28 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 28 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

28 қыркүйек, ЖҰМА
Атом саласы қызметкерлерінің күні
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңының 4 бабына сәйкес бекітілді.
Құтыру ауруына қарсы күрестің бүкіләлемдік күні
Құтыру ауруымен күрес жөніндегі (ARC) қайырымдылық ұйымы мен Аурумен күрес және аурудың алдын алу орталықтары (CDC) (Атланта, АҚШ) ұсынысымен өткізіледі.
Құтыру ауруына қарсы күрес бүкіләлемдік күні адамдар мен жануарлар құтыруының зардаптары туралы, сондай-ақ оның алдын алуға және оны қоздырушылармен шектеу орындарындағы жануарлар арасында күресе отырып, тамырына балта шабуға болатыны, тиісті жұмыс жүргізсе қаншалықты жеңіл екені жайлы жұртшылықты хабардар етуге арналған.
Қытай Халық Республикасында Ұстаздар күні
Бұл күн б.з.д. 551 жылы 28 қыркүйекте туған қытайлық ойшыл, алғашқы кәсіби ұстаз Конфуцийдің туған күніне орай белгіленген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикадағы сайлау туралы Конституциялық заң күші бар Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлыққа сәйкес, ел Парламенті 2 палатадан тұратын және кәсіби негізде жұмыс істейтін болып белгіленді.
1996 жылы Алматыдағы Кеңсайда жазушы Оралхан Бөкеевтің зиратына ескерткіш орнатылды.
1999 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді.
1999 жылы Ақтау қаласында Алашорда қайраткері Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіш ашылды.
2000 жылы Алматыда Түркістанға 1500 жыл толуы мен Мәдениетті қолдау жылына орай екі күндік «Әл-Фараби мұралары және әлем мәдениеті» атты Халықаралық конгресс өтті.
Бұл іс-шараға Ресей, Сирия, Иран, Түркия, Орталық Азия елдері мен Қазақстанның жетекші әл-Фарабитанушы мамандары қатысқан.
2001 жылы Астанада Республикалық клиникалық аурухана салтанатты түрде ашылды.
Бұл еңселі медициналық кешен Елбасы Н.Назарбаевтың Астанада медициналық кластер құру қажеттігі жөнінде көтерген бастамасының негізінде және тікелей тапсырмасымен салынған. Клиникада 20 бөлім жұмыс істеп, бір уақытта 240 емделушіні қабылдайды. Бөлім меңгерушілері конкурстық негізде алынған. Мұнда жасалатын барлық диагностика, емдеу жұмыстары еуропалық деңгейдегі, қазіргі заманғы ең үздік стандарттарға сай медициналық құралдармен, зертханалармен, емдеу жабдықтарымен жарақталған. Кешеннің медициналық қызметін Қазақстанның барлық аймағының, Астана қаласының тұрғындары пайдалана алады. Клиника жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.
2005 жылы Астанада қазақтардың ІІІ Дүниежүзілік құрылтайы өтті. Онда шетелдегі қазақ диаспорлары қызметтері мәселелері талқыланды. Құрылтайдың салтанатты бөлімі жаңа «Үкімет үйінде» аталып өтті. Мұнда дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы президиумы төрағасы мен оның орынбасары сайланды. Бірауыздан қауымдастық төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев және оның орынбасары қызметіне Талғат Мамашев сайланды.
2005 жылы Цюрих қаласында Қазақстан-Швейцария қауымдастығы салтанатты түрде ашылды. Қауымдастық екі елдің саясаткерлері мен кәсіпкерлерін біріктіреді, мақсаты -әр түрлі саладағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту.
2005 жылы Алматыда «Қазақфильм» киностудиясының аймағында «Еуразия» кинофестивалі аллеясының іргетасы салтанатты түрде қаланды.
2005 жылы Қостанайда мүгедек балалардың қолынан шыққан көркемдік шығармашылық жұмыстарының көрмесі болып өтті. Көрменің ұйымдастырушысы - облыстық Мәдениет департаменті және Мүгедектер қоғамы. Көрмеге көркемдік жұмыстардан басқа, қолданбалы өнер туындылары да қойылды.
2006 жылы АҚШ-қа ресми сапармен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтондағы Қазақстан Елшілігінің алдына қойылған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік монументін ашты. Бұл шараға АҚШ-тың энергетика министрі С.Бодман мен Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қанат Саудабаев және АҚШ конгресінің мүшелері мен Қазақстан делегациясының өкілдері қатысты.
2006 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қоры тағы бір бірегей жәдігер - Ақсу-Жабағылы қорығында табылған жыл санауға дейінгі VII - IV ғасырларда жасалған металл қазанмен толықты. Тауда омартасы бар Тараз қаласының тұрғыны Сергей Кудриннің көзі жерден шошайып шығып тұрған темір затқа түседі. Сөйтсе ол сыйымдылығы 17 литрлік 15 келі тартатын бірнеше металдардың балқымасынан жасалған қазан болып шықты. Облыстық мұражай мамандарының пайымдауынша, бұл қазан көне заманда Ақсу-Жабағылы қорығының аумағында орналасқан бүтін кешеннің бір бөлшегі болуы мүмкін.
2006 жылы Алғаш рет Алматы зообағына ақ мүйізтұмсықтар әкелінді. Әр мүйізтұмсық құны 40 мың АҚШ доллар тұрады.
2007 жылы Жамбыл облысында дүнген мәдени орталығы ашылды.
2010 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласына сапары барысында еліміздегі мотор майын шығаратын жалғыз зауыттың жұмысымен танысты.
2010 жылы Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің резиденциясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі томдық «Таңдаулы шығармалар» кітабының тұсаукесеррі болды.
2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласында бизнес-форумды ашты. Оның жұмысына жергілікті ірі компаниялар өкілдерімен қатар, олардың Италия, Франция, Испания, Ресей және Иран тағы басқа шетелдерден келген серіктестері қатысты.
2015 жылы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясы аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті.
2016 жылы Алматыдағы Республика сарайында Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Кинокартинаның бас продюсері - Әлия Назарбаева. Фильмнің басты рөлдерін Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов және т.б. сомдады.
2016 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сингапур Парламентінің мүшесі, құрметті аға министр Го Чок Тонгпен кездесіп,тараптар экономика саласындағы түрлі екіжақты келісімдерді талқылады. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев және Го Чок Тонг екі ел арасындағыекіжақты байланыстардың болашақта нығая түсетіндігіне сенім білдірді.
1961 жылы Сирияда әскери төңкеріс болып, ел Біріккен Араб Республикасы құрамынан шықты және өз тәуелсіздігін жариялады.