27 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 27 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

27 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

27 маусым, ЖҰМА Джибути Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Джибути - Африканың солтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Шекарасы Эфиопиямен, Сомалимен және шығысында Аден шығанағымен шектеседі. Әкімшілік жағынан 5 округке бөлінеді. Астанасы - Джибути қаласы. Ресми тілдері - француз және араб тілдері. Ақша бірлігі - джибути франкі. Елді Президент басқарады. Заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Депутаттар палатасы. Бүкіләлемдік балықшылар күні. 1984 жылдың шілде айынан бастап Балық аулауды бақылау және дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның шешімі бойынша жыл сайын атап өтіледі. Тәжікстанның ұлттық бірлігі күні. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы 7 қаңтарда орнатылды. Өзбекстанда баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. 1994 жылдан бері жыл сайын атап өтіліп келеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 9 жыл бұрын (2005) Дүниежүзілік кеден ұйымының Кеден ынтымақтастығы кеңесінің 105-ші және 106-шы сессиясында Қазақстан Дүниежүзілік кеден ұйымы Саяси комиссиясының мүшесі болып сайланды. Дүниежүзілік кеден ұйымы Саяси комиссиясы 1978 жылы құрылды. Оның құрамына Дүниежүзілік кеден ұйымына 17-ден аса белсенді мүше мемлекеттер аймақтық негіз ретінде екі жылдық мерзімге сайланады. Бұл ұйым бүкіләлемдік кеден жүйесінің қызметі мен даму мәселелерін қарастырады: халықаралық конвенцияларды жаңарту және енгізу, кеден ісі саласындағы басқа да құқықтық амалдарды әзірлейді. 8 жыл бұрын (2006) Малайзияда Елбасының «Сындарлы 10 жыл» кітабының малай тіліндегі аудармасының таныстырылымы болды. 8 жыл бұрын (2006) Алматыда Қазақстан мен Ресей Президенттерінің ұйымдастыруымен құрылған Еуразия даму банкі өз жұмысын бастады. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда «Домбыра» деп аталатын жаңа журнал жарық көрді. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығады. Музыка саласында қазақ тілінде алғаш рет шығып отырған бұл журнал ұлттық музыка өнерін, әдебиеті мен тарихын, философиясы мен психологиясын, педагогикасын насихаттаумен қатар, олардың рухани астарлары осы бір киелі аспап үнімен байланысты екенін жеткізуді көздейді. 5 жыл бұрын (2009) Парижде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы және Францияның Ұлттық әкімшілік мектебі арасында меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты өзара ынтымақтастықта тәжiрибе алмасу, қайта даярлау және мемлекеттiк билiк, мемлекеттiк басқару және жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың органдарға арналған кадрларының бiлiктiлiгiн жоғарылатуларымен шұғылданатын оқу орындардың оқу, әдiстемелiк, ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету саласын қайта жаңғырту болып табылады. 3 жыл бұрын (2011) Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуіне арналған номиналдық құны 1000 теңгелік ескерткіш банкноты шықты. 2 жыл бұрын (2012) ҚР Ішкі істер министрлігі өзінің 20 жылдығына орай «Естелік кітабын» жарыққа шығарды. Оның мақсаты қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің есімдерін мәңгі есте қалдыру болды. 28 бөлімнен құралған кітапта олардың өмірбаяндары, ерлік істері баяндалып, фотосуреттері берілген. 2 жыл бұрын (2012) БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ша Цзункан Қазақстан Республикасының делегациясына «For the Second Best Experience on E-Participation Worldwide» деген жазу қашалған награданы табыс етті. «Е-қатысу» индексі бойынша бірінші орынды Оңтүстік Корея мен Нидерланды, үшінші орынды АҚШ пен Ұлыбритания алды. Қазақстан мен Сингапур екінші орынды бөлісті. Бұл индекс азаматтардың үкіметпен онлайн-байланысының (блоктар, әлеуметтік желілер, интернет-конференциялар арқылы) мүмкіндіктерін саралау арқылы анықталады. ЕСІМДЕР 95 жыл бұрын (1919-1952) домбырашы, күйші, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі АХМЕТОВТемірбек дүниеге келді. Ол 1937-1952 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің домбырашысы болған. Оның «Жетім бала», «Екпін», «Терісқақпай», «Шернияз» атты күйлері бар. Композитор күйлерінің ерекшелігі көбінесе квинта бұрауында (теріс бұрау) орындалады. 89 жыл бұрын (1925) жазушы ШІЛТЕРХАНОВ Әбдіһам дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында туған. Алматы ауылшаруашылық институтын (Қазақ ұлттық аграрлық университет) бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бәйдібек ауданы мектебінің мұғалімі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Красная Нива» ұжымшарының төрағасы, Отырар ауданындағы «Арыс» ұжымшарының директоры, ауданға тұрмыстық қажетті өтеу комбинатының директоры қызметтерін атқарған. «Үш бәйтерек», «Ақ жалдың ақыры», «Аталы сөздер», «Сәттар Ерубаев» атты кітаптардың авторы. І дәрежелі Отан соғысы орденімен, медальдармен марапатталған. 56 жыл бұрын (1958) музыкант, орындаушы, «A'Studio» тобының жетекшісі СЕРКЕБАЕВ Байғали дүниеге келді. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген. «Арай» тобы ұжымында белгілі қазақ әншісі Роза Рымбаеваны сүйемелдеуші болды. 1982 жылы «Арайдың» барлық музыканттары тарап кетті, ал Роза Байғалиға жаңа топ жасақтауды және оны басқаруды ұсынды. Жаңа топ та бұрынғы «Арай» атауында қалды, кейіннен «Алматы-Студио» деп аталды, одан әрі «A'Studio» аталды. Қазіргі кезде өз ұжымына, «A'Studio» тобына және басқаларына продюсерлікпен айналысады. 90-шы жылдардың басында режиссер Алексей Берковичпен «А-Студио» туралы «Джулия» музыкалық фильмі түсірілді, оған музыканттардың өздері қатысты. 54 жыл бұрын (1960) жазушы ІЗІМҰЛЫ Мақсот дүниеге келді. Атырау облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Батыс Қазақстан облысы «Орал өңірі» газетінің, республикалық «Зерде» журналының, «Ана тілі» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, «Теміржолшы - Железнедорожник», «Аруана» газеттерінің және «Жалын» журналы бас редакторының орынбасары, бас редакторы, бөлім редакторы, «Қазақ энциклопедиясы» редакциясының бөлім меңгерушісі, «Арыс» баспасының бас редакторы қызметтерін атқарған. Алғашқы өлеңдері 1973 жылы республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған. «Аяқталмайтын әңгіме» атты кітаптың, «Бедеріндей кестенің» әңгіме-повесть жинақтарының авторы.

43 жыл бұрын (1971) Павлодар қаласының әкімі БАҚАУОВ Болат Жұмабекұлы дүниеге келді. Павлодар облысының Железин ауданында туған. Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, Халықаралық бизнес академиясын бітірген. 1993-1996 жылдары - «Әділет» шағын кәсіпорнының директоры. 1996-1998 жылдары - «Бақауов» ұжымдық шаруашылығының басшысы. 1998-2007 жылдары кәсіпкерлікпен шұғылданған. 2007-2008 жылдары - «Толымбек» ұжымдық шаруашылығының директоры қызметтерін атқарған. 2003-2008 жылдары Павлодар облыстық мәслихатына депутат болып сайланған. 2008-2011 жылдары - Қашыр ауданының әкімі. 31 жыл бұрын (1983) кәсіпқой боксшы ДЕМЬЯНЕНКО Виталий Викторович дүниеге келген. WBA, WBC және WBO дүниежүзілік бокс ұйымдарының жартылай орташа салмақтағы үздік боксшыларының ондығына кіреді; Паназиялық бокс ұйымының (РАВА) нұсқасы бойынша РАВА атағын қатарынан 8 рет қорғағаны үшін суперчемпион атағының иегері (2010); РАВА нұсқасы бойынша 2007 жылдың үздік боксшысы; WBO Asia-Pacific және WBC Asian Council нұсқалары бойынша чемпион белдіктерінің иегері.