лауазымына курсант ретінде 39-оқу танкі полкіне жіберілген. Курстарды аяқтаған соң бірінші Украин майданының 4-ші танк армиясы құрамында болған. Ұрыстағы көрсеткен қимылдары үшін бірінші дәрежелі Даңқ орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Батыс Украина ұрыстарында, Висла, Одер өзендерінен жедел өтуге және басып алынған плацдармдарды ұстап тұру барысында ерен ерлік көрсеткен. 1960 жылы Қазақстанға көшіп келген. Қазіргі уақытта Ақмола облысының Шортанды ауданында тұрды.

72 жыл бұрын (1941) қоғам қайраткері СӘРСЕКЕНОВ Төлен Бисенғалиұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Астрахан балық өнеркәсібі және шаруашылығы технологиялық институтын бітірген. 1965-1966 жылдары - Гурьев кеме жөндеу зауытының шебері. 1966-1969 жылдары - Гурьев балық өнеркәсібі басқармасы бөлім бастығының орынбасары, бастығы. 1969-1971 жылдары - Қазақ КСР Балық шаруашылығы минстрлігі басқармасының аға инженері. 1971-1977 жылдары - Қазақ Балықшылар одағының бас инженері. 1977-1980 жылдары - Қазақ КСР Балық шаруашылығы минстрлігінің бөлім бастығы. 1980-1982 жылдары - «Рафрыба» кеңес-иран бірлескен кәсіпорны директорының орынбасары. 1982-1985 жылдары - Қазақ Балықшылар колхоз одағы басқармасының төрағасы. 1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының аға референті, бас маманы. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты және Министрлер Кабинетінің аға маманы, аға референті, бас испекторы. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары - Балық шаруашылығы жөніндегі комитеттің төрағасы. 1993-1995 жылдары - «Балық» мемлекеттік акционерлік қоғамының президенті. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы басқармасының бастығы. 1999-2000 жылдары - «Жібек жолы» маркетинг бөлімінің бастығы. 2000-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Аппарат кеңесшісі. 2004 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан.

52 жыл бұрын (1961) композитор ЖҰМАЛЫҰЛЫ Бақтығали дүниеге келді.

Атырау облысы Қызылқоға ауданында туған. Атырау педагогикалық институтының музыка бөлімін және Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1990-2000 жылдары - Ақтөбе педагогикалық институтында, кейін Құдайберген Жұбанов атындағы университетте оқытушы болды. 1991 жылдан «Серуен» көркемдік тобына жетекшілік етеді. Бұл топ Шәмші Қалдаяқов атындағы конкурстың лауреаты атанған болатын. «Назерке», «Әкеме», «Наурыз тойы», «Шашу», «Қариялар», «Қара нарым», «Мен сені ұнатамын», т.б. 50-ге тарта әндердің авторы. Оның әндерін БақытШадаева, Айжан Нұрмағамбетова, тағы басқалар орындайды.

63 жыл бұрын (1950) ғалым-филолог, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынының бас ғылыми қызметкері МАНКЕЕВА Жамал Айтқалиқызы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған.

Ғылым докторы, профессор. Қазіргі кезде «Қазақстанның «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жұмыс жасауда.

48 жыл бұрын (1965) ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі БАЙЖҮНІСОВ Эрик Әбенұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туылған. Алматы мемлекеттік медицина институтын, Ұлыбританияның Миддлсекс университетінің курсын бітірген. Дәрігер-хирург, «денсаулық сақтаудағы менеджмент» мамандықтары бар.

Еңбек жолын Алматы облысының денсаулық сақтау мекемелерінде бастады.

1999-2002 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау істері агенттігінің Астана қаласындағы «Денсаулық» РМК-да қызмет етті.

2002 - жылы ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас сарапшысы. 2008-2010 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2010 жылғы қарашадан қазіргі қызметінде.

34 жыл бұрын (1979) ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі ЕРҒОЖИН Дәулет Еділұлы дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген, Экономика және құқық институтында «құқықтану» мамандығы бойынша екінші жоғары блім алды. 1998 жылдан - «Қазтрансойл» АҚ клиринг департаментінің маманы. 2003 жылдан - «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның Солтүстік-Каспий жобасы департаменті директорының орынбасары. 2005 жылдан «ҚазмұнайТеңіз» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары. 2006 жылғы мамырдан - ҚР Премьер-Министрі орынбасарының - ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі. 2006 жылғы қазаннан - ҚР қаржы министрлігінің Салық комитетінің мамандандрылған бөлімінің бастығы. 2007 жылғы қаңтардан - ҚР қаржы вице-министрі. 2008 жылғы қазаннан - ҚР қаржы министрлігінің Салық комитетінің төрағасы. 2012 жылғы ақпаннан - ҚР қаржы вице-министрі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қарашадан бері.

81 жыл бұрын (1932) Абылай-хан атындағы Халықаралық қордың президенті УӘЛИХАНОВ Шота (Шот-Аман) Ыдырысұлы дүниеге келді.

Белгілі қазақ мүсіншісі, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттк сыйлықтың лауреаты. Республикалық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы.

Солтүстік Қазақстан облысында туылған. Мәскеу сәулет институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, Алматыдағы Тәуелсіздік монументі авторлары шығармашылық тобының жетекшісі, Шоқан Уәлихановқа, Тоқаш Бокинге, Астанадағы Кенесары ханға, Семейдегі Шәкәрімге орнатылған ескерткіштердің авторы.

60 жыл бұрын (1952) медицина ғылымдарының докторы, М.Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және жұқпалы инфекциялар ғылыми орталңының директоры АТШАБАР Бақыт дүниеге келді.

52 жыл бұрын (1960) «ҚазАТО» ҚР халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағының президенті САҚТАҒАНОВ Мақсат дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар