27 ақпан. Туған күн иелері

туған күн
Фото: Kazinform

Бүгін, 26 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

77 жыл бұрын (1947) медицина ғылымдарының докторы, академик, «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ басқармасының төрағасы, Орталық Азия пульманологтары қауымдастығының, Еуразиялық респираторлар қоғамының президенті, Еуропалық Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы комитеті төралқасының мүшесі Абай Қабатайұлы БАЙГЕНЖИН дүниеге келді.

БАЙГЕНЖИН Абай Кабатаевич
Фото: iqaa.kz

Солтүстік Қазақстан облысында туған.

Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін денсаулық сақтау саласында әртүрлі қызметтерде болды. 1978-1983 жылдары Алматы қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, 1983-1988 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің 4-бас басқармасының «Алатау» шипажайының бас дәрігері, 1988-1993 жылдары Алматы аймақтық диагностикалық орталығының директоры, 1993-1997 жылдары Мемлекеттік аэроғарыш компаниясының вице-президенті қызметін атқарған. 1997-1998 жылдары ҚР Үкіметі жанындағы Медициналық сақтандыру қоры бас директорының орынбасары, 2000-2010 жылдары «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» РМК бас директоры. 2010 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі кезге дейін «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ басқармасының төрағасы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі.

«Парасат» орденінің, британдық Виктория патшайым орденінің иегері, Роберт Кох медалімен марапатталған.

62 жыл бұрын (1962) Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Леонидовна БАХМУТОВА дүниеге келген.

БАХМУТОВА Елена Леонидовна
Фото: afk.kz

Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған, экономист.

1983-1984 жылдары Алматы ауыл құрылыс №7 тресінің ОАКК аға инженері, 1984-1989 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Жоспарлау және нормативтер экономикалық ғылыми-зерттеу институтының экономисі, 1989-1991 жылдары Қазақ КСР-і Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің аға экономисі, 1991-1992 жылдары «Елім-Ай» киношаруашылық бірлестігінің экономисі, 1992-1998 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Бюджет департаментінің жетекші, бас экономисі, бөлім бастығы, әлеуметтік сала департаменті бастығының орынбасары, директордың орынбасары, 1998-2001 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Бюджет департаментінің директоры болып қызмет атқарған. 2001-2002 жылдары ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, 2002-2004 жылдары ҚР Ұлттық банкі Қаржылық қадағалау департаментінің директоры, 2004-2008 жылдары ҚР Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары, 2008-2011 жылдары ҚР Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігі төрағасы, 2012-2016 жылдары «Самұрык-Қазына» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары, 2016 жылы - «Самұрық-Қазына» АҚ қаржы және операциалар жөніндегі атқарушы директоры, 2016-2018 жылдары «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы болған.

2018 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен; «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен; «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен; Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

58 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы Қанат Сергейұлы МУСИН дүниеге келген.

МУСИН Канат Сергеевич
Фото: Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

Қазіргі Астана қаласында туған. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

1984-1986 жылдары Целиноград (қазіргі Астана ) қаласының Ленин аудандық халық сотының сот орындаушысы, сот отырысының хатшысы, архивариусы, 1986-1989 жылдары «Целиноградоблгазтоп» өндірістік бірлестігінің аға юрисконсульты, 1989-1998 жылдары Целиноград қаласының, Ақмола облысының прокуратура органдарында қызмет еткен, Астана қаласы прокурорының орынбасары болды. 1998-2001 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары., 2001-2007 жылдары қаржы полициясы органдарында қызмет еткен, Батыс Қазақстан облысы, Алматы қаласы Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2007-2010 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесі аппаратында жұмыс істеген: бас сарапшы, бас инспекторы, Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 2010-2012 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары, 2012-2016 жылдары Астана қаласының Әділет департаментінің басшысы, 2016-2021 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VIІ шақырылымының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, 2021-2022 жжылдары ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, ҚР Жоғарғы Сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы лауазымдарын атқарған. 2022 жылы ҚР Әділет министрі болды.

2023 жылдың қаңтарынан бастап қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, құқық қорғау органдарының ведомстволық наградаларымен марапатталған.

56 жыл бұрын (1968) ҚР Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Алексеевич ШИПП дүниеге келген.

ШИПП Денис Алексеевич
Фото: Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Музыкалық орта мектепті фортепиано сыныбы бойынша, Омбы мемлекеттік университетінің заң факультетін, академик Королев атындағы Самара мемлекеттік аэроғарыш университетін бітірген.

1994 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысының Кеден Басқармасында және Қаржы полициясы Департаментінде жұмыс істеді. 2003-2006 жылдары Петропавл қалалық сотының судьясы, Алматы қаласының мамандандырылған қаржылық сотының төрағасы қызметтерін атқарды. 2012-2015 жылдары Қостанай облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, 2015-2021 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болды.

2021 жылдың маусымынан бастап Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы.

III дәрежелі «Мінсіз Қызметі үшін», II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдармен және «Үш би» Құрмет белгісімен, сондай-ақ ведомстволық наградалармен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

54 жыл бұрын (1969) Ақмола облысы Бұланды ауданының әкімі Ардақ Дулатұлы СМАЙЫЛОВ дүниеге келді.

СМАИЛОВ Ардак Дулатович
Фото: Ақмола облысы Бұланды ауданының әкімдігі

Алматы қаласында туған. «Агрономия», «қаржы және кредит», «заңтану» мамандықтары бойынша үш жоғары білімі бар.

1994 жылғы тамыздан бері кеден органдарында жауапты қызметтер атқарды.

2015 - 2017 жылдары Алматы облысы әкімінің аппаратында талдау бөлім меңгерушісі, 2020 жылғы қазанға дейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі болып істеді. 2020 - 2022 жылдары - Бурабай ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2022-2023 жылдары Бұланды ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметінде – 2023 жылғы қарашадан бері.

52 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі БҮРКІТБАЕВ Жандос Қонысұлы дүниеге келді.

БУРКИТБАЕВ Жандос Конысович
Фото: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі

Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина университетін «Жалпы медицина» мамандығы бойынша; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық жедел медициналық көмек клиникалық ауруханасының дәрігерінен бастады. Содан кейін Алматыдағы республикалық апаттар медицинасы орталығында дәрігер болып жұмыс істеді.

1999-2004 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің түрлі құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеді, бас маманнан бөлім меңгерушісіне дейінгі лауазымдарды қатарынан атқарды. 2007-2008 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2008 жылы Астана қаласындағы «Қан орталығы» ШЖҚ РМК директоры қызметін атқарған. 2011-2019 жылдары «Ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығы» ШЖҚ РМК директоры, 2019-2021 жылдары «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» ЖШС басқарма төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықты құру және салу жөніндегі жобалық топтың жетекшісі болды.

2021 жылғы 22 қаңтардан бастап ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі лауазымына тағайындалды.

«Шапағат» (2014), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016), «Астанаға 20 жыл» (2018) медальдарымен марапатталған; «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2003), «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» (2012) төсбелгілері.

41 жыл бұрын (1983) "Астана медицина университеті" КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректоры Камалжан Талғатұлы НАДЫРОВ дүниеге келді.

НАДЫРОВ Камалжан Талгатович
Фото: amu.edu.kz

Алматыда туған. "Қоғамдық денсаулық сақтау" мамандығы бойынша іскерлік әкімшілендіру магистрі (МВА), "Бизнес әкімшілендіру" (EMBA) мамандығы бойынша іскерлік әкімшілендіру магистрі.

Еңбек жолы: 2009-2014 жылдары Алматы қаласындағы "Академик Б.У.Джарбусынов атындағы урология ғылыми орталығы" ШЖҚ РМК, ұйымдастыру-әдістемелік, құқықтық жұмыс және мемлекеттік сатып алу бөлімінің меңгерушісі, ұйымдастыру-экономикалық мәселелер жөніндегі директор орынбасарының міндетін атқарушы, ұйымдастыру-экономикалық жұмыс жөніндегі директордың орынбасары, әкімшілік-экономикалық қызмет жөніндегі бас директор, 2014-2015 жылдары ҚР денсаулық сақтау министрлігі стратегиялық даму департаментінің директоры орынбасары міндетін атқарушы, медициналық қызметтерді стандарттау департаменті директорының орынбасары м.а., медициналық қызметтерді стандарттау департаменті директорының орынбасары, 2015-2017 жылдары «UNIVERSITY MEDICAL CENTER» корпоративтік қорының медициналық көмек сараптамасы департаменті директорының міндетін атқарушы, «UNIVERSITY MEDICAL CENTER» корпоративтік қоры Республикалық диагностикалық орталығы филиалының әкімшілік-қаржы мәселелері жөніндегі директоры, «UNIVERSITY MEDICAL CENTER» корпоративтік қоры Республикалық диагностикалық орталығы филиалының директоры болып қызмет атқарған. 2017-2019 жылдары «Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысының міндетін атқарушы, «Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысы, «Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысы, 2019-2020 жылдары ҚР

денсаулық сақтау вице-министрі қызметінде болды. 2020 жылы Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы, Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы, 2021 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Басқарма Төрағасы болып қызмет атқарған.

Қазіргі лауазымын 2021 жылдан бастап атқарып келеді.

«Бірлік», «Ерен еңбегі үшiн», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдарімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар
telegram