27 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 27 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

27 СӘУІР, СЕНБІ

Сьерра-Леоне Республикасының Ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні (1961). Сьерра-Леоне - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі және шығысында Гвинеямен, оңтүстік-шығысында Либериямен, батысы Атлант мұхитымен шектесіп жатыр. Астанасы - Фритаун қаласы. Ақша бірлігі - леоне. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Әкімшілік жағынан 3 провинцияға және батыс облысына бөлінеді. Елді 5 жылға сайланған президент басқарады. Жоғары атқарушы органы - Үкімет. Жоғары заң шығарушы органы - Өкілдер палатасы.

Того Республикасының Ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні (1961). Того - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Буркина-Фасомен, батысында Ганамен, шығысында Бенин Республикасымен шектеседі. Оңтүстігінде Гвинея шығанағымен шайылып жатыр. Астанасы - Ломе қаласы. Ақша бірлігі - франк. Мемлекеттік тілі - француз тілі. Мемлекет 5 облысқа бөлінеді. Елді 5 жылға сайланған президент басқарады. Жоғары атқарушы органы - Үкімет. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Ұлттық жиналыс.

Оңтүстік Африка Республикасының Ұлттық мерекесі - Бостандық күні (1994). 12 жыл бұрын елде алғаш рет демократиялық сайлау өтті. Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Африка Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 5-де орнатылды.

Одақтық Югославия Республикасының Ұлттық мейрамы - Одақтық Югославия Республикасының күні (1992). Одақтық Югославия Республикасы Еуропаның оңтүстігіндегі мемлекет. Ресми тілі - сербия-хорватиялық тілі. Астанасы - Белград. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы органы - 2 палаталы одақ (Азаматтар вечесі және Мемлекет вечесі).

Қазақстан Республикасы мен Одақтық Югославия Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылдың 10 желтоқсанында орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒЛАР

19 жыл бұрын (1994) Алматыда «Абылай хан» қоры құрылды. Қор төрағасы болып Шота Уәлиханов сайланды.

17 жыл бұрын (1996) Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының президенттері Каспий жөніндегі мәлімдемеге қол қойды. Іс-қағазында Каспий теңізіндегі мұнай-газ ресурстарын барлаудағы және өңдеудегі Қазақстанның құқығын мойындаған Ресей осы салада ынтымақтастыққа дайын екенін білдіреді.

15 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттік құрылды.

7 жыл бұрын (2006) «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының аумағында «Өсімдіктер дүниесі» сериясымен «Қара сексеуіл» атты кезекті маркасын айналымға енгізді. Сексеуіл - биіктігі 10 метрге дейін жететін, бұжырлы, қалың, жуан, бұтақтары көп діңді, жапырақтары толығымен ширатылмаған ағаш. Тақырлы сор жерлерде, құмның арасында, сұр топырақта өседі. Торғай, Арал, Қызылорда, Бетпақдала, Мойынқұм, Балқаш және Алакөл өлкелерінде кездеседі.

18 жыл бұрын (1995) Алматыда елдегі алғашқы бес жұлдызды «Рахат-Палас» мейманханасы құрылысының аяқталуы салтанатты түрде атап өтілді. Жаңа мейманхана кешенінде жоғары дәрежелі қонақ үйде болуға тиісті мейрамхана, дүкендер, бизнес орталығы, конференция залдары, арнайы клубтарға арналған бөлмелер, жабық жүзу бассейні бар.

13 жыл бұрын (2000) Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азияның экономикаларына арналған Арнаулы Бағдарламасын (СПЕКА) таныстыру рәсімі болды. Оған Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, БҰҰ-ның Еуропалық Экономикалық Комиссиясының (ЕЭК), сондай-ақ БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхит өңіріне арналған Экономикалық және Әлеуметтік Комиссиясының (ЭСКАТО) делегациялары қатысты. Президент Н. Назарбаев бастамашысы болған бұл іс-шараның басты мақсаты - Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық даму қарқынын және Еуропа мен Азияның экономикасына кірігуін жеделдету мақсатында олардың арасындағы ынтымақтастықты нығайта беру. Бағдарламаны таныстыру рәсімінде ұйымдастыру кезеңінің қорытындысы шығарылып, таяудағы жылдары оны іске асырудың нақтылы іс-шаралары белгіленді. Басқосуға қатысқандар СПЕКА, ЕЭК және ЭСКАТО-ға қатысушы елдерге Бірлескен мәлімдеме қабылдап, сонымен Бағдарламаның мақсаты мен міндеттеріне ықыластылық қуатталды.

6 жыл бұрын (2007) Есеп комитетінің төрағасы мен Польшаның Жоғарғы бақылау палатасының президенті ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.

Келісімде талдама, методологиялық ақпарат саласында қаржылық бақылау бойынша екі елдің мамандарының тәжірибе алмасуы және кәсіби оқыту мәселелері қамтылған.

6 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстанның танымал ғалымы, экономика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгеловтің «Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы: нарықтық реформалардың тарихы» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітапта социалистік жүйенің, КСРО құлдырауының өте маңызды себептері ашылған, нарықтық экономикаға өткен кезең туралы ашып айтылған. Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңі және ұлттық валютаны енгізген жағдайлары жазылған.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1938) жазушы, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері ШАВАЕВ Шаим дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны, Алматы өнер институтын бітірген. Республикалық мемлекеттік ұйғыр театрында актер, кейін режиссер болып істеген. 1978-1982 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, ұйғыр әдебиеті секциясының меңгерушісі. 1983-1990 жылдары - Қазақ театр қоғамының аға кеңесшісі, «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы. 1990 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1977 жылы «Кестелі тақия» атты повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрген. Республикалық ұйғыр театры сахнасында «Сенің қара көздерің» атты музыкалық драмасы, «Ағам үйленді» комедиясы, «Билал Назим», «Күнәсізге бес айып» драмасы қойылған. Көркем аударма саласында М.Әуезовтың «Қилы заман» романын, «Айман-Шолпан» драмасын, С.Мұқанов «Аққан жұлдыз» романын, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз-Жібегін», Ш.Айтматовтың «Ақ кемесін», Шекспир, Мольер, М.Горький, Шолохов, Шукшин, Р.Ибрагимбеков, С.Шәймерденов, Қ.Тұрсынқұлов, Иран-Ғайып, т.б. ақын-жазушылардың шығармаларын ұйғыр тіліне тәржімалаған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1958) ақын ЖҰБАТОВА Шәмшия дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Атырау облысы, Новобогат аудандық «Нарын таңы» газетінде, «Ана тілі» газетінде, «Жалын» альманахында қызмет еткен. 1977-1985 жж. «Бастау», «Балауса», «Жетіген» («Жалын») ұжымдық жинақтарына өлеңдері енген. 1995 жылы осы баспадан «Махаббат кітабы» атты жеке жинағы жарық көрген.

84 жыл бұрын (1929) жазушы, аудармашы ШАНШАРОВ Айтбай дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, «Қазақстан» баспасында редактор, аға редактор, Қазақ совет энциклопедиясында аға редактор қызметтерін атқарған. Қаламгердің балаларға арналған кітапшалары жарық көрген. Көркем аударма саласында Л.Толстойдың, И.Мележдің, П.Вежиновтың, С.Вангелидің роман, повестерін аударып, жеке кітап етіп бастырған.

138 жыл бұрын (1875-1962) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері БЕЗСОНОВ Андрей Иванович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Нижний Новгород қаласында туған. Санкт-Петербор университетін бітірген.

1938-1951 жылдары КСРО Ғылым Академиясы Топырақтану институтының Қазақ филиалының сектор меңгерушісі, Қазақстан Ғылым Академиясы Топырақтану институты директорның ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

Негізгі еңбектері топырақтану мәселелеріне арналған. Орталық Қазақстан, Ертіс аймағы, Сырдария, Тянь-Шань, Алтай аймақтарының топырақ жамылғысын зерттеуге қатысты. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Жетісу (Жоңғар) Алатауындағы бір шың мен мұздық Андрей Безсонов есімімен аталады.

58 жыл бұрын (1955) философия ғылымдарының кандидаты, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы ОМАРОВ Жанай Сейітжанұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.

1980-1986 жылдары - Қазақ политехникалық институтының оқытушысы, аға оқытушы, доцент. 1986-1989 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы қоғамдық ғылымдар оқытушыларының біліктілігін арттыру институты кафедрасының меңгерушісі. 1989-1991 жылдары - Қазақстан Білім беру министрлігі қоғамдық ғылымдарды оқыту бас басқармасының бастығы. 1991-1993 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы Біліктілікті арттыру институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1993-1998 жылдары - «Трейдинг Сервис» компаниясының бас директоры, «Емшан» акционерлік қоғамының бас директоры. 1998-1999 жылдары - Алматы қалалық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы, «Имидж-Успех» ақпараттық-талдау орталығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Бұқаралық ақпарат құралдары департаментінің директоры. 2001-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі, Жұртшылықпен және баспасөзбен байланыс бөлімінің меңгерушісі. 2004-2007 жылдары - «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті. 2007-2008 жылдары -«Kazakhstan today» агенттігі» ЖШС баспа үйінің бас директоры, «Мы выбираем Караван - Караван выбирает нас» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 2008-2011 жылдары - «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтой медалімен марапатталған.

47 жыл бұрын (1966) суретші, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, 2-ші республикалық «Шабыт-Миллениум» фестивалінің лауреаты СМАҒҰЛОВА Ақтоты дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы мемлекеттік көркем-театр институтын (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген. Оның қолынан шыққан өнер туындылары АҚШ, ТМД, Германия, Швейцария, Франция, Түркия, Корея, т.б. мемлекеттердің жеке коллекционерлерінің қолында. Сондай-ақ республикалық, халықаралық және шетелдік көрмелерге қатысқан. «Томирис», «Түс», «Айсұлу», «Суқұйғыш», т.б. шығармалардың авторы.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясын иеленген.

60 жыл бұрын (1953) Екібастұз қаласының әкімі ВЕРБНЯК Александр Фёдорович дүниеге келді.

Краснодар өлкесінде туған. Алматы политехникалық институтын және Павлодар университетін инженер-механик және менеджмент магистрі мамандықтар бойынша бітірген.

Еңбек жолын Пенза облысында қатардағы инженер болып бастады. Орынбор сүт өнеркәсібі өндірістік бірлестігінде инженер, өндіріс шебері, «Радиатор» зауытында шебер, «Орынборэнергострой» тресінің құрылыс басқармасында слесарь, Екібастұз қалалық партия комитетінде нұсқаушы болды. 1986-1995 жылдары - Екібастұз сүт зауытында, Павлодар сүт комбинатында директор, «Сүт» АҚ президенті. 1995-1997 жылдары - Павлодар қаласы әкімінің бірінші орынбасары. 1977-2001 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2001-2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2010 жылғы қарашадан бері.

«Құрмет» (2004) орденімен; «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған.

86 жыл бұрын (1927-1999) кеңестік актер, режиссер, РСФСР еңбек сіңірген әртісі МОРГУНОВ Евгений Александрович дүниеге келді.

80 жыл бұрын (1933) кеңестік және ресейлік педиатр және хирург, «Әлемнің балалар дәрігері», қоғам қайраткері РОШАЛЬ Леонид Михайлович дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар