27 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 27 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

27 желтоқсан. СӘРСЕНБІ.

Қырғызстанның төлқұжат-виза қызметкерлерінің күні

1932 жылғы 27 желтоқсанда Орталық атқарушы комитет пен КСРО Халық Комиссарлар Одағы «КСР Одағына Бірыңғай төлқұжат жүйені бекіту туралы» Қаулы қабылдады және оған сәйкес төлқұжатта міндетті түрде тіркеу болу керек. Осы уақыттан бастап төлқұжат-виза қызметінің құрылған күні деп есептеледі. 2006 жылғы 30 мамырда Қырғызстан Республикасы Президентінің Қаулысымен төлқұжат-бұрыштама департаменті құрылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1924 жылы Семейде Орыс географиялық қоғамының Абайды еске алуға арналған мәжілісі және қалалық театрда ұйымдастырған кеші өтті. Кеште Мұхтар Әуезов Абай шығармашылығы туралы баяндама жасады.

2005 жылы Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Орталық мұз айдынының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламентінің 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль бекітілді. Мерейтойлық медаль қазақстандық парламентаризмнің дамуы мен орнығуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтарын және шетел азаматтарын көтермелеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің 10 жылдығын атап өту мақсатында белгіленген.

2007 жылы Ақтөбеде КСРО халық әртісі, композитор Ғазиза Жұбанованың (1927-1993) ескерткіші ашылды.

Ескерткіш оның есімімен аталатын облыстық филармония ғимаратының алдындағы алаңда орнатылды. Жобаның авторлары - мүсіншілер, ҚР Суретшілер одағының мүшелері Жәдігер Кенбай, Марат Ғабдырахманов, Ахмет Құбай. Ескерткіштің биіктігі - 4,5 метр.

2009  жылы Өскеменде «Жасыл желі» жаңа жылыжайы ашылды.

Жаңа жылыжай 1000 шаршы метрден астам аумақты алып жатыр. «Жасыл желі» өнімдері бүгінгі таңда қаланың 30 сауда нүктесінде сатылуда.

2009 жылы Қарағанды облысының Балқаш қаласында «Ер Төстік» жаңа балабақшасының ашылу салтанаты болып өтті.

Балабақшада балалардың рухани және салауатты дамуына барлық жағдай жасалып отыр, гимнастика, ән-күй залдары, мектепке дайындық сыныптары бар.

2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бейжің Қаржы және экономика Орталық университетімен ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжаттарға қол қоюдың негізгі мақсаттары - университеттерде ғылыми, ғылыми-техникалық және ғылыми-әдістемелік шараларды бірлесіп өткізу, бірлескен жобаларды іске асырып, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік қызметті дамыту үшін ақпарат, тәжірибе, білім алмасу.  

Тараптар дипломдық және диссертациялық зерттеулер, машықтану және тәжірибе алмасу үшін студенттер, магистранттар, PhD докторларымен академиялық алмасуды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлді.

2011 жылы ҚР Ұлттық банкі еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған монетаның үздік дизайны бойынша байқауын аяқтады.

Үздік идеяларды іздеу және қолдау, ұлттық валюта - теңгенің беделін нығайтуға бағытталған «Менің Қазақстаным» байқауы екі аталым: «Ұлттық тиын» және «Балалар тиыны» тақырыбымен өтті.

Байқауға бүкіл Қазақстаннан 600-ден астам жоба келіп түскен. «Ұлттық тиын» аталымында тек кәсіби дизайнер мен суретшілер ғана емес, әуесқойлар да қатысты. Байқауға мектеп оқушылары, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және шығармашылық ұжымдар қызығушылық танытты.

«Балалар тиыны» аталымында бірінші орынды алматылық Әдемі Хасенова иеленді. Ұлттық банк басшысы Григорий Марченко оған 500 000 теңге көлеміндегі чекты табыстады.

Екінші орынды оралдық Әминат Серікова алса, үшінші орынды Өскеменнен Мира Жанахметова иеленді.

«Ұлттық тиын» аталымында байқау комиссиясы бірінші орынды тағайындамауды шешті. Екінші орынды алматылық Қанат Кенжин мен Щучинск қаласынан келген Сабыржан Мақашев өзара бөлісті. Алматылық Әдина Жаминова мен Аслан Жаңабаев үшінші орыннан көрінді. Көрермен көзайымы жүлдесіне онлайн-дауыс беру қорытындылары бойынша Мәди Әбілмансұров ие болды.

Екі аталым бойынша екінші орынды иеленген қатысушыларға «Барыс» естелік алтын тиындары табысталды. Үшінші орын мен көрермен көзайымы жүлдесінің иегерлеріне Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған естелік күміс тиындары және «Қазақстан. Сұлулық тартылысы» тұсаукесер альбомдары берілді.

2011 жылы ғаламшардың оңтүстік нүктесінде Қазақстанның Туы желбіреді. Оны қазақстандық экспедицияның мүшелері орнатты. Қазақстандық поляршылар Оңтүстік полюске сегіз күн жүрсе, қайтар жолы бес күнге созылды.  Бұл бірегей сапарынан естелік ретінде поляршылар Астана қаласының әкіміне Мемлекеттік Ту мен Астана туын, сондай-ақ сапарларында бірге ұстаған Конституцияның үлгісін сыйға тартты.

2012 жылы Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚР Президентінің «Алтын сапа» жүлдесінің «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымында лауреат атанды.

2012 жылы қазақстандық делегацияның Корея Республикасына жасаған ресми сапары кезінде Шығыс Қазақстанның әкімшілігі мен оңтүстіккореялық Канвандо провинциясының арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

2012 жылы «Азия Авто» көлік құрайтын зауыт Қазақстанда «Тұрғындар үшін үздік тауарлар» аталымында  №1 өндіруші болып танылды.

Бұл зауыттың екінші жоғары наградасы. 2007 жылы ҚР Президентінің сапа саласындағы жетістіктері үшін тағайындаған «Алтын сапа» жүлдесінің аясында зауыт өндірістік саладағы үздік кәсіпорын аталды.

2012 жылы «Еуразиялық энергетикалық бірлестігі» (ЕЭБ) «Парыз-2012» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі республикалық байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымында лауреат атанды.

Компания салауатты өмір салтын дамыту және қолдау үшін Павлодар облысындағы Ақсу қаласында Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт сарайының құрылысы жобасын ұсынды. Кешенді салуға бір миллиардтан астам теңге жұмсалды.

2012 жылы Шымкенттегі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XVІ сессиясы болып өтті.

Сессияда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін, ұлттық бірлік, мәдениаралық диалог және қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін  Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі» табысталды.

2012 жылы «Соколов-Сарыбай тау-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-ның Қызыл-Жар кенішінде әкті күйдіру бойынша жаңа кешен салынды.

Бұл мақсаттарға бір миллиардтан астам теңге бөлінген, ал жобаның өзі Қостанай облысының Индустрияландыру картасына енгізілді.

2016 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының әскери кафедрасы ашылды. Кафедра ҚР Ұлттық ұланы Әскери институты қабырғасында құрылды.

1945 жылы Халықаралық валюта қорының негізі қаланды. Халықаралық валюта қорын құру туралы шешім валюталық-қаржы мәселелері бойынша БҰҰ Бреттонвуд конференциясында 1944 жылғы 22 шілдеде қабылданды. Бұл үшін келісім негізі әзірленді, оның соңғы нұсқасына 1945 жылғы 27 желтоқсанда 29  мемлекет қол қойды. Бұл күн бүгін де ХВҚ ресми құрылған күні саналады.

1968 жылы Қытай тұңғыш сутегі бомбасын сынақтан өткізді.

1979 жылы Әмин сарайына шабуыл жасалды. Бұл кеңес әскерін Ауғанстанға енгізуге және соғыстың басталуына байланысты алғашқы эпизодтардың бірі. КСРО МҚК арнайы бөлімшесі мен Кеңес әскері Кабул шетіндегі Тәж-бек резиденциясында Ауғанстан президенті Хафизулла Әминнің көзін жою операциясын жүргізді. 

1991 жылы Түрікменстан өз тәуелсіздігін жариялады.

ЕСІМДЕР

114 жыл бұрын (1903-1958) қазақ тілі ғылымының теориясын қалыптастырып, практикамен байланыстырған алғашқы тілші ғалымдардың бірі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі  Сәрсен Аманжолұлы АМАНЖОЛОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1931-1942 жылдары Қазақ педагогикалық институтының оқытушысы, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, Қазақтың ұлттық мәдениетін зерттеу институтының директоры, ғылыми хатшысы, КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалының тіл және әдебиет секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Сол жылдарда қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, жауынгерлер арасында саяси-тәрбие жұмыстарын жүргiзді. Кеңес Одағының батырлары жөнiнде ақпараттар жариялап, қазақ тiлiнде «Қызыл армия үгiтшiсi блокнотының» жауапты редакторы болды. 1946 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі болып істеді.

Ғалым жалпы тіл білімі мен қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалыптастыруда А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов бастаған ғылыми жұмыстарды ілгері жалғастырды. Ол жазған қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламалары ана тілін оқытуды ғылыми жолға қоюға елеулі ықпал етті. Сонымен қатар халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, әдеби тіл тарихын зерттеумен айналысты. «Қазақ диалектологиясының негізгі мәселелері» атты докторлық диссертациясында қазақтың әдеби тілі мен қазақ тілінің диалектілік негізін, оның қалыптасу тарихын, дамуын жан-жақты зерттеді, диалектілердің түркі тілдермен жақындығын, ру - тайпа - халық тілінің байланысын, даму жүйесін анықтады. Оның бұл еңбегі қазақ диалектологиясының, тіл білімінің бір саласы болып қалыптасуына негіз болды. Жалпы тіл біліміндегі синтаксис мәселелерін: сөйлемге берілген анықтамаларды, сөйлем мүшелерінің табиғатын, сөйлеудің синтаксистік құрылымын, сөйлеу мен ойлау арасындағы қарым-қатынасты зерттеді. Ол сөз таптарының сөйлем мүшесі болу шарттары, сөйлемнің элементтері мен дәнекерлері, интонация, оқшау сөздер, шақ пен жаққа қатысты синтаксистік категориялар, құрмалас сөйлемнің пайда болу жолдары, үйірлі мүше жайында тың қорытындылар жасады. Құрмалас сөйлемнің «аралас құрмалас» деген түрін енгізді.

С.Аманжолов қазақ тiлi мен тарихы жөнiнде бiрқатар оқу құралдарын жасады, қазақ жазуын реформалау жобасының авторы болды. Оны аса қызықтырған тағы бір мәселе - Қазақстан жерiндегi тау-тастарға жазылған көне жазулар мен ру таңбалары еді. Оның 200-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрді.

Ғалым алғашқылардың бiрi болып қазақ мақалдары мен жұмбақтарын, «Бөгенбай батыр» жинағын шығарды. Сондай-ақ, қазақ тiлiнiң академиялық түсiндiрме сөздiгiн, қазақ тiлiнiң қазақша-орысша сөздiгiн жасауға басшылық еттi. 1939-1940 жылдары профессордың жетекшiлiк етуiмен қазақ әдебиетiнiң классигi Абай Құнанбаевтың толық шығармалар жинағы басылып шықты.

107  жыл бұрын (1910-1995) әдебиет сыншысы, жазушы, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері   Мұхамеджан Қожасбайұлы ҚАРАТАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтың Тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақ педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Жамбыл педагогикалық училищесінің оқытушысы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы, бас редакторының орынбасары, директоры, Қазақстан Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және тіл институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, Қазақ совет энциклопедиясының бас редакторы болған. 1988 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының бас кеңесшісі болып істеген.

Оның алғашқы күрделі еңбегі - Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы туралы мақаласы. Әдеби жұртшылық арасында үлкен айтыс туғызған бұл поэманың көркемдік-идеялық құны туралы дұрыс талдау жасады. Ғабит Мүсіреповтің «Шұғыла» повесі туралы да оның сол кездегі мақаласы жұртшылық назарын аударды. Мұхамеджан Қаратаев тұтас алғанда қазақ әдебиетінің түрлі мәселелерін қамтыған жеті жүзден астам мақаланың, қырықтан аса кітаптың авторы. Ғалым еңбектерінің негізгі арқауы - қазақ әдебиетінің тарихи жолы мен өсу сатылары, туған елдің топырағынан жаралып, ана сүтімен енген ұлттық дәстүр, оның жаңа сапада қалыптасуы, түр мен мазмұнның біте қайнасып, шеберліктің шыңдалуы. Сонымен қатар көркем әдебиеттің эстетикалық мұраты жөнінде де толымды пікірлер айтты. Көркем шығармашылықпен де шұғылданды. Оның «Даладағы дабыл» атты көркем публицистикалық романы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Ол көркем аударма саласына да елеулі еңбек сіңірді. М.Горькийдің «Менің университетім», М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының 3 кітабын қазақ тіліне тәржімалады. Сондай-ақ көркем аударма теориясын дамытуға қызу ат салысып, қазақ әдебиетін орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударудың негізгі мәселелері жайында сүбелі еңбектер жазды. Көптеген оқулықтардың авторы, хрестоматиялардың құрастырушысы. 6 томдық Қазақ әдебиеті тарихының үш томының, орыс тілінде шыққан Қазақ әдебиеті тарихының кеңестік дәуіріне арналған томының бас редакторы және негізгі авторларының бірі.

Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Халықаралық әдебиет сыншылары қауымдастығының мүшесі, екі мәрте Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында 2010 жылдың қыркүйек айында белгілі публицист, әдебиет сыншысы, жазушы Мұхамеджан Қаратаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойы атап өтілді.

104  жыл бұрын (1913-1999) актер, Қазақстанның халық әртісі  Шахан Әлімханұлы МУСИН  дүниеге келді.

Павлодар облысының Май ауданында туған. Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Семей облысы Бесқарағай ауданындық атқару комитетінің хатшысы, Семей облыстық қазақ драма театрының, Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, Қазақ академиялық драма театрының актеры болған. Осы театрлар сахнасында Бидахмет (І.Жансүгіров «Кек»), Арыстан, Есен (М.Әуезов «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек»), Әбіш (Б.Майлин «Шұға»), Ақан (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты»), Сырым (М.Әуезов «Қарагөз»), Айдар (М.Әуезов, Л.Соболев «Абай»), Махамбет (Ғ.Сланов «Махамбет»), Сапар (Т.Ахтанов «Сәуле»), Әлжанов (А.Жағанов «Беймаза әйел»), Дзержинский (А.Каплер «Ленин 1918 жылы»), Әпенде (Н.Хикмет «Әпенде»), Моцарт (А.Пушкин «Шағын трагедиялар»), Телегин (А.Чехов «Сүйікті менің апатайым») рөлдерін ойнаған. Ақындық өнермен айналысып, көптеген өлеңдер жазған. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. Актер киноға да түсіп, Рүстемов («Бұл Шұғылада болған еді»), Сапаров («Біз осында тұрамыз»), Баймағанбет («Шоқан Уәлиханов»), Профессор («Ұлан»), Ректор («Қосымша сауда»), Төле би («Жаушы») рөлдерін ойнаған.

Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

102  жыл бұрын (1915-2006) көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының, Жаратылыстану Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты Әбілқас Сағынұлы САҒЫНОВ дүниеге келді.

Павлодар облысы Баянауыл ауданы Баянауыл кентінде туған. Қарағанды тау-кен техникумын, Днепропетровск тау-кен институтын бітірген.

Еңбек жолын «Прибалхашстрой» тресінің Өспен руднигінде моторист болып бастаған. 1939-1948 жылдары - Қарағанды көмір бассейндерінде учаске бастығы, бас инженер, шахта бастығы, техникалық бөлімінің меңгерушісі. 1948-1951 жылдары - Қарағанды ауданы мемлекеттік қалалық техникалық қадағалау басқармасының бастығы, «Қарағандыкөмір разрездері» тресінің бас инженері. 1951-1955 жылдары - Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу көмір институты Қарағанды филиалының директоры. 1955-1958 жылдары - Қарағанды тау-кен институтының ректоры. 1958-1987 жылдары - Қарағанды политехника институтының ректоры, кафедра меңгерушісі. 1987-1991 жылдары - Қарағанды политехника институты ректорының кеңесшісі. 1991-2001 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Жер қойнауын кешенді игеру мәселелері институтының директоры. 2001-2006 жылдары Қарағанды бизнес, басқару және құқық университетінің президенті қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері көмір қабаттарын қолайлы жүйелермен өндіруге, тау-кен техникасын кемелдендіруге, жер асты құрылыстарының беріктігін зерттеуге, шахта алаңдарын аршу және дайындау сұлбаларын жетілдіруге арналған. Пайдалы қазбалар орындарын игерудің кешенді механизациясы мен технологиясы ғылыми мектебінің негізін қалаған. Әбілқас Сағыновтың басшылығымен және тікелей қатысуымен Қарағанды көмір бассейнінде алғаш рет кертпешті және үшқабатты қазу, күкіртті газы бар қаттарды қазудың технологиясы, массивті физикалық-химиялық беріктеу, тағы басқа бойынша кешенді тәжірибелік жұмыстар мен өндірістік сынақтар жасалған. «Көмір өндірудің технологиялық есебі процестері» (тең авторлы), «Көмір шахталарының технологиялық схемаларын біріктіру» (тең авторлы), «Қарағанды бассейнінің көмір қабатын әзірлеу мәселелері», «Пластикалық карьер конвейерлерінің есебі және жобалау негіздері» (тең авторлы), «Мәшиненің соғу органдарының гидроимпульсті жүйесін құрудың теориялық негіздері» (тең авторлы), «Механикалық ұстамдарды жетілдіру және дамыту жолдары» (тең авторлы), «Өткен белестер туралы» еңбектері мен 300-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, оның ішінде монографиялар, авторлық куәліктер мен патенттер бар.

Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, екі мәрте Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Парасат» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

69  жыл бұрын (1948) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмагүл Қуанышбекқызы СОЛТИЕВА дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Заман - Қазақстан» газеттері мен «Балдырған» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақстан әйелдері» журналында бас редактордың орынбасары, бас редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Тырнақалды туындысы «Жібек жолы» атты жас прозаиктердің әңгімелер жинағына енген. «Тастүлек», «Сыпайылық сыры», «Жалғыз бала» кітаптарының авторы. 1991 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің, Қазақстан Журналистер одағы О.Бөкей атындағы сыйлықтарының иегері болған.

68 жыл бұрын  (1949) Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты  Лесбек Тәшімұлы ТӘШІМОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық университетін тәмамдаған. Мамандығы - математик (1971). Екі монография мен жетпістен астам ғылыми-әдістемелік жұмыстың авторы. Бірнеше еңбегі Чехия, Түркия, Ресей, Үндістан, Америка Құрама Штаттарында жарияланған. 2008-2013 жылдары Қожа Ахмет Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті. Қазіргі қызметінде 2016 жылдан бері.


64 жыл 
бұрын (1953) жазушы Темірхан МОМБЕКҰЛЫ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Оңтүстік Қазақстан облысы «Мақтаарал» аудандық газетінің бөлім меңгерушісі, Алматы облысы Талғар аудандық «Алатау жұлдызы» газетінің аудармашысы, «Мектеп» баспасының, Қазақ теледидарының редакторы қызметтерін атқарған. «Қуанышы көп күндер», «Күміс велосипед», «Әдемі қыздың жігіті», «Ғашықтық жөні бір басқа» сынды әңгіме, повесть жинақтарының, «Тағдыр», «Көшетіңнен айналайын» атты публицистикалық кітаптар мен «Босқындар», «Құсшы-Қаражон» радио-пьесалардың авторы. «Талқы» әңгімесі үшін 1992 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты атанған.

41 жыл бұрын (1976) Qazaq Banki директорлар Кеңесінің төрағасы КАРИМУЛЛИН Асқар Амангелдіұлы дүниеге келді.

1997 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2008 жылы Лондонның Сити университетін бітірген.

Жұмыс тәжірибесі: Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жетекші экономисі, бас экономисі (1997-1999 жылдары); Қазынашылық департаментінің директоры, бөлім бастығы, «Қазпочта» АҚ Қаржылық қызмет департаментінің валюталық операциялар және өнімдер бөлімі меңгерушісі, құю бөлімінің бастығы (1999-2004); Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің сақтандыру ұйымдары мен өзге де банктік емес ұйымдарын қадағалау жөніндегі директоры (2004-2006); Уоткинс-Мюнхен синдикатының сақтандыру бойынша брокер (2008-2008); «Самұрық-Қазына Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушы директоры, Көлік және коммуникациялар жөніндегі директоры (2009-2011); «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «БТА Банкі» АҚ (2011-2012); «ҚазЭкспоГарант» экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясы »АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы,« Қазақстанның инвестициялық қоры »АҚ (2011-2012); «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ »АҚ қаржы активтерін басқару жөніндегі директоры (2011-2012); «KZF Service» ЖШС-нің басқарушы директоры, кеңесшісі, «KazFiltr» ЖШС (2012-2014); CITIC-Казына Инвестициялық Қорының директоры (2014-2015); «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары (2014-2015); «Ордабасы Групп» ЖШС Басқарма Төрағасының орынбасары (2015-2016); «Ордабасы Групп» ЖШС бас қаржы директоры, Директорлар кеңесінің мүшесі - «Qazaq Banki» АҚ тәуелсіз директоры (2016 жылдан бастап).

Қазіргі  лауазымында - 2017 жылдың маусымынан бастап.

195 жыл бұрын (1822-1895) француз микробиологы және химик, осы заманғы микробиология мен иммунологияның негізін салушы Луи ПАСТЕР дүниеге келді.

185 жыл бұрын (1832-1898) ресейлік кәсіпкер, меценат, Третьяков галереясының негізін қалаушы Павел Михайлович ТРЕТЬЯКОВ дүниеге келді.

69 жыл
 бұрын (1948) француз киноактері Жерар ДЕПАРДЬЕ (Жерар Ксавье Марсель Депардье) дүниеге келді. 

66 жыл бұрын (1951) Мексиканың 1994-2000 жылдардағы президенті Эрнесто Седильо Понсе де Леон дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар