28 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 28 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 28 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

28 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ  КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

28 шілде, СЕНБІ

Перу Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821). Перу - Оңтүстік Американың батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Эквадор, Колумбиямен, шығысында Бразилия, Боливиямен, оңтүстігінде Чилимен шектеседі. Астанасы - Лима қаласы. Ресми тілі - испан, кечуа және аймара тілдері. Ақша бірлігі - нуэво соль. Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1997 жылғы ақпанның 6-ында орнатылды.

PR-маманы күні. 2003 жылы шілденің 28-інде Ресей Федерациясының еңбек және әлеуметтік даму министрі Жалпыресейлік жұмысшылар кәсібін, қызметкерлер лауазымын және тарифтік дәрежесін жіктеушімен жұртшылықты байланыстырушы мамандардың біліктілік сипаттамасын енгізу туралы қаулыға қол қойды.

Кәсіпті мемлекеттік тіркеу үдерісі 2001 жылы Ресей жұртшылықпен байланыс қауымдастығының бастамасымен басталды. PR - ұйымның негізгі бизнесін дамытуға мүмкіндік беретін  маркетинг, жарнама сияқты мәртебеге ие болды. 2004 жылы шілденің 24-інде Ресей PR-қауымдастығы кәсіптің мемлекеттік тіркелген күнін атап өтті. Сол кезден бастап  PR-маман күнін жыл сайын атап өту дәстүрі қалыптасты.

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1992) Брюссельде Қазақстан Республикасымен Еуропалық Комиссия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы нота алмастыру рәсімі өтті.

9 жыл бұрын (2003) ҚР Ұлттық банкі номиналы 10 000 теңгелік банкнотты айналымға енгізді.  2007 жылдың мамыр айында Бангкокте  өткен банкноттар мен шақалар жасаудың технологиясына, оларды қорғаудың осы заманғы элементтеріне, қолма-қол ақшаның әртүрлі елдердегі айналымы проблемаларына арналған Currency конференциясында 
2006 жылы қарашада шығарылған қазақстандық 10 000 теңгелік банкнот «Таңдаулы жаңа банкнот» аталымында бірінші орынға ие болды.

12 жыл бұрын (2000) Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының стратегиялық мүддесінде ерекше маңызы бар ұйымдар мен нысандардың қызметін мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету мақсатында жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлік нысандарының тізбесі туралы Жарлыққа қол қойды.

53 жыл бұрын (1959) Англияда пошта коды енгізілді және автоматты сұрыптау машинасы орнатылды.

7 жыл бұрын (2005) Оралда «Соқпақ-Тропинка» ғылыми-әдiстемелiк журналдың бiрiншi саны жарық көрді.

Журнал қазақ және орыс тілдерінде басылып шығарылады. Оның бірінші саны педагогикалық жұмыстардың тәжірибесі, балалардың жазғы саяхаты, мектеп білімінің методикасы, қоршаған ортаны қорғау, өңірдің тарихы және психология тақырыптарын қамтыды. Журналдың басты мақсаты жас ұрпақты отан сүйгіштік сезімге тәрбиелеу болып табылады.

5 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білім саласында қоғамдық қатынастарды реттеуге, осы саладағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын анықтауға және Қазақстан Республикасы азаматтары, сондай-ақ елімізде тұрғылықты тұратын шетел және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған «Білім туралы» Заңға қол қойды.

3 жыл бұрын (2009) «Ертіс» ӘКК және «Теньши» ЖШС кесек сөндірілмеген әк өндірісін өндіру жобасы бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қойылған құжатқа сәйкес «Ертіс» ӘКК жобаға қатысқан жағдайда әк зауытының дамуына өз үлесін қосып, тауарды қазақстанның және шетелдің нарығына өткізуге көмек көрсету керек.

43 жыл бұрын (1969) Жамбыл облысында Жаңатас қаласының іргетасы қаланды. Жаңатас - Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы. Қала тарихы фосфорит өндірісінің жандануымен тікелей байланысты.

2 жыл бұрын (2010) Алматыда Мега ойын-сауық кинотеатрында тұңғыш рет «Балаларға өмір сыйла!» деп аталатын қайырымдылық туралы түсірілген деректі фильмнің тұсауы кесілді. Деректі фильмнің режиссері - Игорь Гонопольский, авторы - Жанна Балақаева. Аталмыш шығарма «Мейірімділік» «Еріктілер қоғамы» қоғамдық қорының «Балаларға өмір сыйла!» деп аталатын акциясы аясында түсірілген. Бұл шара 2007 жылы ақпан айында басталған болатын.

Фильм қайырымдылық деген түсінікке жауап береді. «...Қайырымдылық қорлар қалай жұмыс істейді? Қаражаттар қайда барып жатыр? Қайырым көрсету қалай тартылады? Олар жалпы кімдерге көмектесуде, сол балаларға көмектің қажет екендігіне қалай сенуге болады? Көмек берілгеннен кейін не болды? Ол балалар қалай өмір сүруде және оның ата-аналары көмек берген адамдарға не айтқысы келеді?...» дегендей. Міне, осы сұрақтардың бәріне бүгінгі фильм жауап бере алады. Таныстырылым барысында сонымен қатар, танымал суретші Жанарбек Аманқұловтың «Рахмет, Сіз маған өмір сыйладыңыз» деп аталатын күнтізбенің тұсауы кесілді. Онда түрлі операциялардан кейін сауығып кеткен, дені сау балалардың суреттері енгізілген. Шараға фильмнің басты кейіпкерлері болған балалар және олардың ата-аналары, еріктілер, қоғам қайраткерлері, Бүқаралық ақпарат өкілдері, көмек көрсеткен дәрігерлер мен компаниялар қатысты.

426 жыл бұрын (1586) Англияға картоптың түйнектері жеткізілді. Оны өзінің отанына Колумбиядан ағылшындық Томас Хэрриот алып келді. Ағылшындықтар картоптың дәмін алғаш татыған да, оны еуропалық асхананың негізі еткен де солар деп есептейді.

98 жыл бұрын (1914) адамзат тарихындағы қаруланған ең ірі қақтығыстардың бірі - Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Соғыстың басталуына 1914 жылдың 28 маусымы күні австриялық эрцгерцог Франц Фердинандты  сербиялық студент Гаврил Принциптің өлтіруі себеп болды. Гаврил Принцип барлық оңтүстікславяндық халықтарды бір мемлекетке шоғырландыру үшін күрескен «Млада Босна» жасырын ұйымының мүшесі болды.

161 жыл бұрын (1851) әлемде алғаш рет күннің толық тұтылуы суретке түсіріліп алынды (дагерротипке түсірілді).

150 жыл бұрын (1862) АҚШ-тың Монтано штатында алтын табылды, бұл халық арасында алтын дүрлікпесін тудырды.

 144 жыл бұрын (1868) қытайлықтардың АҚШ-қа шектеусіз иммиграциясына рұқсат етілді.

134 жыл бұрын (1878) Варна орыс әскерлерімен Осман империясынан азат етілді.

116 жыл бұрын (1896) Флоридада Майами қаласы құрылды.

112 жыл бұрын (1900) Луи Лэссинг (Коннектикут) гамбургерді ойлап шығарды.

96 жыл бұрын (1916) Англияда опиум мен кокаиннің импортына тыйым салынды.

86 жыл бұрын (1926) Бельгияда қаржы дағдарысы болды. Франктың девальвациясы болып, король Альберт І-ші үкіметке 6 айға төтенше өкілеттік берді.

84 жыл бұрын (1928) Амстердамда салтанатты түрде ІХ Олимпиада ойындары ашылды.

48 жыл бұрын (1964) Мао Цзэдун Никита Хрущевтың Коммунистік және жұмысшылар партиясының халықаралық конференциясына қатысу ұсынысын қабылдамады.

34 жыл бұрын (1978) алтынның бағасы алғаш рет унциясы үшін 200 доллар межесінен асып түсті.

23 жыл бұрын (1989) Мозамбик үкіметі мемлекеттік идеология ретінде марксизмнен бас тартты.

20 жыл бұрын (1992) Ауғанстанда әйелдерге телеарналарға шығуға тыйым салынды.

 17 жыл бұрын (1995) үндістан үкіметі Бомбей қаласын Мумбайға ауыстыру туралы шешім қабылдады.

 

ЕСІМДЕР

64 жыл бұрын (1948) заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі НҰРТАЕВ Рамазан Тұяқұлы дүниеге келді.

Қазіргі Астана қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, Алматы мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі болған. 1997 жылдан Қазақ мемлекеттік заң университетінің факультет деканы қызметін атқарады. 30-дан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 3 монографияның, 1 оқу құралының авторы.

64 жыл бұрын (1948) медицина ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі ӘБІЛҚАСЫМОВ Ерасыл дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Алматы мемлекеттік медицина институтында, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінде, Алматы қаласындағы емханаларда істеген. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Медицина ғылымдары академиясының жетекші, бас ғылыми қызметкері. 1999-2001 жылдары - Денсаулық сақтаудың медициналық және экономикалық проблемалары ғылыми орталығының зертхана меңгерушісі, директоры. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік мәдени даму комитетінің, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болған. Бірнеше кітаптың, 70-тен астам ғылыми еңбектің авторы.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.  

76 жыл бұрын (1936) Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, 3- сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі БАЙМҰХАМЕТОВ Иртай Делмағамбетұлы дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Қостанай облысы Жетіқара ауданаралық прокуратурасының тергеушісі, Қостанай облысы прокуратурасының аға тергеушісі, прокурор көмекшісі, Федоров ауданының прокуроры, Қостанай облыстық прокуратурасының бөлім бастығы қызметтерін атқарған. 1970-1975 жылдары - Қостанай облыстық атқару комитеті Әділет басқармасының бөлім бастығы. 1975-1985 жылдары - Қазақ КСР-і Әділет министрлігінің бөлім, басқарма бастығы. 1988-1993 жылдары - Алматы облысының прокуроры. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлім бастығы. 1995 жылдан бері зейнет демалысында. Қазақстан Республикасы Парламенті Аппаратында консультант болып жұмыс істеген.

Медальмен, Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

66 жыл бұрын (1946-2006) философия ғылымының докторы, профессор ОРЫНБЕКОВ Мұқанмадияр Серікбекұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым Академиясы Философия институтының аспирантурасын бітірген. 1972-1995 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының ғылыми қызметкері, аға, жетекші, бас ғылыми қызметкері, қазақ философиясы бөлімінің меңгерушісі. 1995-2006 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі болған. Ғалымның бірнеше кітабы және 60-тан астам жарияланымы бар.

51 жыл бұрын (1961) «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы, экономика ғылымының кандидаты ПАЛЫМБЕТОВ Болат Әбілқасымұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ политехника институтын, Еуразия нарық институтын бітірген. 1990-1991 жылдары - «Қайсар» өндірістік кешені төрағасының орынбасары, Республикалық жүйелі зерттеулер орталығы қолданбалы зерттеулер бөлімінің меңгерушісі. 1991-1992 жылдары - «Жастар» жастар қоры кеңесінің төрағасы, «Олжа» шағын кәсіпорны директорының орынбасары. 1992-1993 жылдары - Алматы қалалық жастар ісі комитеті экономика бөлімінің меңгерушісі, «Астана-Полис» сақтандыру фирмасының директоры. 1993-1997 жылдары - «Астана-Инвест» инвестициялық жекешелендіру қорының басқарушысы. 1997-1998 жылдары - «Астана-Холдинг» Корпорациясы» ЖАҚ-ының президенті, бақылау кеңесінің төрағасы. 1998-1999 жылдары - «Қазақстан халықтық жинақ банкі» ААҚ басқармасы төрағасының орынбасары. 1999-2001 жылдары - Атырау облысы әкімінің орынбасары. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика және сауда вице-министрі, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ бас директорының орынбасары, бас директоры, «Мұнай және газ тасымалдау» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бас директорының бірінші орынбасары. 2002-2006 жылдары - Маңғыстау облысының әкімі. 2006 жылы - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. 2007 жылы - «Меркурий» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 2007-2010 жылдары - «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының басқарма төрағасы. 2010-2011 жылдары - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары - басқарушы директоры. «ҚазПетроМаш» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.

«Құрмет», 3-дәрежелі «Ерен еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған.

51 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Төрағасының бірінші орынбасары ЛУКИН Андрей Иванович дүниеге келді.

1961 жылы туған. Целиноград инженер-құрылыс институтын, Қарағанды Мемлекеттік университетін бітірген, заңгер.
1985 - 1998 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі органдарында қызмет өткерген. Ақмола қаласы Шығыс ішкі істер бөлімінің бастығы, Ақмола қаласы Ішкі істер басқармасының бастығы, Мемлекеттік Тергеу Комитетінің бастығы.
1998 жылғы мамыр - 2003 жылғы шілде аралығында - Астана қаласы Тұрғын үй департаментінің бастығы, 2003 жылғы шілде - қыркүйек аралығында - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Әкімшілік және құқық жұмысы департаментінің директоры, 2003 жылғы қыркүйек - 2005 жылғы сәуір аралығында - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі.
2005 жылғы сәуірден - Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Төрағасының орынбасары.
Қаржы полициясының генерал-майоры.

Марапаттары:
- ІI дәрежелі «Даңқ» ордені;
- «Қазақстан Констиуциясына 10 жыл» мерейтойлық медалі;
- «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалі;
- «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалі;
- «Астана» медалі;
- «ҚР Ішкі істер министрлігіне 15 жыл» мерейтойлық медалі;
- «Қазақстан Республикасының қаржы полициясына 15 жыл» қаржы полициясы органдарының төсбелгiсi;
- Украинаның Мемлекеттік салық әкімшілігінің «Салық органдарына жәрдемдескені үшін» төсбелгiсi;
- "Социалистік меншікті тонауға қарсы күрес қызметіне 70 жыл";
- "10 жыл мінсіз қызметі үшін» (КСРО Ішкі істер министрлігі).

41 жыл бұрын (1971) «Астана Су Арнасы» МКК бас директоры ДОСАЕВ Уәлихан Маратұлы дүниеге келді.

Целиноград қаласында туған. 1995 жылы С.Сейфуллин атындағы Ақмола университетін, 2004 жылы Ресей-Қазақстан заманауи гуманитарлық университетін бітірген.

2012 жылдың қаңтарында Астана қалалық мәслихатына депутат болып сайланды.

52 жыл бұрын (1960) «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры ОМАРХАН Ғалым Орынбасарұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Темірлан аулында дүниеге келген. 1984 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1984-1996 жылдары  Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде тілші, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі. 1996-2000 жылдары  Павлодар облыстық телерадиокомпаниясында бас редактордың орынбасары, бас редакторы. 2001-2003 жылдары  Павлодар облысы әкімдігінің консультанты-бас маманы. 2002-2003 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі. 2003-2004 жылдары  «Қазақстан-Павлодар» телекомпаниясы директорының орынбасары. 2004-2007 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті телерадиохабарларын тарату қызметінің бастығы. 2007-2009 жылдары республикалық «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары.  2009 жылдың маусымнан «Қазақстан» РТРК АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры.

ҚР Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы сыйлығының лауреаты. Астананың тұсаукесеріне орай дайындаған телехабарлары үшін 1998 жылы «Астана» медалімен марапатталды.

40 жыл бұрын (1972) «БТА Ипотека» Ипотекалық ұйымы» АҚ президенті ҚҰСАЙЫНОВ Сағындық Аманкелдіұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Аталған қызметінде 2005 жылдан бері.

55 жыл бұрын (1957) Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары КӨКРЕКБАЕВ Кәрім Нәсбекұлы дүниеге келді.

32 жыл бұрын Қарағанды облысы Шахтинс қаласының әкімі НАҒАСПАЕВ Ерсайын Қайырғазыұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қазіргі қызметінде 2011 жылдан бастап.