26 жастағы саяхатшы Мағжан Сағымбаев жер шарын 20 айдың ішінде айналып өтпек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 26 жастағы саяхатшы, Алматы қаласының тұрғыны Мағжан Сағымбаев жер шарын 20 айдың ішінде айналып өтпек.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

«Мен бұған дейін Алматыда туризм саласында қызмет еттім. Шетелдік қонақтарға еліміздің әсем жерлерін таныстыратынмын. Әрине, бұл қызмет менің бүгінгі шешіміме ықпал еткені рас. Жалғыз өзім жер шарын велосипедпен шарлап шығуды ұйғардым. Өйткені автокөлікпен тым тез жүресің, ал жаяу - өте баяу. Мен осы саяхат арқылы саламатты өмір салтын насихаттағым келеді. Жастар спортпен айналысса екен, велосипед тепсе екен дегім келеді. Мен осы саяхат барысында басқа елдердің салт-дәстүрлерімен танысамын, тілдерін үйренемін. Үлкен қалаларда жергілікті тұрғындардың үйінде, ал басқалай жерлерде көбінесе палаткада өмір сүретін боламын. Саяхатым жайлы Фэйсбуктегі парақшама күнделікті жазып отырамын. Қазақ жағрафиялық қоғамы карточкама ақша салатын болады. Әрине, мен жүрген жерімде Қазақстан жайлы, қазақтың салт-дәстүрі, тілі, мәдениеті, ұлттық тағамы жайлы әңгімелейтін боламын»- деді өз сөзінде Мағжан Сағымбаев.

Аталмыш жобаның барлық шығынын Қазақ жағрафиялық қоғамы өз мойнына алып отыр.

Саяхат әзірге жоспар бойынша Еуразия, Солтүстік Америка және Австралия құрлығының 18 елі арқылы өтеді. Саяхатшы күніне 50 шақырымнан бастап 170 шақырымға дейін жүрмек. Жол бағыты жергілікті жағдайларға байланысты өзгеріп отыруы мүмкін.

Мағжан алыс сапарға алдағы 1 мамыр күні Алматы қаласынан аттанады.

Соңғы жаңалықтар