27 қазанда ауа райы күрт бұзылады: желдің екпіні 28 м/с-қа жетеді

АСТАНА. KAZINFORM — 27 қазанда Қазақстанның 14 облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер үсік, қатты жел, тұман, көктайғақ және шаңды дауыл болатынын болжайды. Бірқатар өңірде өрт шығу қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады. Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлады.

27 қазанда ауа райы күрт бұзылады: желдің екпіні 28 м/с-қа жетеді
Фото: Kazinform\ЖИ

Түркістан облысы

Таулы және тау бөктеріндегі аудандарда солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде облыстың солтүстігі мен батысында 3 градусқа дейін үсік жүреді.

Облыстың солтүстігінде, батысында, орталығында және тау бөктеріндегі аудандарда өрт шығу қаупі жоғары. Түркістан қаласында да өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.

Қызылорда облысы

Күндіз облыстың шығысы мен орталығында шаңды дауыл тұрады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде облыстың солтүстігі мен орталығында 3 градусқа дейін үсік жүреді.

Өңірдің басым бөлігінде өрт шығу қаупі төтенше деңгейде, ал солтүстігінде жоғары деңгейде сақталады. Қызылорда қаласында да шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысы

Облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде тұман түседі. Петропавл қаласында түнде және таңертең көріну қашықтығы нашарлайды.

Павлодар облысы

Түнде облыстың батысы мен оңтүстігінде жаңбыр мен қар түрінде аздаған жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады. Батысында, солтүстігінде және орталығында тұман күтіледі. Павлодар қаласында да тұман түседі.

Жетісу облысы

Түнде және таңертең таулы аудандарда тұман болады. Алакөл көлдері ауданында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге, кей уақытта 23–28 метрге дейін жетеді.

Түнде облыста 2–7 градус, орталық бөлігінде 11 градусқа дейін үсік жүреді. Талдықорған қаласында ауа температурасы түнде 9–11 градусқа дейін төмендейді.

Облыстың шығысында өрт шығу қаупі төтенше деңгейде, оңтүстігінде жоғары деңгейде сақталады.

Алматы облысы

Таулы аудандарда солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде облыс аумағында 1–6 градус үсік жүреді.

Өңірдің батысында, оңтүстігінде және шығысында өрт шығу қаупі жоғары. Қонаев қаласында түнде 2–4 градус үсік күтіледі. Қалада өрт қаупінің жоғары деңгейі де сақталады.

Ақтөбе облысы

Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман түседі. Шығысында өрт шығу қаупі жоғары, ал батысында, оңтүстігінде және орталығында төтенше деңгейде болады.

Атырау облысы

Облыстың бүкіл аумағында өрт шығу қаупі төтенше деңгейде сақталады. Мұндай ескерту Атырау қаласына да қатысты.

Маңғыстау облысы

Облыстың орталығында шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Өңірде өрт шығу қаупі жоғары, ал орталық аудандарда төтенше деңгейде сақталады. Ақтау қаласында да өрт қаупі жоғары.

Қарағанды облысы

Түнде және таңертең облыстың солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Батысында өрт шығу қаупі төтенше деңгейде сақталады.

Ұлытау облысы

Облыстың батысы мен орталығында өрт шығу қаупі төтенше деңгейде болады. Мұндай ескерту Жезқазған қаласында да жарияланды.

Жамбыл облысы

Таулы аудандарда тұман түсіп, солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде облыс аумағында 3–8 градус үсік жүреді.

Тараз қаласында түнде 5–7 градус үсік күтіледі. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында өрт шығу қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Ақмола облысы

Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде тұман түседі.

Батыс Қазақстан облысы

Облыстың солтүстік-батысында, батысында, оңтүстігінде және шығысында өрт шығу қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Астана қаласы

27 қазанда түнде және таңертең тұман түседі.

Алматы қаласы

27 қазанға қараған түні ауа температурасы 1–3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Қалада өрт шығу қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Шымкент қаласы

27 қазанда қалада өрт шығу қаупі жоғары деңгейде болады.