27 маусым. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 27 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік балық аулау кәсібі күні

1984 жылдың шілде айынан бастап Балық аулауды бақылау және дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның шешімі бойынша жыл сайын аталып өтеді.

Ұсақ, шағын және орта кәсіпорындар күні

Бұл күнді 2017 жылдың сәуірінде БҰҰ Бас Ассамблеясы ресми түрде бекітті. Ондағы мақсат — ұсақ, шағын және орта кәсіпорындардың кез келген елдің экономикасын дамытуға, сондай-ақ тұрақты даму саласындағы мақсаттарға жетуге қосатын маңызды үлесін атап көрсету.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2005 жылы Дүниежүзілік кеден ұйымының Кеден ынтымақтастығы кеңесінің 105-ші және 106-шы сессиясында Қазақстан Дүниежүзілік кеден ұйымы Саяси комиссиясының мүшесі болып сайланды. Дүниежүзілік кеден ұйымы Саяси комиссиясы 1978 жылы құрылған. Оның құрамына Дүниежүзілік кеден ұйымына мүше аса белсенді 17 мемлекет аймақтық негізде екіжылдық мерзімге сайланады. Бұл ұйым бүкіләлемдік кеден жүйесінің қызметі мен даму мәселелерін қарастырады: халықаралық конвенцияларды жаңарту және енгізу, кеден ісі саласындағы басқа да құқықтық амалдарды әзірлейді.

2006 жылы Алматыда Қазақстан мен Ресей Президенттерінің бастамасымен құрылған Еуразия даму банкі өз жұмысын бастады.

2011 жылы Қазақстан Республикасының Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуіне арналған номиналдық құны 1000 теңгелік ескерткіш банкнота шықты.

2011 жылы Елордадағы Президенттік мәдениет орталығының көрмелер залында Ислам тарихы, өнері және мәдениеті зерттеу орталығының ұйымдастыруымен каллиграфия шеберлерінің көрмесі ашылды. Көрмеге қойылған 30-дан астам каллиграфиялық жұмыстың арасында түріктің белгілі каллиграфистері — Ахмед Қарахисари, Махмуд Джалалуддин, Мехмед Әзиз, Мехмед Назиф, т. б. Осман империясы тұсында жазған жазбалары бар. Оларда Құран сүрелері, хадистер көрініс тапқан.

2011 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында режиссерлер, операторлар және сценаристер дайындайтын жоғары курстар ашылып, оны бітіргеннен кейін диплом беріледі.

2012 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ша Цзункан Қазақстан Республикасының делегациясына «For the Second Best Experience on E-Participation Worldwide» жазуы қашалған награданы табыс етті. «Е-қатысу» (Е-participation) индексі бойынша бірінші орынды Оңтүстік Корея мен Нидерланд, үшінші орынды АҚШ пен Ұлыбритания алды. Қазақстан мен Сингапур екінші орынды бөлісті. Бұл индекс азаматтардың үкіметпен онлайн-байланысының (блог, әлеуметтік желілер, интернет-конференциялар арқылы) мүмкіндіктерін саралау арқылы анықталады.

2013 жылы Алматы облысында Қытайдан келген екі қандас ҚР Президентінің туған күні құрметіне киізден ең үлкен кілем-сырмақ басты.

2013 жылы Қарғалы аудандық ауруханасының хирургы Әлия Қанкелдінің аты «Үздік адамдар» энциклопедиясының «Тұлғалар» айдарына жазылды. «Үздік адамдар» халықаралық энциклопедиясы Қазақстан, Беларусь, Ресей, Украина елдерінің еңбегі сіңген, құрметті тұлғалары, өз кәсібінің табысқа жеткен шеберлері туралы жазады.

2015 жылы Бейжіңде «Цзиньтай» музейінде «Абай оқулары» өтті және ұлы ақын, ойшыл Абайдың 170 жылдығына орай «Белгісіз Қазақстан» фотокөрмесі ашылды.

2016 жылы ультрамарафон-адам Дин Карназес Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы достық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай, Жібек жолының бойымен 525 шақырым жүгіріп өтті. Дин Карназес ұзақ қашықтыққа жүгіретін әлемдегі ең танымал спортшылардың қатарында.

2016 жылы Елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі (халықаралық бакалавриат) Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредиттеу жөніндегі куәлігіне ие болды.

2016 жылы Анкара қаласындағы Гази университетінің доценті, түркітанушы ғалым Джемиле Кынаджи 1925-1991 жылдар кезеңіндегі танымал қазақ жазушыларының шығармашылығын зерттеу қорытындысы бойынша монографиясын жариялады. Дж. Кынаджының «Қазақ әдебиетіндегі болмыс пен бірдейлік» деп аталатын кітабында М. Әуезов, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, Б. Майлин, С. Ерубаев, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Кекілбаев және М. Мағауин секілді қазақ жазушыларының романдарына талдау жасалған.

2018 жылы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі Жібек жолындағы бейнелеу өнерлері музейлерінің Халықаралық альянсына кірді. Альянс «Бір белдеу, бір жол» елдері арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тұғыры болды. Альянс Қытай астанасында құрылды. Оның ашылу рәсіміне 18 елдің музейлерінің қызметкерлері қатысты.

2018 жылы Қазақстанда жолбарыстар санын арттыруға арналған Іле-Балқаш резерваты ресми түрде құрылды. Резерват 415 мың гектар ауданды алып жатыр. Ол Қазақстанның алтыншы қорығы болды.

2021 жылы Қарағанды ​​қаласындағы Республика даңғылы бойындағы № 4 үйге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Мағауия Сембайдың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Журналист бұл үйде қырық жылдан астам тұрыпты.

Мағауия Сембай — С. Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетінің түлегі. Соңғы 20 жыл бойы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы болды. Оның осы газеттегі жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асады.

2022 жылы Қарағандыда қаңтар оқиғасында қаза тапқан Ұлттық гвардия сарбазы Мадияр Қайсаровтың құрметіне ескерткіш тақта ашылды. Ескерткіш тақта сарбаздың тұрған үйінің қабырғасына орнатылды.

2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласындағы марапаттар мен гранттарды табыс етті және тілшілерді БАҚ қызметкерлері күнімен құттықтады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында қазақстандық журналистермен кездесті. Ол БАҚ қызметкерлерін құттықтап, интернет кеңістігінде ақпараттық қамтуды дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттар табыс етті.

2024 жылы ҚР Парламентінің Сенаты «Жылу энергетикасы туралы» Заңды қабылдады. Жаңа заң мемлекеттік бақылауды енгізіп, оны тексерулер мен тергеулердің жаңа түрлерімен күшейтіп, жауапкершіліктерді қайта бөледі: жылу энергиясын өндіру және тасымалдау функциялары Энергетика министрлігіне, жылумен жабдықтау жүйелері мен жаңа желілердің құрылысына Индустрия және құрылыс министрлігіне, ал тарифтік реттеуге жауапты Ұлттық экономика министрлігіне жүктеледі. Ұзақ мерзімді және орта мерзімді даму жоспарлары енгізілді.

Соңғы жаңалықтар