28 наурыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 28 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
64 жыл бұрын (1960) Қызылорда облысы үстел теннисі федерациясының төрағасы, Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Жұмашұлы ЕРАЛИЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. 1982 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда қаласындағы филиалын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1984-1994 жылдары Қызылорда үй құрылыс комбинатында құрылыс шебері, прораб, монтаждау учаскесінің бастығы болып жұмыс жасаған. 1994-2016 жылдары күріш өсірумен айналысатын және оны өңдейтін «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры болды. 2008 жылдан бастап қоғамдық негізде Облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының президенті болып сайланды. 2011 жылдан бастап - «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2012-2016 жылдары Қызылорда облыстық маслихатының депутаты болды. 2016-2021 жылдары ҚР Парламент Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болып қызмет атқарған.
2013 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен елге жасаған ерен еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Алтын жұлдыз» берілді. «Қызылорда облысының құрметті азаматы», «Қызылорда облысы Сырдария ауданының құрметті азаматы» атақтарының иегері.
«Отан», «Құрмет» ордендерімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталған.
68 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының ардагері Нүрия Құрманқызы СЫНҒАЛИЕВА дүниеге келді.
Астрахан облысының Ахтубинск қаласында туған. 1981 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін «құқықтанушы» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1973-1974 жылдары РКФСР Астрахан облысы Ахтубинск қаласындағы консервілеу зауытының жұмысшысы болды. 1974-1978 жылдары Қазан Төңкерісінің 50 жылдығы атындағы Алматы мақта-мата комбинатында жүн түту машиналарының операторы болды. 1978-1979 жылдары ҚазКСР Жоғарғы сотының машинисі. 1979-1981 жылдары ҚазКСР Жоғарғы сотының хатшы-стенографисі, 1981-1983 жылдары ҚазКСР Жоғарғы соты шағымдар бөлімінің консультанты, 1983-1986 жылдары ҚазКСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының консультанты, 1986-1988 жылдары ҚазКСР Жоғарғы соты 2-ші бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған. 1988-1993 жылдары ҚазКСР, ҚР Жоғарғы сотының кеңес заңнамасын жүйелендіру және нәсихаттау бөлімінің аға консультанты, 1993-1995 жылдары ҚР Жоғарғы сотының рақымшылық жасау туралы қолдаухаттарды қарастыру бөлімінің бастығы, ҚР Жоғарғы сотыныц қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының бас консультанты, 1995-2014 жылдары ҚР Жоғарғы сотының судьясы болып қызмет атқарды.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) мерейтой медальдарымен марапатталған.
67 жыл бұрын (1957) медицина ғылымдарының докторы, профессор Марат Шәдібайұлы АБДОЛЛАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. 1980 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын, 1987 жылы Мәскеу қаласындағы Проктология ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолы: 1980-1983 жылдары Қызылорда облыстық ауруханасында интерн, хирург дәрігері, 1983-1985 жылдары Алматы қаласындағы №1-клиникалық ауруханасында хирург, 1987-1989 жылдары Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында аға лаборант, 1989-2005 жылдары Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасында проктология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2005-2007 жылдары Қызылорда облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры қызметінде болды. 2007-2008 жылдары Алматы дәрігерлер біліктілігін жетілдіру институтында колопроктология курсының меңгерушісі, 2008-2011 жылдары Алматы дәрігерлер біліктілігін жетілдіру институтында амбулаториялық хирургия және колопроктология кафедрасының меңгерушісі, Алматы мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтының колопроктология курсының профессоры қызметін атқарған. 2012-2017 жылдары Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының Орталық клиникалық ауруханасы жанындағы мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры, 2017-2019 жылдары Алматы қаласындағы «№7 қалалық клиникалық аурухана» РМК жанындағы МКҚК директоры, 2019-2020 жылдары Алматы қаласы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының колопроктология орталығының директоры, 2020 жылы Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының меңгерушісі болды.
1998 жылдан бастап Қазақстан проктолог-дәрігерлер қауымдастығының президенті.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
144 жыл бұрын (1880-1924) халық ақыны, әнші-композитор, Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы Мәди БӘПИҰЛЫ дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған.
Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты саңлақтармен кездесіп, өнеге алған. Жала жабылып, абақтыға түскен. Түрмеде елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға налыған Мәди «Қаракесек» әнін шығарды. Бұдан басқа оның «Үшқара», «Шіркін-ай», «Мәди» атты әндері бар. Олардың дені кейін «Қаракесек», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» қазақ операларында пайдаланылды. Мәди 1916 жылы азаттық жолындағы халық көтерілісіне үн қосты. Патшаның жергілікті әкімдерінің озбырлығын әшкерелейтін жырлар толғады. Мәдидің ән мәтіндерінен басқа өлеңдері әлі де жинақталмаған. Оның шығармалары туралы Ахмет Жұбанов зерттеу еңбектерінде, Әлжаппар Әбішев «Найзағай», Әйіп Бектасов «Мәди» атты кітаптарында жазды.