2,7 мың бұлақ есепке алынды: Қазақстан жер асты су қорын түгендеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жер асты су қорын түгендеу жұмыстары күшейтілді. Мамандар 2,7 мыңнан астам бұлақты бірыңғай базаға енгізіп, қосымша 711 әлеуетті су көзін анықтады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Су ресурстары және ирригация министрлігінің жанынан «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі қайта құрылды. Қазіргі таңда мамандар бұлақтарды түгендеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай деректер базасын қалыптастыруда. Архивтік материалдар негізінде 2,7 мыңнан астам бұлақтың орналасқан жері базаға енгізілді, сондай-ақ қосымша 711 әлеуетті су көзі анықталды.
Жерүсті және жерасты сулары туралы мәліметтерді біріктіру үшін Water Base ақпараттық жүйесі құрылды. Сонымен қатар 2027–2040 жылдарға арналған жер асты суларын кешенді пайдалану және басқару тұжырымдамасы әзірленуде. Құжат оларды игеру, елді мекендер мен экономика салаларын сумен жабдықтау үшін пайдалану, сондай-ақ қорларды сақтау тәсілдерін айқындауға тиіс.
Айта кетейік, «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 94 бұлақ пен 62 су нысаны тазартылды.