27 наурыз. Туған күн иелері
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 27 наурызда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
62 жыл бұрын (1957) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы МҰТАНОВ дүниеге келді. Семей облысының Жарма ауданы, Белтерек ауылының тумасы. 1979 жылы Қазақ политехникалық институтын "Автоматика және телемеханика" мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек қызметін Рудный индустриялық институтында бастады. Мәскеу болат және қорытпалар институтының «Түсті және сирек металдардың технологиялық үдерістерін автоматтандыру» кафедрасында екі жылдық ғылыми сынақ мерзімінен өтті. Мәскеу мемлекеттік кен университетінің «Автоматтандырылған басқару жүйелері» кафедрасында аспирантура мен докторантурада оқыды. Оның кандидаттық және докторлық диссертациялары жасанды ақыл-парасат элементтерін қолданып, технологиялық үдерістерді автоматтандырып басқару теориясы мен практикасына арналған. 1995 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. 2002 жылы Ғ.Мұтанов ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі лауазымында жұмыс істеді. 2003 жылғы шілде айында - Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры болып тағайындалды.
Ғ.Мұтанов 10 халықаралық академиялардың академигі болып табылады. Ол әлеуметтік-экономикалық үдерістер аясындағы тақырыптарға жазылған 400-ден артық ғылыми жарияланымның, соның ішінде 10 монографияның, оқулықтардың, оқу құралдарының, әдістемелік әзірлемелердің авторы. Сондай-ақ 35-тен астам патенттің, өнертабыстың авторы.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, «Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен , «ҚР Президентінің ерекше белгісі», «Қазақстан Республикасының халыққа білім беру үздігі», «Қазақстан Республикасының құрметті білім беру қызметкері», «ҚР-ның құрметті инженері» төсбелгілерімен марапатталған.
2010 жылы 7 қазанда Мемлекет басшысының Өкімімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болып тағайындалды.
53 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Серік Ахашұлы ӘБДІРАХМАНОВ дүниеге келді. Сенаттың 2014 жылғы 30 мамырдағы № 402- V СП қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болып сайланды. Судья қызметіндегі еңбек өтілі 15 жылдан асады.
40 жыл бұрын (1979) спорт шебері, ауыр атлетикадан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Бақыт Бейсенбекұлы АХМЕТОВ дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 2000-2003 жылдары Бусан қаласында өткен ХІV Азия ойындарының чемпионы, Дүниежүзілік универсиада біріншілігінің жеңімпазы, Мәскеуде өткен халықаралық турнирдің қола жүлдегері болған. 2003 жылы жұлқа көтеруден Әлем рекордын жаңартқан. 2004 жылы Афины қаласындағы, 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарына қатысқан.
39 жыл бұрын (1980) «Бәйтерек девелопмент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әділбек Батырұлы ЫСҚАҚ дүниеге келді.
Қостанай облысының Арқалық қаласында өмірге келген.
1997 - 2002 жылдары Алматы технологиялық университетінде, 2002 - 2004 жылдар Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институтында білім алған.
2004 - 2005 жылдар - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жанындағы «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ-ның консультанты. 2005 жылғы наурыздан қыркүйекке дейін - «Ордабасы Корпорациясы» АҚ маркетинг және логистика басқармасының менеджері. 2005 - 2006 жылдар - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жанындағы «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталық» АҚ-ның бас консультанты. 2006 - 2007 жылдар - ҚР Инудстрия және сауда министрлігінің жанындағы «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ экономикалық талдау департаментінің директоры, Корпоративтік даму басқармасының бастығы. 2007 - 2008 жылдар - ҚР Инудстрия және сауда министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары. 2008 - 2009 жылдар - «Қазақстан Республикасы Үкіметі және Ұлттық Банкі жанындағы Ұлттық талдау орталығы» АҚ-да жобалар менеджері. 2009 - 2011 жылдар - «НұрОтан» Халықтық-Демократиялық Партиясы ҚБ Инновациялық комитет төрағасының орынбасары, орталық аппарат. 2011 - 2014 жылдар - «TechConsultPlus» ЖШС директоры. 2014 жылғы маусымнан бері - «Бәйтерек девелопмент» АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі.
2015 жылғы қаңтардан бері - «Бәйтерек девелопмент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.