27 қазақстандық компанияның шығыны 1,5 трлн теңге - сенатор
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен жылы Қазақстандағы 27 акционерлік қоғамның шығындары 1,5 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында депутат Ольга Перепечина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, отырыс барысында 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы қаралып, Үкімет пен Есеп комитеті өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.
«27 акционерлік қоғам жылды 1,5 трлн теңгеге жуық шығынмен аяқтады. Оның ішінде бесеуіне жарты миллиард теңгеге тарта тиесілі. Неге осылай болды? Неге осындай ахуал акционерлік қоғамдарда орын алып отыр?», - деді сенатор ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкіліне қарата айтқан сөзінде.
Өз кезегінде Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев осы мәселе бойынша алдағы күндері егжей-тегжейлі жауапты беруге уәде өтті.
«Бүгінде бізде 2 акционерлік қоғам табысты түрде жұмыс істеуде. Қалғандарының жұмысында шығындар байқалуда. Өздерінің қызметтерін уақытша тоқтатып қойғандары бар, сонымен қатар кейбірі мемлекеттік қаржыны күтіп жүр. Сондықтан біз бұл мәселені талқылап, нақты ақпаратты беруді сұрап отырмыз. Бұл тұрғыда акционерлік қоғамдардың тағдыры бойынша ұлттық экономика министрлігінің қарастырып отырған қадамдары керек», - деді сенатор.