27 қарашада еліміздің басым бөлігінде жол жағдайы күрделенеді
АСТАНА. KAZINFORM — 27 қарашада Қазақстанның 15 облысында қар аралас жаңбыр жауып, кей өңірлерде қар күтіледі. Салдарынан республикалық автожолдарда көріну қашықтығы төмендеп, көктайғақ болуы мүмкін. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді.
Бүгін Ақмола, Абай, Ақтөбе, Атырау, Алматы Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Түркістан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, кей жерлерде қар күтіледі.
— Осыған байланысты республикалық автожолдардың жекелеген бөліктерінде көріну қашықтығы төмендеп, жол беті тайғақ болуы мүмкін. Жүргізушілерге ауа райын ескеріп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды, жол жағдайына қарай жылдамдықты таңдауды және оқыс маневр жасамауды ұсынамыз, — деп ексертті ведомстводан.
1403 — республикалық автожолдардың жай-күйі туралы тәулік бойы ақпарат алу желісі.
Айта кетейік, алдағы күндері Қазақстан аумағындағы ауа райын атмосфералық фронттар айқындайды. Ауа райы тұрақсыз болады. Жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауып, тұман түседі, көктайғақ болып, жел күшейеді және боран соғады.