26.06.2026: Ерекше күнде отау құрғысы келетіндер саны артты

АСТАНА. KAZINFORM — Ерекше цифрлар үйлесімімен ерекшеленетін 2026 жылғы 26 маусым күні некесін қиюға ниетті қазақстандықтар саны көбейген.

үйлену, свадьба
Фото: pixabay.com

Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының мәліметінше, 26 маусымға неке қиюды мемлекеттік тіркеуге өтініш қабылдау 11 маусымда аяқталды.

Ең көп өтініш Алматы қаласында тіркелген. Мегаполисте 830 жұп дәл осы күні некесін қиюға ниет білдірген. Астанада 740 өтініш қабылданса, Шымкентте 141 жұп өтініш берген.

Мамандардың айтуынша, сандардың ерекше үйлесімі бар күндер болашақ жұбайлар арасында дәстүрлі түрде жоғары сұранысқа ие. Көпшілік мұндай күндерді есте сақтауға оңай әрі отбасы өмірінің символдық бастауы ретінде таңдайды.

Осылайша, 26.06.2026 күні еліміздің неке қию органдарында жұбай атанатындардың саны әдеттегі күндермен салыстырғанда айтарлықтай көп болуы мүмкін.

Бұған дейін Шымкентте жыл басынан бері шетелдіктермен неше азамат неке қидырғанын жаздық.

Сонымен қоса, Қазақстанда кейінгі 10 жылда неке саны 22%-ға азайғаны белгілі болды.