26 трлн доллар: Astana Finance Days форумына қандай инвесторлар келді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл тоғызыншы рет өтіп жатқан Astana Finance Days форумына әлемнің түкпір-түкпірінен 8 мыңға жуық қатысушы тіркелді. Бұл туралы «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев мәлім етті.

26 трлн доллар: Astana Finance Days форумына қандай инвесторлар келді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның айтуынша, биылғы форум Delivering Impact тақырыбымен өтіп жатыр. Форумда АХҚО-ның атқарған жұмысының Қазақстан экономикасына қандай нақты нәтиже беріп жатқанына басымдық беріледі.

Astana Finance Days форумы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Биыл біз тоғызыншы форумды өткізіп жатырмыз. Оның тақырыбы – Delivering Impact, яғни экономикадағы нақты нәтижелер туралы. АХҚО шамамен 10 жыл бойы инфрақұрылымды қалыптастыру бағытында жұмыс істеді. Қазір инвесторлардың қызығушылығы жоғары екенін көріп отырмыз және түрлі индустрияларға нақты шешімдер ұсына бастадық. Бастапқыда 7 мыңнан астам қатысушы тіркелген еді, қазір әріптестерім олардың саны 8 мыңға жеткенін айтып отыр, - деді Жанболат Кәкішев.

Екі күнге жалғасатын форумда қаржы нарығындағы қазіргі мәселелермен қатар жаңа технологиялық шешімдер талқыланады. Атап айтқанда, цифрлық теңге, токенизация, жасанды интеллектіні қаржы секторында қолдану және исламдық қаржыландыру мәселелері күн тәртібіне шығарылған.

Astana Finance Days форумы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Жанболат Кәкішевтің сөзінше, форумға әлемнің түрлі елдерінен инвестициялық компаниялар және тікелей инвестиция қорлары, сондай-ақ ірі халықаралық компаниялар келген. Олардың басқаруындағы капиталдың жиынтық көлемі шамамен 26 трлн долларды құрайды.

Форумға BlackRock, Brookfield секілді ірі халықаралық инвестициялық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ Гонконг, Қытай, Ұлыбритания және басқа елдердің инвесторлары қатысып жатыр.

Форумның алғашқы күнінде институционалдық капиталға арналған панельдік сессия өтіп, оған Гонконгтың инвестициялық қоры мен Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытқан басқа да қорлар қатысты.

Astana Finance Days форумы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен қатар Astana Finance Days аясында тау-кен саласы, креативті индустрия, дәстүрлі және исламдық қаржыландыру мәселелеріне арналған сессиялар ұйымдастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін елордада Astana Finance Days 2026 форумы өтетіні, сондай-ақ оған 90-нан астам елдің өкілдері бас қосатыны хабарланды.