28 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 28 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
Мүсілім ДАЙЫРБЕКОВ, кеңестік және қазақ стоматолог дәрігері, Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері, КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, денсаулық сақтау саласының үздігі
1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Төле би ауданындағы Георгиевка ауылында дүниеге келген. Алматы медициналық училищесінің стоматология бөлімін, 1967 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын стоматолог дәрігер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1960-1967 жылдары Алматы облысындағы Панфилов және Балқаш аудандық ауруханаларында, Бақанас ауылындағы емдеу бірлестігінде және «Алма-Арасан» шипажайында стоматолог дәрігер болып еңбек етті. 1967-1972 жылдары Алматы қаласындағы стоматологиялық емханада дәрігер-стоматолог қызметін атқарды. 1972-1991 жылдары Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханасының ортопедиялық бөлімін басқарды, бас дәрігердің орынбасары болды. 1991-2000 жылдары Алматы қалалық № 2 стоматологиялық емханасының директоры қызметін атқарды. 2000 жылдан бастап «Шипа-Дент» стоматологиялық клиникасының директоры болды.
Аудандық және қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланды.
Еркін АХИНЖАНОВ, Қазақстанның Оңтүстік Африкадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі
1968 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Алматы шет тілдер педагогикалық институтын бітірген.
Еңбек жолы: 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасында қызмет атқарды. 1995-1997 жылдары Қазақстанның Үндістандағы елшілігінде атташе, үшінші хатшы болды. 1997-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде, Сыртқы істер министрінің хатшылығында, Еуропа және Америка департаментінде, Жалпыеуропалық ынтымақтастық департаментінде және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы департаментінде басшылық қызметтер атқарды. 2009-2012 жылдары Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы, кейін Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары болды. 2012-2014 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Еуропа департаментінің директоры қызметін атқарды. 2014-2018 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде кеңесші-елші, сондай-ақ Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары болды. 2019-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.
Қазіргі қызметін 2023 жылғы қаңтардан бері атқарып келеді.
Алмат ИСМАҒҰЛОВ, Қостанай қаласы әкімінің орынбасары
1979 жылы Ақмола облысы Жарқайың ауданындағы Западный кентінде дүниеге келген. 2000 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2001 жылы Қостанай облысы қаржы департаментінің басқару аппараты, құқық қорғау органдары және қорғаныс кешенін қаржыландыру бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. 2001-2003 жылдары осы бөлімнің бас маман-экономисі, 2003 жылы материалдық өндірісті қаржыландыру бөлімінің бас маманы, 2003-2005 жылдары басқару аппараты, құқық қорғау органдары және қорғаныс кешенін қаржыландыру бөлімінің бастығы болды. 2005-2006 жылдары мемлекеттік органдарды, қорғанысты, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қаржыландыру бөлімінің бастығы, 2006-2008 жылдары Қостанай облысы қаржы департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 2008-2010 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы бастығының орынбасары, 2010-2011 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы жалпы экономикалық мәселелер жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, 2011-2013 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 2013 жылы Лисаковск қаласы әкімінің орынбасары болды. 2013-2015 жылдары Қарабалық ауданының әкімі, 2015-2021 жылдары Лисаковск қаласының әкімі қызметін атқарды. 2021 жылы «Стомед и К» ЖШС бас директоры, 2021-2022 жылдары «№ 1 стоматологиялық клиника» ЖШС бас директоры болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы маусымнан бері атқарып келеді.
Ардана САЙМАҒАМБЕТОВ, Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары
1987 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң колледжін, 2009 жылы «Қайнар» университетін, 2012 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі академиясының магистратурасын бітірген.
Еңбек жолы: 2004 жылы Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарды. Кейін Ақтөбе облысында басшылық қызметтерде жұмыс істеді. 2020-2023 жылдары Ақтөбе облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, 2023 жылы Ақтөбе облысы полиция департаментінің Алға аудандық полиция бөлімінің бастығы болды. 2023 жылы Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
Қазіргі қызметін 2023 жылғы қыркүйектен бері атқарып келеді.
Мұхтар ӘУЕЗОВ, көрнекті қазақ жазушысы, драматург және ғалым
1897 жылы Семей уезі Шыңғыс болысында дүниеге келген. 1915 жылы Семей қалалық училищесін, 1919 жылы Семей мұғалімдер семинариясын, 1928 жылы Ленинград мемлекеттік университетін, 1930 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолы: 1919-1920 жылдары Семей облыстық революциялық комитетінің басқару бөліміндегі бұратана халықтар жөніндегі бөлімшені басқарды. 1920 жылы Семей облыстық революциялық комитетінің бұратана халықтар бөлімінің, Семей губерниялық партия бюросының бұратана халықтар бөлімінің меңгерушісі болды. 1921 жылы Семей губерниялық сотының қазақ бөлімін басқарды, Семей губерниялық атқару комитетінің әділет бөлімінің меңгерушісі және төрағасы қызметтерін атқарды. 1921-1922 жылдары Қырғыз АКСР Орталық атқару комитеті президиумының мүшесі, саяси хатшысы, 1922-1923 жылдары «Шолпан» журналының редакциялық алқасының мүшесі болды. 1930 жылы тұтқындалып, қамауда болды. 1932 жылы шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді (1930-1932). 1932-1937 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының доценті, 1932-1938 жылдары Қазақ академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1934-1961 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы болды. 1937-1940 жылдары Қазақ педагогикалық институтында оқытушы 1943-1946 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институтында аға ғылыми қызметкер, 1946-1961 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында қазақ әдебиеті тарихы секторының, ауыз әдебиеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Лениндік сыйлықтың және КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Шерхан МҰРТАЗА, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері
1932 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1953 жылы Мәскеу полиграфия институтын редактор мамандығы бойынша, 1955 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін журналист мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1954-1956 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында техникалық редактор, проза редакторы болды. 1956-1960 жылдары «Лениншіл жас» газетінде аудармашы, әдеби қызметкер, меншікті тілші, редактордың міндетін атқарушының орынбасары қызметтерін атқарды. 1960 жылдан бастап «Социалистік Қазақстан» газетінің сын және библиография бөлімінде әдеби қызметкер, әдебиет, өнер және мәдениет бөлімінде әдеби қызметкер, Алматы облысы бойынша көшпелі тілші, Қостанай облысы бойынша меншікті тілші, өнеркәсіп және көлік бөлімінде лаборант болып жұмыс істеді. 1963 жылдан бастап «Лениншіл жас» газетінің редакторы, 1970-1972 жылдары «Жазушы» баспасының балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жөніндегі бас редакциясының бас редакторы болды. 1971-1972 жылдары «Жалын» журналының бас редакторы қызметін қоса атқарды. 1972 жылдан бастап «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1975 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшысының екінші орынбасары қызметтерін атқарды. 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» әдеби газетінің бас редакторы, 1989-1994 жылдары «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») республикалық газетінің редакторы, «Қазақстан» мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болды. 1994-1995 жылдары Мәдениет, баспасөз, бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық ұйымдар комитетінің мәдениет, әдебиет және өнер жөніндегі кіші комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 1996 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет атқарды.
«Құрмет белгісі» және «Отан» (1999) ордендерімен марапатталған. «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, БЛКЖО сыйлығының, 2000 жылы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты атанды.
Оралхан БӨКЕЙ, жазушы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты
1943 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын аға пионер жетекшісі болып бастап, кейін «Алтайский» кеңшарында тракторшы болып жұмыс істеді. ХХ ғасырдың 60-жылдарының соңында Қазақ мемлекеттік университетін сырттай бітірді. Үлкен Нарын аудандық «Еңбек туы» және Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газеттерінің редакцияларында қызмет атқарды. 1968 жылдан бастап Алматыда тұрып, «Лениншіл жас» жастар газеті мен «Жұлдыз» журналының редакцияларында жұмыс істеді. 1991 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды.
Оның кітаптары неміс, словак, болгар, ағылшын, мажар, араб, қытай, жапон тілдеріне, сондай-ақ бұрынғы КСРО құрамындағы республикалардың тілдеріне аударылып, жарық көрді.
Қайрат ИЩАНОВ, Қазақстан Республикасының саяси және қоғам қайраткері
1950 жылы Гурьев қаласында дүниеге келген. 1980 жылы В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1968-1970 жылдары «Қызыл балық» колхозында балықшы болып бастаған. 1972-1983 жылдары осы колхозда кеме механигі, инженер-құрылысшы, 1983-1984 жылдары Гурьев облысы Балықшы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болды. 1984-1986 жылдары «Қызыл балық» колхозының бас инженері, 1986-1988 жылдары Құрманғазы атындағы колхоз басқармасының төрағасы, 1988-1991 жылдары «Қазанның 70 жылдығы», «Қызыл балық» колхоздарының басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. 1991-1994 жылдары Балықшы аудандық атқару комитетінің төрағасы, атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Балықшы аудандық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 1994-1999 жылдары Жамбыл атындағы колхоздың, өндірістік кооперативтің басқарма төрағасы, 1999-2000 жылдары Атырау облысы мәслихатының хатшысы, 2000-2001 жылдары Атырау облысындағы Жамбыл атындағы өндірістік кооперативтің төрағасы, 2001-2005 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары болды. 2005-2007 жылдары Атырау облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының III шақырылым депутаты, 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының IV шақырылым депутаты, Экономика, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды. 2007-2008 жылдары Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы, 2008-2011 жылдары Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Орталық Азия мемлекеттері ұйымының мүшесі, Литва Республикасының Сеймімен, АҚШ Конгресімен, Румыния Сенатымен, Италия Республикасының Сенатымен, Сауд Арабиясы Корольдігінің Консультативтік кеңесімен (Мәжіліс аш-Шура) ынтымақтастық жөніндегі топтардың мүшесі болды. 2011-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.
«Құрмет» (2005), «Парасат» (2011) ордендерімен және үш медальмен марапатталған.