28 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 28 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

28 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

null
28 қазан. ЖЕКСЕНБІ

Халықаралық анимация күні

1892 жылғы 28 қазанда Парижде Эмиль Рейно көрермендерді осы күнге дейін ешкім көрмеген «оптикалық театр» көрінісіне шақырды. Онда талантты өнертапқыш көпшілікке алғаш рет өзінің праксиноскоп аппаратын ұсынды, ол қозғалатын картинкаларды көрсетеді. Осы атаулы күнді анимация киносы дәуірінің басталуы деп санайды. Халықаралық анимация күні Анимация киносының халықаралық одағында (ASIFA - The International Animated Film Association) 2003 жылы бекітілген және қазір дүниежүзінде аталып өтеді.

Чех Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіз Чехословакияның құрылған күні (1918)

Бұл күні 1918 жылы Чехия Чехословакияның құрамында Австро-Венгрия империясынан тәуелсіздігін алған болатын. Ал 1993 жылы Чехия өз алдына бөлек егеменді мемлекет ретінде жарияланған болатын. Чехия - Орталық Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Польшамен, шығысында Словакиямен, оңтүстігінде Австриямен, батысында Германиямен шектеседі. Астанасы - Прага қаласы.

Қазақстан Республикасында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні - Қазақстан кәсіби мерекелері тізіміне 2011 жылдың 20 қазанындағы Республика Президентінің жарлығымен енгізілген өзгерістерден кейін қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіліп келеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ішкі әскері құрылды.

1998 жылы скрипкашы Айман Мұсақожаеваға ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем әртісі» жоғары атағы берілді.

2005 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Қыз Жібек» эпосына - 500 жыл» атты көрме ашылды.

2005 жылы Жазушылар үйінің мәжіліс залында Қытай мен Моңғолиядан келген қандастарымыздың бастамасымен жарыққа шыққан «Үн» атты әдеби журналдың таныстырылымы болды. Мұқабасында Көк бөрі мен Ай бейнеленген журналдың алғашқы санында әдебиетке қатысты сыни пікірлер, жас ақындар өлеңі мен жазушылардың әңгімелері, әлем әдебиетіндегі озық туындылардың қазақшаға тәржімаланған нұсқалары жарық көрген.

2010 жылы Әзербайжан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде Гейдар Әлиев атындағы «Әзербайжан-Қазақстан» республикалық достық қоғамының құрылғанына 17 жыл толуына арналған мерекелік іс-шара болып өтті.

2010 жылы Париждегі Матиньон сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Француз Республикасының Премьер-Министрі Франсуа Фийонмен кездесті. Кездесу барысында экономикалық өзара іс-қимыл жайы, атап айтқанда, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды.

2011 жылы ҚР Ұлттық банкі номиналы 500 теңге «Көшпенділер алтыны» сериясынан «Бұланның басы» күміс монетасын айналымға шығарды. Күміс монета - «Көшпенділер алтыны» сериясының сегізінші монетасы. Оның дизайнына Қазақстан аумағындағы қазба жұмыстары барысында табылған алтын бұйымдардың бейнесі пайдаланылды. 925 сынамалы, салмағы 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы «proof», таралымы - 5 мың дана.  

2014 жылы Дубайда 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Тун Разак және Люксембург Премьер-Министрі Ксавье Беттелмен екіжақты кездесу өткізді.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, индустриялық-инновациялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

2015 жылы Алматыда көрнекті қоғам қайраткері Герольд Бельгерге ескерткіш ашылды.  Кеңсайда қойылған ескерткішті Амангелді Байғаторов басқарған шығармашылық топ жасады.

2015 жылы Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қатысуымен Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына орайластырылып түрік тіліндегі ақын шығармалары топтастырылған кітаптар жарық көрді. Оған түрік және басқа да аты әйгілі қазіргі заманғы шетелдік поэзияның өкілдерінің пікірлері енген.