27 ақпан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 27 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

5 ақпан. Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік Үкіметтік емес ұйымдар күні

Британиялық әлеуметтік кәсіпкер Марцис Скадманистің бастамасымен, Үкіметтік емес ұйымдардың маңыздылығын көрсету және коммерциялық емес, мемлекеттік және коммерциялық секторлар арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында белгіленген.

Халықаралық ақ аю күні

Аталмыш табиғат мерекесі туралы бастаманы ақ аюларды қорғаумен айналысатын халықаралық Polar Bears International (PBI) ұйымы көтерген болатын. Бұл күннің мақсаты - ақ аюлар туралы ақпаратты бұқараға кеңінен насихаттап, оларды қорғауға қоғамның назарын аудару. Әсіресе, бұл мереке ақ аюлар мекендейтін Ресей, Норвегия, Гренландия, АҚШ және Канада елдері үшін өзекті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2001 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан облыстық ұлт аспаптар оркестрі өнер ұжымының тұсаукесер рәсімі өтті. Оркестр Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы жанынан құрылды. Құрамында 50-ден астам арнаулы жоғары кәсіби білімді мамандар бар. Оркестрдің репертуарында халық композиторлары Құрманғазы мен Динаның, Түркештің, Дәулеткерейдің күйлері, Н.Тілендиевтің, К.Күмісбековтің, А.Жайымовтың, Е.Брусиловскийдің, С.Мұхамеджановтың, т.б. шығармалары, орыс және Еуропа композиторларының туындылары бар.

2004 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы құрылды.

2007 жылы Алматыда Литваның құрметті консулдығы ашылды. Екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 15 маусымында орнатылды.

2012 жылы америкалық Ив Суссман кинематографияда жаңа жанрды ойлап тауып, өзінің идеясын Қазақстан туралы фильм түсіру арқылы іске асырды. Бұл картинаны екі мәрте көру мүмкін емес. Себебі, фильмді көрермендер үшін қойған сайын компьютер кадрларды ауқымды база ішінен кездейсоқ ретпен құрастырып, бірегей жаңа лентаны жинайды. Картина Қазақстанда жазылған 3 мың клиптен, 80 аудио жазбадан және 150 музыкалық үзіндіден тұрады. «Whiteonwhite: algorithmicnoir» лентасын Қазақстан жайында жасалған ең ерекше картиналар санатына жатқызуға болады.

2013 жылы Қазақстан Басқару комитетінің отырысына Еуразиялық бәсекелестікке қабілеттілік бағдарламасының Орталық-Азиялық бастамасының тең төрағасы дәрежесінде тұңғыш рет қатысты. Аймақтағы жеті ел (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Моңғолия) кіретін бағдарлама аймақтың экономикалық дамуына септесуге, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

2013 жылы Астанада коллекционерлерге арналған «Абай» эксклюзивті кітабының таныстырылымы өтті. Ол небәрі 20 данамен шығарылған. Әр беті күмістен ұлттық оюлармен өрнектеліп, таза теріден жасалған.

2014 жылы Қазақстан ғалымдары Elsevier мәліметтер қорына қол жеткізді. Бұл туралы келісімге Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы мен Elsevier компаниясы Алматыда қол қойды.Енді еліміздің ғалымдары халықаралық ғылыми журналдарға өз еңбектерін жариялап, мәліметтер базасындағы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Elsevier жылына шамамен 250 мың мақаладан тұратын 2,5 мыңнан астам ғылыми журнал шығарады. Басылым мұрағатында шамамен жеті миллион жарияланым бар.

2018 жылы Астанада «Ұшқын» бірінші студенттер фильмдерінің фестивалі аяқталды. Оған Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің 50 қысқаметражды фильмі қатысты.

2018 жылы Қазақстанда мемлекеттік органдар жұмысын қадағалайтын қоғамдық бақылау картасы жасалды.

2019 жылы FNL Network халықаралық телеарнасының директоры Рокко Лео Галиоти Лос-Анджелестегі Голливудта American Testing Award марапаттау салтанатында Тараздың көрікті жерлері туралы фильмі үшін «Қайда саяхат жасау керек» номинациясының бас жүлдесін алды.

2021 жылы Петропавлдан келген оқушы Тоғжан Ахметова 24 елден 300-ден астам жоба қатысқан Buka-im SUFF беделді байқауының алтын жүлдегері атанды. Конкурс оқушылардың халықаралық инженерлік және ғылыми конкурстарының қатарына кіреді. Ол Түркияда өтті. Он бірінші сынып оқушысы Т.Ахметова конкурсқа косметика мен медициналық препараттарды жасау үшін ағаш дайындау қалдықтарын пайдалану жөніндегі жобаны ұсынды.

2022 жылы Қостанай қаласының тұрғыны Айнұр Бажева өрт-құтқару спорты бойынша чемпионатта әйелдер арасында Қазақстанның жаңа рекордын орнатты. Айнұр 17,36 секунд нәтиже көрсетті, содан кейін 17,21 және шешуші уақыт 16,97 секунд болды.

Соңғы жаңалықтар