27 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 27 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

19 сәуір. Жылнама. Күнтізбе
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

1963 жылы Алматыда Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалды музей-үйі ашылды. Жазушы 1951-1961 жылдары осы үйде тұрып, «Абай жолы» эпопеясын осында аяқтаған. Бүгінде тарихи ғимарат «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы ретінде жұмыс істейді.

1992 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданында Қарасай батыр атындағы тарихи-этнографиялық қоғам мен қор құрылды.

Қарасай Алтынайұлы — елге Қарасай батыр есімімен танылған тұлға (1598-1671). Ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қарасаз мекенінде дүниеге келген. Ұлы жүздің Үйсін тайпасының Шапырашты руынан шыққан батыр әрі қолбасшы өмірінің басым бөлігін жоңғарлар мен өзге де жауларға қарсы жорықтар мен шайқастарда өткізіп, қазақ жерін қорғауға арнаған.

1992 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында көрнекті қазақ ақыны әрі аудармашы Мұқағали Мақатаевтың (1931-1976) музейі ресми түрде ашылды.

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылғы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Қазақ радиосында диктор, мектепте мұғалім болып бастаған. Кейін «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Ақынның он жеті жасында жазған алғашқы өлеңдері 1948 жылы «Советская граница» газетінде жарық көрді. «Өмірдастан», «Өмір-өзен», «Моцарт. Жан азасы», «Таңдамалы шығармалар» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Оның өлеңіне жазылған «Саржайлау» әні халық арасына кең тарады. Мұқағали Мақатаев орыс классиктері мен әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын, соның ішінде Уолт Уитмен шығармалары мен Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясын» қазақ тіліне аударған. Оның есімі Абай, Мұхтар Әуезов сынды қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларымен қатар аталады. Ақын Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

2007 жылы Парижде Қазақстанның Халықаралық сот орындаушылары одағына (ХСОО) қауымдастырылған мүше болып қабылдануына арналған салтанатты рәсім өтті. Еуропа кеңесі, Гаага конвенциясы және БҰҰ комитетінің мүшесі саналатын одаққа әлемнің 60-тан астам елінің өкілдері біріккен.

Аталған одақтың негізгі міндеті – әр елдің сот орындаушылары арасында тәжірибе алмасып, кәсіби байланыстарды нығайту, сондай-ақ мемлекеттік органдардың назарын сот орындаушысы мәртебесінің маңыздылығына аудару.

2009 жылы Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ИСЕСКО) Алматы қаласын 2015 жылы Ислам мәдениетінің астанасы деп жариялау туралы шешім қабылдады.

2012 жылы Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның міндеті көрмеге дайындық пен оны өткізуге қатысты ұсыныстар әзірлеу болды.

2015 жылы Халықаралық түркі академиясы ISESCO ұйымында бақылаушы мәртебесін алды. Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі халықаралық ұйымы (ISESCO) ЮНЕСКО-ның ислам әлеміндегі баламасы саналады. Ұйымның мақсаты – мұсылман елдері арасындағы ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, осы бағыттардың дамуына қолдау көрсету және ислам мәдениетінің ескерткіштерін қорғау.

2015 жылы Алматыда ECOTANBA экологиялық таңбалаудың І типті алғашқы бағдарламасының таныстырылымы өтті. ECOTANBA – экологиялық таза өнімдерді, қызметтер мен өндірістік процестерді ерікті түрде сертификаттауға арналған Қазақстандағы алғашқы әрі әзірге жалғыз жүйе. Бұл таңбаны «EcoStandard» қоғамдық қоры береді.

2018 жылы «Kazinform» ХАА мен «Астана» телеарнасы бірлесіп, «Ғажайып Қазақстан» атты деректі фильмдер топтамасын түсірді. Түсірілім тобы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ең шалғай ауылдардың тұрғындарымен жүздесті. Көпшілік бара бермейтін, тек құстар ғана жете алатын табиғаттың көрікті мекендерін таспаға түсірді. Фильмнің басты кейіпкерлері қатардағы тұрғындар болды. Олардың өмір жолы өзгелерге үлгі боларлық тағылымға толы.

«Ғажайып Қазақстан» – талғамы жоғары көрерменге арналған, танымдық әрі мазмұнды жоба.

2019 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі «Дала қазынасы» сериясымен номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған «Quraq kórpe» коллекциялық монетасын, сондай-ақ «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» сериясымен мельхиор қорытпасынан жасалған номиналы 200 және 100 теңгелік «Kόbelek. Lasiommata maera» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды.

2020 жылы қазақстандық белгілі режиссер, «Азия Оскарының» иегері Әділхан Ержановтың «Ұлболсын» фильмі XXIV Таллинн халықаралық «Қараңғы түндер» кинофестивалінде «Үздік азиялық фильм» атанып, Азия киноөнерін насихаттау желісінің (NETPAC) жүлдесіне ие болды.

2023 жылы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Алматы облысы Өтеген батыр ауылындағы сегізінші сынып оқушысы Ақжол Геройды ерлігі мен батылдығы үшін «Ел қорғаны» медалімен марапаттады. Жүргізушінің денсаулығы күрт нашарлаған кезде Ақжол автобусты тоқтатып, көліктің үйге соғуына жол бермеген. Осылайша, ол ауыр оқиғаның алдын алды. Қорғаныс ведомствосы басшысының атынан жас сарбаздар қозғалысының мүшесіне награданы Қарулы күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Алмаз Жұмақеев табыстады.

2024 жылы Димаш Құдайберген «Киелі мекенім» әніне түсірілген жаңа бейнебаянын көпшілікке ұсынды. Туынды Қазақстанның қайталанбас табиғатын, көркем өлкесін және бай мәдени мұрасын танытуға арналған.

«Қазақстан әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшыларды тартатын орталыққа айналатынына сенімдімін!» – деді Димаш.

2024 жылы Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты жиында Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Ресейдің Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевский екі елдің ғылым және жоғары білім салаларындағы ынтымақтастығы туралы баяндама жасады.

2025 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-28» басқарылатын ғарыш кемесі сәтті ұшырылды. Кеме бортында экипаж командирі Сергей Кудь-Сверчков, бортинженер Сергей Микаев және NASA астронавты Кристофер Уильямс болды. Ғарыш кемесі 74-ұзақ мерзімді экспедиция аясында Халықаралық ғарыш станциясына бағыт алды.