263 ірі нысан өрескел ереже бұзу жағдайында пайдаланылуда - ТЖМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құрылыс кезінде жобалардан ауытқуларға жол берілген фактілерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

263 ірі нысан өрескел ереже бұзу жағдайында пайдаланылуда - ТЖМ

«Құрылыс барысында нысандар арасындағы белгіленген алшақтықтар сақталмайды, өрт техникасының өтуі үшін кіреберістер ескерілмейді. Бұл жағда үлкен алаңдарда өрттің пайда болу қауіп-қатеріне әкеп соғады. Мысалы, Тараз қаласының тұрғыны 2 жыл бойы оның үйі мен сауда кешені («Mart Magnat») арасындағы өртке қарсы қашықтықты бұзу фактісі бойынша бізге бірнеше рет жүгінген болатын. Биылдың өткен кезеңінде ғана осындай 100-ге жуық өтініш келіп түсті», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, көбінесе құрылыс кезінде жобалардан ауытқуларға жол беріледі, нәтижесінде нысандар өзгертілмейтін кемшіліктермен пайдаланылады. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының «Бақыт Премиум» тұрғын үй кешенінде жоба бойынша 9 қабаттың болуы ескерілген, ал іс жүзінде ол 10 қабат салынған. Елорданың Қосшығұлұлы көшесіндегі (20, 21-үйлер) тұрғын үйлерде эвакуациялық баспалдақтар жоқ.

«Жалпы республика бойынша өрескел ереже бұзу жағдайында 263 ірі нысан пайдаланылуда. Лицензиядан айыруға дейін тиісті шаралар қабылдау үшін ақпарат уәкілетті органға жолданды. Биылдан бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп жобалау сатысында нормаларды сақтау мәселесі шешілді, өрт қауіпсіздігі бойынша сарапшылар енгізілді. Сонымен қатар, құрылыс кезінде техникалық және авторлық қадағалау қызметіне бақылауды күшейту қажет», - деді Ю. Ильин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 10 мыңнан астам үйде өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылған.