27 қараша. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 27 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

Қалиолла СЕЙТЕНОВ, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры

1967 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Ресей Ішкі істер министрлігінің Жоғары тергеу мектебін (Ресей ІІМ Волгоград заң институтын) бітірген. Заң ғылымдарының докторы, профессор. Оқулықтар, оқу және оқу-әдістемелік құралдар, әдістемелік ұсынымдар мен ғылыми мақалаларды қоса алғанда, 150-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

Еңбек жолы: Ақмола облысы Ішкі істер басқармасының сараптама-криминалистика бөлімшесінде, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінде қызмет атқарған. 2001-2019 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университетінде декан, проректор, сот сараптамасы мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі әрі біліктілікті арттыру жұмыстарына жауапты басшы болған. 2019-2021 жылдары Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтында профессор қызметін атқарған.

Қазіргі қызметін 2021 жылғы наурыздан бері атқарып келеді.

Шота ОСПАНОВ, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты

1968 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. 1993 жылы ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1984-1985 жылдары Торғай ауылындағы Жангелдин аудандық жылжымалы механикаландырылған колоннасында құрылысшы болған. 1993-1995 жылдары Жангелдин аудандық машина-трактор стансасы кәсіпорны төрағасының орынбасары, 1995-1998 жылдары «Арқа» акционерлік қоғамының көлік бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 1998-1999 жылдары «Торғай», «Бесқопа», «Байтұрсынов» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің конкурстық басқарушысы болған. 1999-2001 жылдары Торғай ауылында Жангелдин ауданы әкімінің аппарат басшысы, 2001-2002 жылдары Жангелдин ауданы әкімінің аппараты ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, 2002 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған.

2002-2004 жылдары Жангелдин ауданының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 2004-2005 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бастығы, 2005-2007 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 2007-2008 жылдары Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары, 2008-2009 жылдары Торғай ауылының әкімі болған. 2011 жылы Торғай ауылындағы Жангелдин аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, 2012-2017 жылдары аудан әкімінің орынбасары, 2017-2024 жылдары Қостанай облысы Жангелдин ауданының әкімі қызметін атқарған. 2025 жылдан 2026 жылғы тамызға дейін Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі болған.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы тамыздан бері атқарып келеді.

Қанат ОРАЗҚҰЛОВ, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің кеңесшісі

1970 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын орман шаруашылығы мамандығы бойынша, 2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1993-1994 жылдары Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген орман шаруашылығының Есік орманшылығында маман болған. 1994-1997 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бөлімшелерінде қызмет атқарған. 1997-2009 жылдары ҚР Президентін күзету қызметінің кадр, сапарларды қамтамасыз ету және Президенттің жеке күзеті бөлімшелерінде түрлі офицерлік және басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. 2009-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі бастығының орынбасары, 2014 жылғы сәуірден 2017 жылғы сәуірге дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары болған.

2017-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы басшысының орынбасары, 2018 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Терроризмге қарсы орталығы штабының бастығы қызметтерін атқарған. 2022-2024 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитеті директорының орынбасары болған.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы қаңтардан бері атқарып келеді.

Алтынай КӨБЕЕВА, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі

1972 жылы дүниеге келген. Алматы технология және бизнес институтын бухгалтер мамандығы бойынша, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін саясаттану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1995-1998 жылдары «Алимп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бухгалтер, 1998-2000 жылдары Ақмола облыстық статистика басқармасында бас қаржыгер, 2000-2005 жылдары «Забота» дағдарыс орталығында бас бухгалтер болған. 2005 жылы «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қорының негізін қалап, құрылтайшысы әрі директоры болды. 2008 жылдан бастап «ҮЕҰ-ны қолдау орталығы – Астана» жеке қорының негізін қалаушысы, құрылтайшысы және директоры. 2016-2022 жылдары Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, хатшысы, 2021 жылы Экология, туризм және қоғамдық кеңістіктерді дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы болған. Алматы қаласы мәслихатының депутаты.

Мәди АТАМҚҰЛОВ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі

1974 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтын бітірген. 2003 жылы Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Еңбек жолы:2003 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД істері жөніндегі комитетінде бірінші хатшы болған. 2006-2010 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметі бөлімінің бастығы, 2010-2014 жылдары осы қызметтің басшысы қызметін атқарған. 2014-2015 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппараты басшысының халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары, 2015-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Хаттамасының басшысы болған. 2021-2026 жылдары Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы қазаннан бері атқарып келеді.

I сыныпты Төтенше және Өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.

Асулан КАРИМОВ, Маңғыстау облысы Әділет департаментінің басшысы

1981 жылы Атырау облысы Еңбекші ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін экономика мамандығы бойынша, 2011 жылы осы университетті құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2004-2006 жылдары Атырау облыстық Салық комитетінің Салықты әкімшілендіру басқармасына қарасты тіркелмеген салық төлеушілерді анықтау бөлімінің жылжымалы топтарында жетекші маман болған. 2006-2007 жылдары Атырау облыстық Салық комитетінің Өндірістік емес төлемдер басқармасына қарасты тіркелмеген салық төлеушілерді анықтау бөлімінің жылжымалы топтарында бас маман қызметін атқарған. 2007 жылы Атырау облысы бойынша Салық комитетінің салықты әкімшіліктендіру басқармасы шағын бизнес субьектісімен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы болған.

2007-2008 жылдары Атырау облысының Халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор, 2008 жылы кеңесші, 2008-2009 жылдары осы орталық директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2009-2011 жылдары Құлсары қаласы әкімінің орынбасары, 2011 жылы Атырау облысының Жылжымайтын мүлік орталығы директорының орынбасары болған. 2011-2013 жылдары Атырау облыстық тексеру комиссиясының мүшесі, 2013-2018 жылдары Атырау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2018-2019 жылдары Астана қаласында ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтерді ұйымдастыру департаментінің Мониторинг және ішкі талдау басқармасын басқарған. 2019 жылғы қазаннан 2025 жылғы қазанға дейін Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы болған.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы қазаннан бері атқарып келеді.

Бауыржан ЖҮСІПОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы

1981 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын емдеу ісі мамандығы бойынша, 2011 жылы Астана медицина университетін қоғамдық денсаулық сақтау магистрі дәрежесімен бітірген.

Еңбек жолы: 2002-2007 жылдары Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем стансасында фельдшер, 2007-2010 жылдары Ұлттық ғылыми медициналық орталығында хирург дәрігер болған. 2010-2013 жылдары Ұлттық медициналық холдингтің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінде менеджер қызметін атқарған. 2013-2017 жылдары Республикалық диагностикалық орталықта басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. 2018-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде басқарма басшысы, Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары, Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2022 жылдан 2025 жылғы наурызға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының құрылымында басшылық лауазымдарда болған. 2025 жылғы наурыздан 2026 жылғы тамызға дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы қыркүйектен бері атқарып келеді.

Жұмабек БҰСҰРМАНОВ, заңгер-ғалым, құқық қорғаушы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Заң ғылымдары академиясының академигі; Қазақстанда Омбудсмен институтын құру идеясын алғашқылардың бірі болып ұсынған

1950 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: орта мектепте мұғалім болып еңбек еткен. 1971-1976 жылдары заң факультеті комсомол комитеті хатшысының орынбасары әрі «Жастар» вокалды-аспаптық ансамблінің жетекшісі болған. 1976-1978 және 1983-1992 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі және проректор қызметтерін атқарған. 1978-1983 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтында тағылымдамадан өтуші зерттеуші, аспирант болған. 1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратының саяси талдау бөлімінде консультант қызметін атқарған. 1994-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы, кейін хатшылық меңгерушісі болған. 1998-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі болған. 2002-2008 жылдары Алматы заң академиясы мен Қазақ мемлекеттік заң академиясында Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасын басқарған.

2008-2010 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетінің деканы, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедраларының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2010-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Заңнама институты» мемлекеттік мекемесінің директоры болған. 2012-2017 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасын басқарған. 2017 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының Сот-құқықтық және инновациялық жобалар ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарған.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған. 2008 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болған. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Жылдың үздік доценті» атағымен марапатталған.