27 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 27 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.
27 қаңтар. ДҮЙСЕНБІ
Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні. 1945 жылы қаңтардың 27-сінде Освенцим концлагері тұтқындары азат етілген бұл күнді бірқатар елдер атап өтеді. Освенцим концлагері саяси тұтқындар үшін 1940 жылы салынды. Темір жол торабына жақын орналасқан лагерьде 40-қа жуық түрлі нысан - барактар, газ камералары, крематорийлар мен адамдарға тәжірибе жүргізілетін зертханалар болды. Күн сайын мұнда мыңдаған адам тиелген бірнеше эшалон келетін. Оларды жою үшін нацистер Циклон-Б улы газын ойлап тапты. Бұл газ алғаш рет бірнеше жүз кеңестік әскери тұтқындарға сыналды. Освенцим «ажал фабрикасы» деген атқа кездейсоқ ие болған жоқ. Лагерь жұмыс істеген 5 жылдың ішінде мұнда 28 ұлттың 1,5 миллион адамы қаза болды. 1979 жылы ЮНЕСКО концлагерьді халықаралық маңыздағы ескерткіштер тізіміне енгізді.
Ресей әскери даңқ күні - Ленинградтың қоршаудан босаған күні. 1944 жылы ленинградтықтар неміс-фашистердің 900 күндік қоршауына асқан ерлікпен төтеп берді. Жыр алыбы Жамбыл өзінің «Ленинградтық өрендерім» өлеңімен қоршаудағылардың рухын көтерді. Дәл осы күні Ленинград қаласы жаудан азат етілді.
Ұлтшылдықтың құрбандарын еске алудың халықаралық күні. 1945 жылғы қаңтардың 27-інде Освенцим лагерінің тұтқындарын босатқан күніне орай бірқатар елдерде аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2 2 жыл бұрын (1992) Өскемендегі мыс-қорғасын комбинатында салмағы 10,5 кг Қазақстанның тұңғыш алтын кесегі өндірілді.
19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Давоста (Швейцария) өткен Бүкілодақтық экономикалық форумға қатысты. Форум барысында болып өткен көптеген кездесулердің арасынан Елбасының Еуропаның бірнеше мемлекеті, Америка, Азия мемлекеттерінің басшыларымен және бірнеше ірі халықаралық қаржы ұйымдарының басшыларымен кездесуін атап өтуге болады. Әңгімелер барысында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылды.
18 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Президентінің «Кен және кенді пайдалану туралы» Жарлыққа қол қойылды.
8 жыл бұрын (2006) «Қазпошта» акционерлік қоғамы Әубәкір Ысмайыловтың шығармашылығына арналған «Бейнелеу өнері» сериясының пошта маркасын айналымға енгізді. Маркада суретшінің 1928 жылы салған Абай портреті бейнеленген. Соңғы 10 жыл төңірегінде Г.Ысмайлованың «Қыз Жібек», С.Калмыковтың «Фантастикалық натюрморт», Х.Наурызбаевтың «Шопан портреті», Ж.Шәрденовтің «Биік таулар», М.Кенбаевтың «Асауға құрық салу», А.Ғалымбаеваның «Кеседегі қымыз», С.Айтбаевтың «Бақыт» сияқты туындылары «Бейнелеу өнері» сериясымен пошта маркаларында бейнеленген болатын.
8 жыл бұрын (2006) Қарағандыда Қажылар одағы құрылды. Орталық мешітте өткен жиналыс барысында бірігу туралы шешім қабылданды. Негізгі мақсаттары - шариғатты имамдарға түсіндіруде көмек көрсету.
4 жыл бұрын (2010) Мәскеуде Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орайластырылған «Аңыз батыр» («Легендарный батыр») атты жинағы жарық көрді.
Қазақ және орыс тiлінде шығарылған жинаққа халық батыры Бауыржан туралы қазақ жазушылары Шерхан Мұртаза, Елей Әлiмжанов, Мұқамеджан Катимханның естелік шығармалары және Мәскеудің мұрағаттарында сақталған бұрын жарияланбаған Бауыржан Момышұлының күнделіктері кірді.
4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010-2015 жылдарды қамтитын ЮНДАФ бағдарламасынның таныстырылымы өтті. Бағдарламаның таныстырылу рәсіміне мемлекеттік органдар мен Парламент өкілдері және БҰҰ-ның агенттіктерінің қызметкерлері қатысты.
2010-2015 жылдарды қамтитын ЮНДАФ бағдарламасының мақсаты Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ басты үш стратегиялық бағыт бойынша бірлесіп қимылдамақ. Үш бағытың біріншісі азматтардың экономикалық-әлеуметтік бақуаттылығын қамтуға бағытталса, екінші бағыт тиімді мемлекеттік басқару шараларына қатысты. Ал үшінші бағыт қоршаған ортаны қорғау саласымен байланысты болып отыр.
4 жыл бұрын (2010) Алматыда Қайырымдылық қорлары қауымдастығының кезекті отырысының шеңберінде «Қазақстандағы қайырымдылық» - blagovkz.org. атты ұлттық ақпараттық порталдың таныстырылымы болды. Сайт Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының қаржылай қолдаумен құрылды.
Жобаның мақсаты - азаматтар мен ұйымдардың тиiмдi коммуникациялары үшiн платформалар құру, еліміздегі қайырымдылық қызметке тарту, қайырымдық ұйымдармен және бастаушы топтардың тиімділігін арттыру, қайырымдылық институттарға азаматтық қатысулардың мәдениетін дамыту және қолдау, Қазақстанның қайырымдылық өміріне тұрғындардың белсенді қатысуына ақпараттық шарттар құру.
Қайырымдылық қорлары қауымдастығы қайырымдылық жобаларды іске асыратын 12 коммерциялық емес ұйымдарды біріктіреді.
3 жыл бұрын (2011) Мемлекет басшысы «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.
3 жыл бұрын (2011) елордада 7 Азия ойындары сайтының таныстырылымы өтті.
155 жыл бұрын (1859) Оттава Канаданың астанасы болып жарияланды.
66 жыл бұрын (1948) Wire Recording Corporation of America компаниясы жасаған магнитофондар алғаш рет сатылады. Олардың құны - 149,5 доллар.
ЕСІМДЕР
214 жыл бұрын (1800-1880) Орта жүз руы Арғын тайпасының атақты биі, шешен CАҚҚҰЛАҚ БИ дүниеге келген.
Ақмола облысының Ерейментау ауданында туған.
Шын аты Сәбден, Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі. Шешендік өнерімен, әділ шешімдерімен сый-құрметке ие болған. Жасынан зерделі де зерек өскен ол 12-13 жасынан әкесі Бапан бидің қасында жүріп, шешендік өнерін ұштаған, ел билеу ісіне араласқан. Ол 16 жасында сол өңірде шешендік аты шыққан Байдалы бимен сайысқа түсіп, Байдалының «құлағың неткен сақ еді» деген сөзінен кейін «Саққұлақ» атанып кеткен.
Саққұлақ бидің «Саққұлақтың Шоқанға берген батасы», «Ақыл туралы», «Шоқанның Саққұлақ биге қойған сауалдарына берген жауабы», «Төрт нәрседен қашық қыл», «Мұсаның өліміне айтқаны», «Орман-тоғай жер сыны», «Жақсы қатын алсаңыз дүр-шекерді», «Қыз күнінде балаң-балаң», «Шоқанның қарындасына айтқаны», Шоқан қазасына орай «Бұл да бір ғалымның бірі еді-ау», «Шыңғысқа өз аузынан айтқан көңілі», «Батырдың басы орда қалар», «Байдалы биге айтқаны», «Ғылым туралы», «Мұсаға айтқаны», «Мүсетке айтқаны», тағы басқа көптеген шешендік сөздері бар.
Оның шешендік нақыл сөздерінен елдік пен ерлік, ғылым, білім, жақсылық пен жамандық туралы терең философиялық ой-түйіндерді байқауға болады.
Басқа би-шешендердей емес, Саққұлақ би өзі айтқан билік сөздері мен басқа билердің аталы сөздерін, бағалы ойларын үнемі қағазға түсіріп жүрген.
70 жыл бұрын (1944) ақын УЛЬМЕР Эльза Альбертовна дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы педагогикалық шет тілдер институтын бітірген. Қазақ радиосында неміс тіліндегі хабарлар редакциясының меңгерушісі, «Фройндшафт» газетінің меншікті тілшісі, «Нойес лебен» газетінің тілшісі болып істеген. Оның туындылары «Мой Казахстан», «Далекие журавли», «Близкие дали» атты жалпы жинақтарға, «Қазақстан» баспасы шығарған неміс жазушыларының үш томдық антологиясына енген.
6 6 жыл бұрын (1948) К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының (Астана қаласы) директоры ӘЛПИЕВ Төлеубек Нығметұлы дүниеге келді.
Мәскеу консерваториясы жанындағы Музыкалық училищені және Алматы консерваториясын бітірген. 1977-1985 жылдары - Қазақ мемлекеттік филармониясы симфониялық оркестрінің әртісі. 1985-1988 жылдары - «Қазақконцерт» бірлесігі директорының орынбасары, директоры. 1988-1989 жылдары - Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры және көркемдік жетекшісі. 1989-1992 жылдары - Қазақстан Республикасының Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары. 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары болған.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1954) философия ғылымының кандидаты, саясаттану ғылымының докторы, профессор ИБАТОВА Ләйлә Мырзәліқызы дүниеге келді.
Қостанай қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ) бітірген. 1986 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) аспиранты, оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, докторанты, профессоры, саясаттану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғалымның бір кітабы және 50-ден астам ғылыми жарияланымы бар.
52 жыл бұрын (1962) оқпен атудан Қазақстан құрамасының бас бапкері ВОХМЯНИН Владимир Анатольевич дүниеге келді.
Қарағанды облысы Теміртау қаласында туған. Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген (1993), жаттықтырушы-оқытушы. 1993 жылдан - ШҰКД жаттықтырушы-оқытушысы. 2007 жылдан - Кувейт құрамасының жаттықтырушысы. 2001 жылдан бері - оқпен атудан Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы. Спорттық оқпен ату федерациясының вице-президенті. Қазақстан оқушылары спартакиадасының жеңімпазы (1975); КСРО Кубогының қола жүлдегері (1980, Сухуми), 2 мәрте Әлем (1982,1986) және Еуропа чемпионы (1982,1987); оқпен атудан Барселонада өткен XXV Олимпиада ойындарының (1992), Атлантада өткен XXVI Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (1996); XII Азия ойындарының (Хиросима, 1994), оқпен атудан Азия чемпионы (Джакарта, 1995); жеке және топтық командада 4 мәрте КСРО чемпионы; 2 мәрте әлем рекордшысы; Әлем кубогы финалының күміс жүлдегері (Мюн- хен, 1993); Әлем кубогы финалының жеңімпазы (Швейцария, 1996); Әлем кубогының күміс және қола жүлдегері (Лугано, 1997); XI Орталық Азия ойындарының жеңімпазы (1998). Барселонадағы (1992), Атлантадағы (1996) Олимпиада ойындарының қола жүлдегері; 2 мәрте әлем чемпионы (1982, 1986), Еуропа чемгшоны (1982, 1987); Азия чемпионы (1994, 1995, 2000); КСРО 4 мәрте чемпионы; 2 мәрте әлем рекордшысы. ҚР оқпен ату бойынша Еңбек сіңірген жаттықтырушысы. ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (1992). «Ерен еңбегі үшін» (1995), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медальдарымен; ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен (2001) марапатталған.
49 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің вице-министрі ҚҰСАЙЫНОВ Марат Әпсеметұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1988 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығы бойынша, 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Ұлттық Жоғары Мектебін «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша оқып бітірді.
Еңбек жолын 1988 жылы Қызылорда қалалық атқару комитетінің аппаратында бөлім нұсқаушысы болып бастады. 1997 жылғы шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде ақпараттандыру бөлімінде макроэкономикалық талдау және ақпарат секторының консультанты, одан кейін жинақтау талдамалық бөлімінің консультанты болды. 2000 жылдың тамызынан бастап Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау департаменті директорының орынбасары, директоры лауазымдарын атқарды. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің аппаратында 2002 жылдың желтоқсанынан бастап Департамент директоры лауазымында қызмет істей бастады. 2006 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі болып тағайындалды.
2010 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда вице-министрі болып тағайындалды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталған.
42 жыл бұрын (1972) Шымкент қаласы әкімінің орынбасары НАРЫМБЕТОВ Бахадыр Мәдәліұлы дүниеге келді
1993-1998 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ-де саясаттану оқытушысы мамандығы бойынша бiлiм алды. Одан кейiн Сарыағаш қаласындағы №13 кәсiптiк-техникалық училищеде ұстаз. 2001 жылдан бастап Сарыағаш ауданы әкiмi аппаратында, ОҚО ақпарат және қоғамдық келiсiм басқармасында, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiнiң облыстық iшкi саясат департаментiнде, ҚР Президентi әкiмшiлiгiнiң iшкi саясат басқармасында маман, бас маман болып қызмет атқарды. 2006-2008 жылдары облыстық iшкi саясат басқармасының бастығы. 2008-2009 жылдары ҚР Президентiнiң баспасөз қызметi ұйымдастыру секторының меңгерушiсi болып iстедi. ҚР Әдiлет министрлiгi дiни iстер жөнiндегi комитетi төрағасының орынбасары Қазіргі қызметінде 2010 жылдың наурыз айынан бері.
258 жыл бұрын (1756-1791) ұлы австриялық композитор Вольфганг МОЦАРТ дүниеге келді.
66 жыл бұрын (1948) көрнекті орыс және американ балетмейстері және балет әртісі БАРЫШНИКОВ Михаил Николаевич дүниеге келді.