28 қыркүйек күні елордада өтетін маңызды іс-шаралар аңдатпасы

"ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігі 28 қыркүйек күні Астанада өтетін мәдени және қоғамдық маңызды шаралар аңдатпасын ұсынады.

kazinform.kz
Photo: kazinform.kz

9.00-де Назарбаев университетінде Қазақстандағы климаттың өзгеруі бойынша LCOY Kazakhstan 2023 - Жергілікті жастар конференциясы өтеді. Конференцияны БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының ресми жастар тобы YOUNGO ұйымдастырады.


9.00-де Sheraton Astana қонақ үйінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше және байқаушы мемлекеттердің ресми cыртқы саяси зерттеулер орталықтарының кездесуін өткізеді.

9.20-да №96 мектеп-гимназияда қазақ тіліндегі ABLLS-R сөйлеу және үйренудің негізгі дағдыларын бағалау құралының тұсаукесері өтеді.

10.00-де ҚР Парламент Сенатының отырысы өтеді. Күн тәртібіне Парламент Мәжілісі қабылдаған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң ұсынылады.

11.00-де Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында өзге этнос өкілдерінің жастары арасында «Елім дегендер» атты республикалық байқау жөнінде брифинг өтеді.

12.00-де ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Digital Bridge 2023 халықаралық форумы» өтеді. Спикерлер: ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаменті директоры Ерманов Ерсұлтан Әділетұлы; Astana Hub басқарушы директоры Абрахманова Алина Бауыржанқызы. Көрсетілім сілтемелері: https://www.youtube.com/user/ortcomkz, https://ru-ru.facebook.com/ortcomkz

15.00-де Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде «Елорданың білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша» онлайн брифинг өтеді. Спикер: Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен. Онлайн баспасөз конференциясы Астана қаласы коммуникациялар қызметінің Facеbook-тегі facebook.com/rsk.astana01 ресми парақшасында тікелей эфирде өтеді.

16.00-де «Транспорт Тауэр» ғимаратында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың қатысуымен «Республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы» тақырыбында брифинг өтеді.

17.00-де «Астана Опера» театрында Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінің премьерасына орай баспасөз мәслихаты өтеді.

19.00-де Жас көрермендер музыкалық драма театрында “CHANEL №5” драмасы қойылады.