28 НАУРЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 28 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.
28 НАУРЫЗ, ЖҰМА
Әзербайжан ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің күні - Әзербайжан Республикасының ресми мерекесі. Ол Әзербайжан президенті Гайдар Алиевтің 1997 жылы 23 наурыздағы Жарлығымен бекітілген. Себебі дәл осы күні, яғни 1919 жылдың 28 наурызында Әзербайжан Демократиялық Республикасының арнайы қызметінің алғашқы органы - барлау және контрбарлау бөлімі құрылған. Саксон фарфоры күні - 1709 жылы неміс алхимигі Иоганн Бетгер сарай қызметкері Aвгуст Саксонскийге фарфор алу жөніндегі тәжірибелері туралы жазбаларын береді. Ол алған фарфор қытай фарфорынан кем түспейтін еді. Алхимик Дрезденнің түбінен алынатын, париктерге себілетін топырақтың қазір әлемге саксон фафоры деген атаумен белгілі фарфорды дайындауда теңдесі жоқ шикізат болып табылатынын аңғарған. Бүгінде саксон фарфоры осындай бұйым әуесқойлары үшін тым бағалы дүние. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Мәскеуге алғаш рет ресми сапармен барды. Кремльде Қазақстан-Ресей келіссөзінің қорытындысы бойынша саяси, экономикалық, әскери және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастыққа қатысты 23 құжатқа қол қойылды. 17 жыл бұрын (1997) Мәскеуде өткен ТМД басшылары кездесуінде мемлекет басшылары «Тәжік-ауған мемлекеттік шекарасы аймағындағы жағдайды реттеу жөніндегі 1993 жылғы 22 наурыздағы ТМД мемлекеттерінің шешімін ұзарту туралы», «ТМД мемлекеттерінің қазіргі сыртқы шекараларын сақтау және реттеу принциптері туралы декларация», «ТМД елдері Қауіпсіздік және арнайы қызмет органдары басшыларының кеңесін құру туралы» және тағы да басқа құжаттарға қол қойды. 17 жыл бұрын (1997) ТМД-ға қатысушы мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен арнайы қызмет және қауіпсіздік органдары іс-қимылдарын үйлестіру және өзара әрекеттесу мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің арнайы қызмет және қауіпсіздік органдары басшыларының кеңесі құрылды. Аталмыш кеңеске Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдава, Ресей, Тәжікстан және Украина мемлекеттерінің арнайы қызмет басшылары мүше. Кеңес жұмысына бақылаушы ретінде Түрікменстан мен Өзбекстанның өкілдері қатысады. 11 жыл бұрын (2003) құны $160 млн., ұзындығы 448,8 шақырым және бастапқы жылдық қуаты 6 млн. тонна «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының бірінші кезеңі ресми түрде ашылды. Акциясының 51% «ҚазМұнайГаз» компаниясына, ал 49% - CNPC компаниясына тиесілі. 8 жыл бұрын (2006) Павлодарда мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғайтын және қолдайтын қайырымдылық қоры және тұтынушылар құқығын қорғайтын қоғам құрылды. Жаңа ұйымның ұйымдастырушылары - он қоғамдық бірлестік пен партиялар. Қор мүгедектерге, жалғызбасты аналарға, тұрмысы төмен адамдарға және құқықтарына қысым жасалған қала тұрғындарына заңды және материалдық тұрғыдан көмек көрсетеді. 7 жыл бұрын (2007) Петропавлда «Мағжан» әдеби-көркем журналының бірінші саны жарық көрді. Аталмыш бұқаралық басылымда ақынның түрлі жанрдағы қазақ және орыс тіліндегі туындылары жарияланған. Жаңа басылымның басты мақсаты - қазақ поэзиясының дамуына қомақты үлес қосқан, азаматтық пен отансүйгіштіктің үздік қасиеттерін көрсете білген қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын көпшілікке паш ету. Журналдың алғашқы нөмірінде Мағжанның туындылары, ақынға арналған өлеңдер мен эсселер жарияланған. 6 жыл бұрын (2008) Семейдің №16 орта мектебінде аймақтағы бірінші математика ғылымдарының докторы Тілеубай Амановтың мұражайы салтанатты түрде ашылды, сонымен қатар профессордың 85 жылдығына арналған мемориалдық тақта орнатылды. Тілеубай Аманов Қазақ КСР Ғылым Академиясының Математика және механика институтында бірінші болып функция ілімі бойынша ғылыми бөлімшені ұйымдастырып, математиканың осы ілімі бойынша зертхананы құрастырды. Ғалым 1923 жылдың тамызында Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында дүниеге келген. Семей қаласындағы педагогика институтының математика кафедрасын көп жылдар бойы басқарды. 5 жыл бұрын (2009) Алматыда Абылай хан атындағы жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Жаңа кәсiби спорт клубы бокс жаттығуларына, таэквондо және шығыс жекпе-жектерiне, каратэ, кунг-фу, дзюдо, айкидо, күрес, самбоға, сондай-ақ әйелдер мен балаларға арналған, фитнес, йога жаттығуларын жүргiзуге, пилатес, шығыс билері, бала гимнастикасы, аэробика бағдарламаларына арналған залдардан тұрады. ЕСІМДЕР 154 жыл бұрын (1860-1924) халық ақыны, әнші-композитор, Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы Мәди БӘПИҰЛЫ дүниеге келді. Қарағанды облысында туған. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты саңлақтармен кездесіп, өнеге алған. Жала жабылып, абақтыға түскен. Түрмеде елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға налыған Мәди «Қаракесек» әнін шығарды. Бұдан басқа Мәдидің «Үшқара», «Шіркін-ай», «Мәди» атты әндері де жан сезімін, көңіл күйлерін бейнелейтін шабытты шығармалар. Бұл әндердің біразы кейінгі «Қаракесек», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» атты қазақ операларында пайдаланылды. Мәди 1916 жылы азаттық жолындағы халық көтерілісіне үн қосты. Патшаның жергілікті әкімдерінің озбырлығын әшкерелейтін жырлар толғады. Мәдидің ән мәтіндерінен басқа өлеңдері әлі де жинақталмаған. Оның шығармалары туралы Ахмет Жұбанов зерттеу еңбектерінде, Әлжаппар Әбішев «Найзағай», Әйіп Бектасов «Мәди» атты кітаптарында жазды. 91 жыл бұрын (1923-2004) заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері БАСИН Юрий Григорьевич дүниеге келді. Украинада туған. Алматы заң институтын бітірген. 1950 жылдан Алматы заң мектебінде дәріс берген. 1952-1992 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің ассистенті, доцент, профессор, азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң факультетінің деканы. 1992-2004 жылдары «Әділет» жоғары құқық мектебін құрушылардың бірі, профессоры болған. Ғалым Қазақ КСР Азаматтық құқығының авторларының бірі. Оның 300-ден астам ғылыми жарияланымы жарық көрген. «Қызыл Жұлдыз», 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 65 жыл бұрын (1949) тарих ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері САРИЕВА Рысты Халесқызы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Орал педагогикалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін, Плеханов атындағы Ресей экономика академиясының менеджерлер даярлау курсын бітірген. 1974-1997 жылдары Торғай облысының партия және кеңес органдарында, Қазақстан Президентінің аппаратында, Торғай облысының әкімшілігінде әр түрлі қызметтер атқарды. 1997-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық мұрағатының директоры. 2000-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті бастығының орынбасары, Мұрағаттарды басқару комитетінің төрайымы қызметтерін атқарған. 2005-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының бас директоры болып қызмет атқарды. Оның «Текті Торғай» атты кітабы, тарих пен мәдениет мәселелеріне арналған 100-ден аса мақаласы жарық көрген. Сондай-ақ ол анықтамалық сипаттағы басылымдар мен терминдер сөздігін әзірлеуге қатысқан. 59 жыл бұрын (1955) Павлодар мемлекеттік университетінің бірінші проректоры - стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры ШАЙМАРДАНОВ Жасұлан Құдайбергенұлы дүниеге келді. Павлодар қаласында туған. Павлодар педагогикалық институтын бітірген. 1977-1996 жылдары - Павлодар педагогикалық институтының лингафон кабинетінің меңгерушісі, оқытушы, тәлімгер-зерттеуші, проректоры. 1996-2004 жылдары - Павлодар мемлекеттік университетінің проректоры, бірінші проректоры. 2004-2007 жылдары - Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры. 2007-2011 жылдары - Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры. 2011-2012 жылдары - ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры. Қазіргі қызметінде - 2012 жылдан бері. «Құрмет» орденімен, медальмен марапатталған. 50 жыл бұрын (1964) Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры басқарма төрағасы ДОСЖАН Ардақ Дүкенбайұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. М.Горький атындағы Мәскеу әдебиет институтын бітірген, әдеби қызметкер; Мәскеу әлеуметтік институтын бітірген, заңгер. 1987-1995 жылдары - «Ленинская смена», «Экспресс К» газетінде тілші, бас редактордың орынбасары, бас директор. 1995-1997 жылдары - «Панорама» газеті баспагері -директорының бірінші орынбасары. 1997-1999 жылдары - ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінің Салық полициясы комитетінің 8-ші басқарма бастығының орынбасары. 1991-2001 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары - үкіметтік ақпарат бөлімінің меңгерушісі, «Хабар» агенттігі» ЖАҚ ақпараттық-талдау бөлімінің бастығы, ақпараттық бағдарламалар директоры. 2001-2003 жылдары - ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі. 2003-2004 жылдары - ҚР ақпарат вице-министрі. 2004-2006 жылдары - ҚР мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі, мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2006-2008 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі. 2008-2010 жылдары - ҚР Әділет министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы. 2010-2011 жылдары - ҚР Мәдениет министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2012 жылдан бері. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медалімен марапатталған. 44 жыл бұрын (1970) Қостанай облысы сот актілерін атқару департаментінің бастығы БИМЕНДИН Нұржан Дастенұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу комитеті Әскери қылмысты ұйымдастыру басқармасының бастығы қызметін атқарған. 2009-2010 жылдары - ҚР ІІМ Заң департаментінің бастығы. 2010-2012 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2012 жылдың қазанынан бері. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл»; «10 лет Астаны» медальдарымен, ведомстволық төсбелгілермен марапатталған. 422 жыл бұрын (1592-1670) чех педагогы, гуманист, педагогика ғылымдарының негізін салушы Ян Амос КОМЕНСКИЙ дүниеге келді. 146 жыл бұрын (1868-1936) орыс жазушысы, драматург ГОРЬКИЙ Максим (шын аты-жөні Пешков Алексей Максимович) дүниеге келді. Ресейде туған. Ол өз бетінше оқып білім алған. 1888-1889 және 1891-1892 жылдары Ресейді жаяу аралап, халықтың тұрмысымен жақын танысқан. 1892 жылы «Макар Чудра» атты алғашқы әңгімесін жарыққа шығарған. «Очерктер мен әңгімелер» деп аталатын тұңғыш шығармалар жинағы 1899 жылы жарық көрген. «Изергиль кемпір», «Сұңқар туралы жыр», «Дауылпаз туралы жыр» атты романтикалық сарындағы шығармалары оның суреткерлік қарымын танытты. Жазушының қаламынан туған «Ана», «Артамоновтар ісі», «Клим Самгиннің өмірі» романдары, «Менің университеттерім» повесі, «Егор Булычев және басқалар», «Васса Железнова» пьесалары және басқа да шығармалары дүниежүзіне кең тараған. Ол «Әлем әдебиеті» баспасын ұйымдастыруға, Кеңес одағы жазушыларының 1-ші съезін өткізуге, ұлттық әдеби мұраларды жинап, ұлт зиялыларына қамқорлық жасауға ұйытқы болды. 89 жыл бұрын (1925-1994) кеңестік және ресейлік актер, КСРО халық әртісі СМОКТУНОВСКИЙ Иннокентий Михайлович дүниеге келді. 46 жыл бұрын (1968-2004) американдық жазушы, тарихшы, журналист Айрис ЧАН дүниеге келді.