№28 Мәншүк Мәметова атындағы лицейдің әскери даңқ мұражайы құнды жәдігерлермен толықты

АЛМАТЫ. 20 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры Ұлы Отан соғысы басталған қайғылы күнді еске алуға арнап, соғыс ардагерлері мен жастардың кездесуін өткізді.

№28 Мәншүк Мәметова атындағы лицейдің әскери даңқ мұражайы құнды жәдігерлермен толықты

Онда майдангерлер бұл қасіретті соғыстың басталуы туралы хабарды естіген кездегі естеліктерімен бөлісіп, майдан шебінде жүріп қаза болған достары мен туыстары туралы әңгімелеп берді. бұл шара кезінде  Ұлы Отан соғысы кезіндегі естелік экспонаттар №28 Мәншүк Мәметова атындағы лицейдің әскери даңқ мұражайына тапсырылды.

Бұған дейін қордың қолдауымен Мәншүк Мәметованың 90 жылдығына орайластырылған патриоттық акция өткізілген болатын.  Онда лицейдің үздік оқушылары - «Ұлан» іздестіру жасағының қатысушылары С.Балғымбаев, К.Ахмет, Н.Құлахмет, Е.Аламанов пен А.Хұсайынова 28 мамыр мен 1 маусым  аралығында  Ресейдің Псков облысы Невель қаласында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың жерленген жерде болған еді.  Ол қазақ халқының «Шығыс жұлдызы» атанған қаһарман батыр қызын және Ұлы Отан соғысында қаза тапқан өзге де қазақстандықтарды еске алып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жүзеге асырылды. «Ұландықтар» бұл сапар кезінде  Невельдегі М.Мәметова атындағы мектепке барып, батырдың ескерткіші мен қаза тапқан жеріне гүл шоқтарын қойды. Енді  Мәншүк Мәметованың  қаза болған жерінен табылған Ұлы Отан соғысы кезіндегі  Дегтярев пулеметінің және  ППШ автоматының  дискілері лицей мұражайынан орын теппек.