2700 грант иегері Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-де білім алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 2700 орын бөлінді, пайыздық көрсеткішпен алғанда қазақ және орыс бөлімдері бойынша 70:30 құрайды.

2700 грант иегері Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-де білім алады

499 «Алтын белгі» иегерлері мен 231 халықаралық, республикалық және президенттік олимпиадалар, ғылыми және спорттық жарыс (ел бойынша ең жақсы көрсеткіш) жеңімпаздары Астана төріндегі ұлттық жоғары оқу орнында білім алатын болды, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі.

Оған қоса, Еуразия ұлттық университетін 254 автономды білім беру ұйымдарының түлектері мен 1307 білім беру грантын алуға артықшылық құқығы жоқ тұлғалар таңдады.

Грантқа ауылдық квота бойынша түскендер саны 362 адамды құрады. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 33, І және ІІ топтағы мүгедектерге, бала кезінен мүгедектерге, мүгедек балалар үшін 12 орын бөлінген. Сонымен қатар гранттықтардың ішінде қазақ диаспорасының 30 өкілі де бар.

ЕҰУ-ға тиесілі мемлекеттік білім беру грант санының көбісі техникалық және технологиялық мамандықтар жалпы грант санының 68% құрайды. Республика көлемінде алғанда бұл көрсеткіш мемлекеттің техникалық әрі технологиялық мамандықтарға бөлген грант сандарының 14 пайызын құрайды, бұл салыстырмалы түрде алғанда ең жоғары көрсеткіш болып саналады.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы - 2 орындауының шеңберінде үкіметтік шешімнің негізінде 10 базалық жоғары оқу орындары тізіміне кіреді және «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкциясын өндіру», «Ғарыштық техника мен технологиялар» мамандықтары бойынша болашақ мамандарды даярлауда атсалысып келеді.

Жоғары оқу орын басшылығы биыл студенттік жастардың сапалық құрамына да ерекше көңіл бөлді. Құқықтану, халықаралық құқық, халықаралық қатынастар, экономика, қаржы, есеп және аудит, менеджмент мамандықтары бойынша өту ұпайы 70-тен 80 баллға дейін өсті.